Еліміз Африкаға, тіпті атам қазақ атын естімеген Гэрнси, Аруба, Джерси, Мен және басқа арал елдерге қарыз болып қалды. 16,4 миллиард доллардың қарызы бойынша ақпаратты Ұлттық банктің өзі білмейді. Биылғы республикалық бюджеттің 20,5 пайызы тура не жанама түрде сыртқы қарызды өтеуге шығындалғалы тұр. Жоғары аудиторлық палата болашақта мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 45 пайызына жетеді деп дабыл қақты. Бүгінде мемлекеттік борыш мәселесі қайтадан күн тәртібіне шыға бастады. Себебі салада алаңдататын жайт көп екені анықталды.
Ұлттық банктің егжей-тегжейлі ресми есебіне жүгінсек, еліміздің сыртқы борышының көлемі 2022 жылғы 1 қазанда 161 миллиард долларға жетті. Бұл ретте Қазақстанның қарыз болмаған елі қалмағандай. Мысалы, Оңтүстік Африка республикасына да 86 миллион доллар қарызы болып шықтық. Тіпті, Ауғанстанға да қарыздармыз. Оффшор саналатын Бермуд аралдарына ғаламат 9,4 миллиард, ал Виргин аралдарына 2,9 миллиард доллар борыш болып қалғанымыз түсініксіз.
Республиканың Қытай алдындағы берешегі 9,4 миллиард доллардан асты. Ресейге қарызымыз – 15,3 миллиард доллардан артық. Қазақстанның ең көп қарызы дамыған елдерге тиесілі.
Ұлттық банктің есебінде қазақ елі қол жайып, қарызданып, қауғаланып жүрген 184 ел көрсетілген. Оның ішінде тәуелсіз мемлекет емес, тек әлдебір алпауыттың отары саналатын жұрттар да жетерлік.
Тағы бір тіксінтетін жайт бар: Ұлттық банк дерегінше, Қазақстан алған барлық 161 миллиард доллар қарыздың небары 27 пайызы немесе 44 миллиарды ғана бекітілген сыйақы ставкасымен беріліпті. Бар-жоғы 12 пайызы немесе 18 миллиардын беделді мемлекеттерге ұсынылатын «нөлдік ставкамен» ала алған.
Қазақстандық борыштың басым бөлігі: 58 пайызы немесе 93,4 миллиард доллардан астамы құбылмалы сыйақы мөлшерлемесімен алыныпты. Қазіргі дағдарыс пен белгісіздік жағдайында мұндай қарыздың сыйақысы өсу жағына қарай құбылатыны айтпаса да түсінікті. Аумалы-төкпелі заманда құбылмалы ставка геосаяси ойындардың бір құралына айналып, қазақстандық экономикаға жойқын соққы берсе, арты не боларын болжаудың өзі қорқынышты...
Өзімізді жарытпай, басқаны байыта ма?
Тағы 4 млрд 720 млн доллар мемлекеттік қарыздың қандай мөлшерлемемен алынғанын Ұлттық банк білмейтін болып шықты. Өйткені ол қарыздардың түрі және сыйақы ставкасы туралы ақпарат жоқ.
Қазақстанның халықаралық қаржылық ұйымдар алдындағы қомақты қарызы да әрі өсіп барады.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтовтың мәліметінше, 2023 жылдың басында тек Үкіметтің өзінің сыртқы қарызының сомасы 7,8 триллион теңгеден асты. Оның ішінде бестен бір бөлігі немесе 21 пайызы Халықаралық қайта құру және даму банкі алдындағы қарыз. Азия даму банкіне борыштың 6 пайызы үлесі немесе 908 миллиард теңге тиесілі. Ал Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алынған қарыздың үлесі 4 пайызы немесе 326 миллиард теңге.
Сонымен бірге, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің өзі айтқандай, Қазақстанның ішкі қаржыландыру көздері жете пайдаланылмады. Мәселен, бір ғана Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 15 триллион теңге жатыр. Дұрысы жай жатқан жоқ, өзге мемлекеттердің құнды қағаздарына салынған, яғни, бөтен елдердің дамуына үлес қосуда.
