Бүгінде ірі қалаларда жерлеу рәсімін өткізу бизнес көзіне айналған. Туысын соңғы сапарға шығарып салу үшін несие алатындар да, мола басына кесене тұрғызып, жерлеу рәсімін аста-төк қылып өткізетіндер де бар. Осылайша, «өлілер мекені» сән-салтанат ордасына айналды. Жалпы жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттіктердің қызметінің орташа бағасы қанша? Кәсіпкерлік нысан ретінде бұл салаға өзгеріс керек пе?
Статистика бойынша былтыр жерлеу рәсіміне төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден асқан. Осылайша, ел ішінде марқұмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын 2 есе өскен. Мұны естіген халық «ақшасы жоқ адамға өлуге де болмайды» деп ашынып отыр. Иә, қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттіктердің жарнамасынан көз сүрінеді. Солардың бірі «Айст» ритуалды қызмет көрсету орталығына хабарласып көрдік. Орталық жетекшісі Мәди Жуанхановтың айтуынша, агенттік мәйіттерді жерлеу, тасымалдау, жуындыру, ахрет, мазар көтеру, құлпытас қою, қоршау жасау, мәйітті әуе жолдары арқылы тасымалдау сияқты қызмет түрлерін көрсетеді. Христиандар үшін жерлеу рәсіміне керек ритуалдық атрибуттардан бастап, жерлеуден кейінгі қызметтерді де ұсынады. Марқұмды жерлеу қызметінің құны – бір жылқының жарты бағасына тең. Яғни, 250 мың теңгеден басталады.
– Соңғы уақытта барлығы жерлеу рәсімі қымбат деп шулап жатыр. Бірақ ас беруге 3-5 миллион теңге кетеді. Ендеше, агенттіктің ұсынатын бағасы қатты қымбат емес. Жерлеуді 100 мың теңгеге де ұйымдастырып беруге болады. Ол қызметтің сапасына байланысты. Мысалы, Астанадағы ең арзан табыт – 22 мың теңге. Бірақ сапалы табыт керек деп, шетелге тапсырыс беріп, 20 миллиондық табыт жасататындар да бар. Сондықтан ритуалды қызметті қымбат деп айта алмаймын. Әркім қалтасының көтергеніне қарай тапсырыс береді. Жерлеу рәсіміне мейрамханаға кететін қаржының жиырмадан бір бөлігі ғана кетеді. Сондықтан ең бірінші ас беруді реттеу керек, – деді Мәди Жуанханов.
Алайда жақынын соңғы сапарға шығарып салу рәсімі бұл 250 мың теңгемен де шектелмейді. Марқұмды жер қойнына тапсыру – бір бөлек, оған құлпытас орнату – тіптен бөлек әңгіме. Мәселен, жасыл түсті граниттен қойылған құлпытас қоршауымен 1 200 000 теңге. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәрмәрдан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.
– Қарапайым адамдар негізінен арзан бағаға қолжетімді құлпытас іздейді. Ондай адамдардан бөлек, үлкен комплекс сұрайтындар да көп келеді. 10-15 миллион теңгеден асатын тастар сұрайды. Тіпті, діни талапқа сай тұрған төрт құлақты зиратты зәулім үй сияқты етіп, одан әрі үлкейткісі келетіндер де аз емес. Бірақ шырақшылар оларға марқұмның басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін түсіндіріп әлек. Баға қанша өссе де халық бәрібір жерлеу рәсіміне жүгінуге мәжбүр, – дейді дизайнер Мейірбек Мұсабек.
Жекеменшік зират көп
Жерлеу қызметінің қымбаттауына тікелей екі фактор әсер етеді. Біріншісі, құрылыс материалдарының қымбаттауы болса, екіншісі – зираттың жекеменшік болуы.
– Жер кодексі бойынша қайтыс болған адамға 6 шаршы метрден кем емес жер берілуі керек. Әкімшілік ішкі ережелері бойынша біраз өзгеріс енгізгенімен де, Жер кодексі өзгермейді. Қазір Астанада 22 зират бар. Әр зираттың қызметкерлері адамдарға жерлеу талаптарын, мазарды биік көтермеуді айтып түсіндіреді. Бірақ берілген алты шаршы метрге алтыннан зират қойса да әр адам өзі біледі. Орташа есеппен алғандағы бір мазардың бағасы бір жылқыдан қымбат емес. Мазардың бағасына құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етеді. Айталық, 2022 жылға дейін бір кірпіштің бағасы 162 теңге болса, қазір бір кірпіштің бағасы 400 теңге. Екі жарым есе қымбаттады. Қара құлпытастар бір жыл бұрын 57-67 мың теңге еді. Қазіргі бағасы – 157 мың теңге. Біреулер ритуалды қызмет қымбат дейді. Бірақ біз бағаны көктен алып қойып отырған жоқпыз. Адамдар үшін де өздері істегенге қарағанда, бізге тапсырыс берген тиімді, – дейді «Айст» ритуалды қызмет көрсету орталығының жетекшісі Мәди Жуанханов.
