Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды
Ерлан Қошанов Мәжіліс төрағасы болып сайланды
501
оқылды
Кеше VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші жалпы отырысы өтті. Депутаттар палата Спикері мен оның орынбасарларын сайлап, комитеттердің құрамы мен төрағаларын бекітті, сондай-ақ Мәжіліс регламентіне өзгерістер енгізді. Жалпы отырысты Қазақстан Рес­публикасы Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ашты. Жаңадан сайланған 64 депутат алғаш рет Қазақстан халқына ант берді.
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұ­тастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүк­телген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», – деді депутаттар.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мә­жілісінің Төрағасын сайлау туралы бол­ды. Жасырын дауыс беру арқылы бұл лауазымға «АМАNАТ» партиясының тө­рағасы Ерлан Қошановтың канди­датурасы таңдалды.
«Бүгінгі көрсеткен сенімдеріңіз үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл мен үшін халқымыздың, сіздердің алдары­ңыздағы үлкен мәртебе, зор жауапкер­шілік. Сондықтан өздеріңізбен бірге сай­лаушылардың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді, тәжіри­бемді салатыныма уәде беремін. Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Мәжілістің ал­ғашқы сессиясын ашып, біздің бағыт-бағдарымызды анықтап берді. Оны са­палы әрі жедел іске асыру – біздің ортақ міндетіміз. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, халықтың сенімін абы­роймен атқарайық», – деді жаңадан сайланған спикер Е.Қошанов.
Ерлан Қошановтың ұсынысымен вице-спикер болып «АМАNАТ» партия­сынан депутат Альберт Рау мен «Ақ жол» партиясынан депутат Дания Еспаева сайланды. Бұдан бөлек, жалпы отырыста Мә­жіліс регламентіне партиялардың өкі­леттіктерін кеңейтуге қатысты өзгеріс енгізілді. Фракция құру үшін қажетті депутаттар санының ең аз шегін алып тастау ұсынылды. Осылайша, Мәжі­ліс­тегі алты партия да өз фракциясын құ­руға мүмкіндік алды. Олар – «АМАNАТ», Respublica, «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Жалпы отырыс соңында депутаттар Мәжілістің жеті тұрақты комитетінің жаңа төрағаларын сайлап, құрамын жасақтады (комитет мүшелерінің тізімін Мәжілістің ресми Telegram арнасынан біле аласыз https://t.me/mazhilis_kz).