Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотроптық заттар өндіретін ірі есірткі лабораториясын жойды. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі мәлімдеді.
Заңсыз айналымнан синтетикалық есірткінің рекордтық партиясы – 200 келі дайын өнім мен 15 тонна прекурсорлар және зертханалық құрал-жабдықтар тәркіленді.
Зерделеу барысында жедел қызметкерлердің назарына Қазақстанға тыйым салынған заттардың ауқымды өндірісін ұйымдастыру және оны әрі қарай ТМД елдерінде іске асыру мақсатында келген шетелдік азамат ілікті.
Жедел іс-шараларды жалғастыру барысында Түркістан облысындағы жасырын өндіріс базасы анықталды.
Есірткі зертханасы заманауи құралдармен жабдықталып, 0.4 гектар аумақта орналасқан және қоршау бойымен бейне бақылау камералары мен қозғалыс сенсорлары қойылғанын атап өту қажет. Қаскүнем құпиялық шараларын қатаң сақтап келген.
Ұйымдастырушы «альфа-PVP» психотроптық затын әзірлеу сәтінде, яғни қолма-қол қылмыс үстінде ұсталды.
Аталған факт бойынша ҰҚК сотқа дейінгі тергеу материалын тіркеді.
Халықаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс жалғасуда.