Оның пікірінше, Діни басқарма мемлекеттік мекемеге жатпайды. Сондықтан да олар қанша жерден ереже енгізгенімен ол құқықтық тұрғыдан қауқарлы емес. Қазір әр мешітте мәйітхана, жуындыратын зал бар. Олардың өзі ақылы. Ешкім тегін қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Бағалары ритуалды қызмет көрсету орталығымен бірдей. Әр мешітте ас беретін мейрамхана бар. Ал оның бағасы сырттағы ресторандардан қымбат. Басқа елдермен, басқа қалалармен салыстырсаңыз, Астанадағы ритуалды қызмет көрсету бағасы әлдеқайда төмен. Себебі қала әкімшілігі жерлеуді қатты қадағалайды. Ал Алматы, Шымкент, Қарағанды, Петропавл, Ақтау қалаларында жерлеу рәсімін ұйымдастыру 600-700 мың теңгеге шығады.
– Астанада қабір қазу технологиясына байланысты мұсылмандардікі – 130 мың теңге, христиандық – 35 мың теңге. Ал Алматыда христиандық қабір қазу – 65 мың теңге. Астанада барлық зират мемлекеттікі. Сондықтан олар бағаны қадағалап отырады. Ал Қарағандыдағы, Петропавлдағы зираттардың барлығы жекеменшік. Алматыдағы зираттардың 51 пайызы мемлекетке, 49 пайызы жекеменшікке қарайды. Жекеменшік зираттар бағаны өздері белгілейді, – деді Мәди Жуанханов.
Иә, зираттарды жекешелендіру бизнес көзіне айналып кеткелі қашан. Жақында Шығыс Қазақстан облысы экс-әкімінің жекеменшігінде болған бауырластар зиратын мемлекетке қайтару бойынша іс жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, азаматтық соғыс кезінде марқұмдардың денесі жаппай жерленген зират ШҚО экс-әкімі Виктор Храпуновтың қылмыстық ісіндегі үлестесі «AutoExclusiveKZ» компаниясының меншігінде болған. Әкімдік қалалық прокуратурамен бірлесіп, қалада компанияға тиесілі учаскелерді алу жөнінде шаралар қабылдады. Бұл бір ғана мысал. Осы сияқты өзге қалалардағы қаншама зираттың жекеге өтіп кеткені жайлы нақты дерек жоқ.
Нарықты лицензиялау керек пе?
Дегенмен мемлекет ритуалды қызмет нарығындағы бағаны реттемейді. Сонымен қатар, осы қызмет түрімен айналысу үшін лицензия да қажет емес. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшысы Жанар Адикованың пікірінше, бұл халыққа да қолайлы. Керісінше, нарықты мемлекет қатысуынан біртіндеп арылту қажет.
– Біз мемлекеттің нарыққа қатысуын азайту және жеке компанияларға еркіндік беру қажет деп санаймыз. Бұл жалпы БҚДА саясаты. Сондықтан біз нарыққа мемлекетті араластырмау бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Біздің түсінігімізде баға бәсекелестік есебінен қалыптасуы керек. Жекеменшік иелері мемлекетпен бәсекелесе алмайды, – деп атап өтті сарапшы.
Тек пандемия кезінде жерлеу қызметінің бағасы күрт артуына байланысты ғана мемлекет нарықты ретке келтіруге әрекет еткен. Бір қызығы, пандемия кезінде жерлеу үйлерінен ресми прайстарды сұрағанда, бағаның көтерілуі анықталмаған. Кез келген адам жерлеу ісімен айналыса алатындығына байланысты өлім-жітім жоғары болған кезде нарыққа «қара агенттер» мен делдалдар кірген. Олар еш жерде тіркелмей, салық төлемей, нарықта жоғары баға қойған. Одан кейін жерлеу қызметіне ешқандай қадағалау жасалмапты. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, ритуал қызметінің шектік бағасын енгізіп, жерлеу рәсімін стандарттайтын уақыт келді.
– Әрине, мына заманда жерлеуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруымыз қажет. Ысырап қылып, зәулім-зәулім күмбезді зират тұрғызуды тоқтатуға тиіспіз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпытасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мұфтият өз позициясын білдіруге, зират тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс, – деп атап өтті дінтанушы.
Ал заңгер Бауыржан Азановтың айтуынша, азаматтардың діни сеніміне заңдық тұрғыда арнайы талап қою, қоғам тарапынан қарсылық тудыруы мүмкін.
– Ережеге сәйкес, әкімдік әрбір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зират қорымынан кемінде 6 шаршы метр жер учаскесін тегін бөледі. Зират қорымындағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми интернет-ресурсынан алуға болады. Ал жерлеудің нақты тәртібі жайлы арнайы стандарт қарастырылмаған. Қазір қоғамда әр адам өз қалаулары мен жағдайларына қарай жерлеу рәсімін өткізеді. Оларға заңдық негізде арнайы талап қоя алмаймыз. Себебі елімізде түрлі дін өкілдері өмір сүреді. Олардың салт-дәстүріне, өңірлік ерекшеліктеріне байланысты жерлеу рәсімдері әртүрлі орындалып жүр, – дейді заңгер.
Сән-салтанатпен салынған зәулім зират марқұмға емес, бұл дүниедегі туыстарының қажетіне көбірек керек сияқты. Сондықтан ритуал қызмет көрсететін мекемелерге кәсіпкерлік нысан ретінде қарап, жерлеуді стандарттайтын уақыт келді.