Бюрократиясыз бизнесті бағыт етеді
Бюрократиясыз бизнесті бағыт етеді
378
оқылды
Кеше Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың төрағалығымен мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бағытында талдау жұмыстарын жүргізу бойынша кеңес өткізілді. Іс-шараға Қаржы, сауда министрліктерінің және олардың аумақтық бөлімшелерінің, республикалық маңызы бар қала, облыс әкімдіктерінің басшылары, Астана мемлекеттік қызмет хабының сарапшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, азаматтық және бизнес сектордың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бағытында жұмыс топтарының алдағы уақытта жүргізетін талдау алгоритмі талқыланды. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында талдау жұмыстары қаржы және сауда салалары, оның ішінде кәсіпкерлікті жүргізу бағыттары бойынша өткізіледі. Жиын барысында Дархан Жазықбаев «Мемлекеттік ор­гандардағы бюрократия – бизнесті дамытудағы басты кедергілердің бірі болып отырғанын» атап өтті. Жоспарланып отырған жұмыстардың негізгі нәтижесі шағын және орта бизнесті қолайлы жүргізуді қамтамасыз етуге тікелей әсерін тигізу керектігі айтылды. Талдау жүргізу үшін қаржы және сауда салаларында орталық және өңірлік деңгейлерде жұмыс топтары құрылған. Жұмыс топтарының құрамына Агенттіктің, салалық министр­ліктердің және олардың аумақтық бөлімшелердің басшылары, азаматтық және бизнес сектор өкілдері, сарапшылар мен заңгер­лер – жалпы 1300-ден аса тұлға кірді. Талдау жұмыстары қаржы саласында – 1500-ден астам (1663) функцияны, сауда саласында – 400-ге жуық (397) функцияны қамтымақ. Жоспарланып отырған жұмыс республикалық деңгей­де – 54 мемлекеттік органдар мен ұйымдарда өтеді, өңірлерде бұл сан – 1 123-ке дейін жетеді.