Мұның сыртында отандық екінші деңгейдегі банктерде 14 триллион теңгеден астам қаражат жинақталған. Олар оның үлкен бөлігіне биржадан доллар сатып алып, бір жағынан АҚШ алпауыттың өрлеуіне ықпал етеді, екінші жағынан ұлттық валютамызға қысым жасап, девальвацияға серпін береді.
Сорақысы сол, Қазақстанның мемлекеттік борышы өскен сайын оны өтеуге шығындалатын бюджет қаржысы да еселеп артады. Айталық, әлдебір отағасы әр жерден қаптатып қарыз ала берсе, онда оның және отбасы мүшелерінің табысының салмақты бөлігі сол берешекті өтеуге кетеді ғой. Егер қарызын төлемесе, банктер, жеке сот орындаушылары, коллекторлар және басқасы ізіне шам алып түседі, есепшоттары мен карталарын бұғаттайды, бағалы мүлкін, заттарын тартып алады, бейбіт, бақуатты өмір сүруіне мүмкіндік қалдырмайды.
Дәл осы сияқты мемлекеттерден қарызын өндіртетін халықаралық құралдар бар. Қарызы қордаланған елдер міндетті түрде халықаралық институттардың мамандарын жалдап, кеңес-консультациялық, аудиторлық және басқа қызметтеріне де қосымша шығындалуға мәжбүр. Мұны борышқа қызмет көрсету деп атайды: ол қызметтер борышты ондаған миллион долларға ұлғайтады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның заемдарын өтеу және соған қызмет көрсету шығыстарының 1,5 есе өскені белгілі болды. Бұл шығын 2023 жылы бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 20,5 пайызын құрайды. Қарыз болса, тоқтаусыз өсіп барады. Нақтыласам, егер 2022 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанның бүкіл мемлекеттік борышы 21,9 триллион теңге болса, ал биылғы 2023 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік борыштың сомасы 25,3 триллион теңгеге дейін шарықтаған. Бірден 15 пайызға өсіп отыр», – деді сенатор Шәкәрім Сабырұлы.
Жоғары аудиторлық палатаның болжамынша, алдағы 25 жылда Қазақстанның мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 45 пайызына жетуі мүмкін. Дамушы ел үшін бұл аса қауіпті меже.
Палатаның тегеуріні байқалмайды
Негізі, сыртқы қарыздың өспеуін Жоғары аудиторлық палата мұқият қадағалап, шектен шығынды бақылауы керек еді. Саяси жаңғыру мен Ата заңға өзгерістер арқасында ведомство атауын Есеп комитетінен Жоғары аудиторлық палатаға (ЖАП) ауыстырғанымен, баяғы сол шабан қимылынан, мимырт тірлігінен жаңылмағаны аңғарылады. Оған берілген қуатты құзырет пен тегеурінді тетік атаулы палатаның төрайымы Н.Годунова ханымның тартпасында шаң басып жатқанға ұқсайды.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель мемлекеттік қарызды басқару, бақылау және түзу дәл осы палатаның негізгі қызметі екенін растады. Дегенмен палатаның биліктің шектен қарызқұмарлығын құрықтамай, қалғып отырғаны түсініксіз.
Масқара болғанда, Есеп комитеті үш жылдан артық уақыттан бері Қазақстанның сыртқы қарызына кең ауқымды аудит жүргізбепті. Ведомство өзінің негізгі міндетіне осылай жүрдім-бардым қараса, басқаларынан не үміт, не қайыр?
– Шынында, мемлекеттік қарызды басқару, түзу біздің негізгі міндетіміз. Қызметіміздің осы бағытын жүзеге асыру үшін жыл сайын Парламентке мемлекеттік қарызға қатысты ахуалды талдауды ұсынамыз. Енді Сенаттың ұсынымына сәйкес, мемлекеттік қарызға және квазимемлекеттік сектор борышына кешенді аудит жүргізуді жоспарлап жатырмыз. Ол аудит сәуір айына белгіленді. Біз дәл осындай кешенді аудитті 2019 жылы ғана жүргіздік, – деді Жоғарғы аудиторлық палата мүшесі Юлия Энгель.
Оның мәліметінше, сарапшылар басқа тұрмақ, тіпті Үкіметтің мемлекеттің сыртқы қарызын есепке алуынан да, оны есептеу бойынша әдістемесінен де мін тауып, сынға алды. Сонымен бірге осы бағыттағы ковенанттарды қалыптастыру ісінің ашық жүргізілмейтіні анықталған.
