Жаңа Мәжіліс 71,4%-ға жаңарды. Өткен шақырылымнан жаңасына 28 депутат көшті. Демек, депутаттық корпус салмақты жаңарды деуге негіз бар. Бұл да болса, ел Президентінің саяси реформасының бір жемісі. Енді халық жаңа депутаттардан өзін жақсы қырынан көрсетуін, мемлекеттің мүддесін ілгерілету, елді өркендету, бұқараның қажеттілігін өтеу жолында барын салуын күтеді. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы алда тұрған айтулы межелерді белгіледі. Жылдар бойы қордаланып, шешімін таппаған көкейкесті мәселе көп. Сонымен қатар жаңа Парламенттің сәт сайын құбылатын заманға сай амалы болуы шарт.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған саяси жаңғырулар аясында іске кірісіп отырған жаңа Парламент жаңаша жұмыс істейді: бұдан былай заң қабылдау құзыры тек Мәжілісте болады. Бұрын, 27 жылдан бері соңғы сөзді өзі айтып келген Сенатта төменгі палата қабылдаған заңға келісімін беру не бермеу құқығы ғана қалды. Егер Мәжіліс өз ұстанымында табандаса, онда қайта дауысқа қойып, Сенаттың келісімінсіз кез келген заңға өмірге жолдама бере алады.
Саяси реформа нәтижесінде жаңа Мәжіліс бұрынғыдай 107 емес, тек 98 депутаттан тұрады. Оның ішінде 69 депутаттық мандат 5 пайыздық табалдырықтан өте алған 6 партия арасында бөліске салынды, солардың партиялық тізіміне кірген тұлғалар арасында таратылды. Яғни, олар пропорционалды сайлау жүйесінде жанама сайланды.
Қалған 29 депутатты қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша тікелей таңдады. Бұлар – өңірлік депутаттар саналады және өз облысы мен қаласының мүдделерін ілгерілетуі тиіс. Осы 29 депутат мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы сайланып отыр.
Партиялардың саны жөнінен сегізінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісі ел тарихында теңдесі жоқ биікке көтерілді. Оны түсіну үшін тарихқа аз-кем шолу жасай кетсек.
1995 жылы қолданыстағы Конституция қабылданып, Қазақстанда бір палаталы, әрі сессия сайын ғана жиналатын Жоғарғы кеңес орнына қос палаталы, әрі тұрақты жұмыс істейтін кәсіби Парламент құрылды. 1996-1999 жылдары қызмет еткен бірінші Мәжіліске тек қана мажоритарлы жүйе негізінде 67 депутат сайланды. 1999-2004 жылдары жұмыс істеген екінші Мәжілістен бастап, аралас сайлау жүйесі енгізілді. 2007-2011 жылдарда жұмыс істеген Мәжілістің төртінші шақырылымы жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 депутаттан құралды. Мәжіліс депутаттары партиялық тізім бойынша сайланған және ҚХА өкілдерінен жасақталды. Бірмандатты округтер жойылды.
Содан бергі бесінші (2012-2016 жылдар), алтыншы (2016-2021) және жетінші (2021-2022 жылдар) шақырылымдағы Парламент Мәжілісі тек үш партиядан: «Nur Otаn», «Ақ жол» және Қазақстанның коммунистік халық партиясы (қазіргі Қазақстан халық партиясы) өкілдерінен құралды. Оған ҚХА сайлаған 9 депутат қосылды.
Осы орайда Тоқаевтың саяси жаңғыруы аясында Қазақстанның аралас сайлау жүйесіне қайта оралуы электоралды науқанды жандандырды. Шетелдік және отандық сарапшылар биылғы 19 наурыздағы парламенттік аламанда әсіресе бір мандатты округтерде кандидаттардың арасындағы өзара сайыс бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым қызықты, қызу өтті деп бағалады.
Президенттік саяси реформалардың нәтижесінде, яғни жаңа партия құру рәсімдерінің айтарлықтай жеңілдетілуі арқасында жаңадан қос партия пайда болды. Олардың бірден додаға араласуы партиялар арасындағы жарыс көрігін қыздырды.
Осылайша, дауыс беру қорытындысында сегізінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінда жеңіс тұғырына көтерілген 6 партия қимылдайтын болады. Мандат бөлу нәтижесінде «AМАNАТ» партиясы – 40 мандат, «Ауыл» – 8 мандат, Respublica мен «Ақ жолдың» әрқайсысы – 6 мандаттан, ҚХП – 5 мандат, оппозициялық ЖСДП – 4 мандат иеленді.
Олардың алдында ортақ міндет тұр: Мәжілістің пәрменін арттырып, сол арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының жүзеге асуына қол жеткізу. Қ.Тоқаев сессияның ашылуындағы сөзінде дәл осы қағиданы – мемлекетіміздің басты тірегі деп атады.
Бұл үшін әрбір парламенттік партия және әрбір депутат мемлекеттік деңгейдегі және жергілікті жерлердегі өткір мәселелерді ашық түрде көтеруі және кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс.
Жаңа Мәжілісте қай кәсіп иелері басым?
Сайлаудан соң бір күн өткенде бір мандатты округтер бойынша кімдердің озғаны белгілі болды. Саясатқа жүйрік жұртшылық партиялық тізімдер бойынша кімдердің өтетінін тағатсыздана күткен. Соңғы екі күнде бұл да анықталды. Сарапшылар партиялық тізімдерде кәсіби басқарушылар, кәсіпкерлер, блогерлер көп екеніне назар аудартады.
Бұл түсінікті де. Әрбір партия мен саяси күш өз бағдарламасын ілгерілету, әрі өзін сайлаушылар арасында танымал ету үшін ең алдымен, қоғамдық пікір көшбасшыларына иек артты. Парламентке өткеннен кейін партия сайлаушыларға берген уәдесін орындап, ел сенімінен шығуы, сөйтіп халық арасындағы орны мен рөлін нығайтуы шарт. Бұл үшін әмбебап кәсіби мамандар, басқарушылық дағдысы мол тұлғалар, тіпті күн-түн демей, тым-тырыс әрі тынымсыз еңбек ететін, заң жазатын технократтар қажет. Ал бұрынғы Парламенттен ауыса алған тәжірибелі депутаттар жаңа әріптестеріне заң шығару процесін қалай жолға қоюды үйретіп, жұмыстың кешеуілдемей, тез басталып кетуіне ықпал етеді.
Сонымен, анықтағанымыздай, жаңа Мәжілістегі депутаттық креслоға 20-дан аса блогер мен журналист қонжиды. Бұған қоса, өзін саясаттанушы деп таныстырып жүрген 9 адам да мандатқа ие болды.
Жаңа депутаттардың кем дегенде 15-і өз мансап жолында шенеунік болып жұмыс істеген.