«Өкінішке қарай, бүгінде тәуекел бар. Сондай-ақ сырттан тартылған қарыз қаражатты игеруге қатысты мәселелер туындайды. Былтыр біз сыртқы борыш қаржыға қолға алынған 12 жобаны қарап шықтық. Сонда қарызға сұралған сомалардың бір бөлігінен бас тарта салу үрдісі белең алғанын байқадық. Бұл да бюджетке шығын. Яғни, шетелден шынында қажет емес мақсаттарға қарыз алынған. Бұған қоса, заемды уақытынан көп бұрын алып қойып, жобаны бастауды кешіктіру де кездеседі. Жоба сол бойы қолға алынбаған соң, оған алынған несиеден де амалсыз бас тартады. Осы орайда сыртқы заем қаражаттарды игеру төмен деңгейде екенін көріп отырмыз. Салдарынан, мемлекетке контрактілерді бірнеше рет ұзартуға тура келеді», дейді Жоғарғы аудиторлық палатаның мүшесі.
Несие мерзімі ұзаған сайын оған кететін шығынның артатынын тіпті қарапайым адам да жақсы біледі. Мысалы, ипотеканы ұзаққа, 25 жылға алсаңыз, екі пәтердің құнын төлейсіз. Халықаралық қаржылық ұйымдар да ең көп пайдасын дамушы елдердегі ұзақмерзімді жобалардан табатыны мәлім.
Баяғы жартас, сол жартас...
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, мемлекеттік қарыздың өсуіне әлемдегі ауыр геосаяси ахуал ықпал етіп отыр. Бұл ішкі қаржы көздерінен тартылатын қарызды да қымбаттатып жіберген екен.
«Бүгінде дүниежүзінде инфляцияның деңгейі өте жоғары. Тиісінше, базалық ставка да барлық жерде өте жоғары. Яғни бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін сырттан қарыз алу да, іштен қарыз алу да бюджетке өте қымбатқа түсіп жатыр. Болашақта жаһанда инфляция азайса, ставка да төмендейді, сонда бұл жүктеме біршама азаятын болады», – деген ұстанымда қаржы ведомствосы.
Қаржы министрлігі мемлекеттік борышты кеміту үшін біріншіден, бюджет тапшылығын бірте-бірте азайту қажет деп санайды. 2023 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы 2,7 пайызға немесе 3,2 триллион теңгеге жетті. Министрліктің дерегінше, сыртқы қарызды өтеу және тапшылықты қаржыландыру үшін осы үш жылда 5,7 триллион теңге қажет болады.
Екіншіден, Үкімет көлеңкелі экономиканы тиімді түрде азайтуы тиіс. Бұл үшін салықтық, кедендік әкімшілендіруді жетілдірген жөн. Осы мақсатта Салық кодексінің жаңа жобасы әзірленеді. Таяуда ғана, яғни өткен жылдың соңында қолданыстағы Салық кодексіне ауқымды өзгерістер енгізілген еді. Бұл реформаға тоқтау жоқ көрінеді. Тек одан қайыр болса, жөн.
Осы бастамалар жүзеге асса, онда жалпы ішкі өнімге шаққандағы мемлекеттік қарыздың үлесі 32 пайыз болады.
Он күн бұрын қайта қаралып, Сенат қабылдаған 2023 жылдың нақтыланған республикалық бюджетінде үкіметтік борышқа қызмет көрсету шығыны тағы 83,7 миллиард теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде, сыртқы қарыздың жүктемесі бюджеттің бүкіл шығысының 20%-ын құрады. Үшжылдық нақтыланған бюджетте бұл көрсеткіш 2025 жылы 22,8%-ға дейін өседі деп бекітілді. Ендеше, мемлекеттің қарызын азайту туралы сөздер әзірге сөз күйінде қалып тұр. Демек, бұрынғы Смайылов Үкіметінің бұл бағыттағы қызметін атақты суретші Эдуард Мунктың «Шыңғыру» (Крик) картинасына ұқсастыруға болады. Салада қалыптасқан қорқынышты көріністі сол сурет дәл бейнелейді.