Жерлеу де жарысқа айналды
Жерлеу де жарысқа айналды
956
оқылды
Бүгінде ірі қалаларда жерлеу рәсімін өткізу бизнес көзіне айналған. Туысын соңғы сапарға шығарып салу үшін несие алатындар да, мола басына кесене тұрғызып, жерлеу рәсімін аста-төк қылып өткізетіндер де бар. Осылайша, «өлілер мекені» сән-салтанат ордасына айналды. Жалпы жерлеу рәсімін ұйымдастыратын агенттік­тердің қызме­тінің орташа бағасы қанша? Кәсіпкерлік нысан ретінде бұл салаға өзгеріс керек пе? Статистика бойынша был­тыр жерлеу рәсіміне төленген қаржы мөлшері 1,8 миллиард теңгеден ас­қан. Осылайша, ел ішінде мар­құмды соңғы сапарға аттандыру жоралғысына кететін шығын 2 есе өскен. Мұны ес­тіген халық «ақ­шасы жоқ адамға өлуге де болм­ай­ды» деп ашынып отыр. Иә, қазір желіні ашып қалсаң, діни рәсім жасаумен айналысатын агенттік­тердің жар­намасынан көз сүрінеді. Солардың бірі «Айст» ритуалды қызмет көрсету орталығына ха­барласып көрдік. Орталық же­тек­шісі Мәди Жуанхановтың ай­туынша, агенттік мәйіттерді жер­леу, тасымалдау, жуындыру, ахрет, мазар көтеру, құлпытас қою, қор­шау жасау, мәйітті әуе жолдары арқылы тасымалдау сияқты қыз­мет түрлерін көрсе­теді. Хрис­тиан­дар үшін жерлеу рәсіміне керек ритуалдық атри­буттардан бастап, жерлеуден кейінгі қызметтерді де ұсынады. Марқұмды жерлеу қыз­метінің құны – бір жылқының жар­ты бағасына тең. Яғни, 250 мың теңгеден басталады.
– Соңғы уақытта барлығы жер­­леу рәсімі қымбат деп шу­лап жа­тыр. Бірақ ас беруге 3-5 мил­лион теңге кетеді. Ендеше, агент­тіктің ұсынатын бағасы қатты қым­бат емес. Жерлеуді 100 мың тең­геге де ұйымдас­ты­рып беруге бо­лады. Ол қызметтің сапасына бай­ланысты. Мысалы, Астанадағы ең арзан табыт – 22 мың теңге. Бі­рақ сапалы табыт керек деп, шетелге тапсырыс беріп, 20 мил­лиондық табыт жа­сататындар да бар. Сондықтан ритуалды қызметті қымбат деп айта алмаймын. Әркім қалта­сы­ның көтергеніне қарай тапсырыс береді. Жерлеу рәсіміне мей­­рамханаға кететін қаржының жиыр­мадан бір бөлігі ғана кетеді. Сон­дықтан ең бірінші ас беру­ді реттеу керек, – деді Мәди Жуанханов.
Алайда жақынын соңғы сапар­ға шығарып салу рәсімі бұл 250 мың теңгемен де шектел­мейді. Мар­­құмды жер қойнына тапсы­ру – бір бөлек, оған құл­пытас орнату – тіптен бөлек әңгіме. Мәселен, жа­сыл түсті граниттен қойылған құл­пытас қоршауымен 1 200 000 теңге. Оның өзі тапсырыспен 21 күнде дайындалады. Ал жай мәр­мәр­дан қойылатын құлпытас 500 мың теңгеге шығады.
– Қарапайым адамдар негі­зінен арзан бағаға қолжетімді құл­пытас іздейді. Ондай адам­дардан бөлек, үлкен комплекс сұрай­тын­дар да көп келеді. 10-15 миллион теңгеден асатын тастар сұрайды. Тіпті, діни талапқа сай тұрған төрт құлақты зиратты зәулім үй сияқты етіп, одан әрі үлкейткісі келетіндер де аз емес. Бірақ шырақшылар оларға мар­құмның басқалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екенін түсіндіріп әлек. Баға қанша өссе де халық бәрібір жерлеу рәсіміне жүгінуге мәжбүр, – дейді дизай­нер Мейірбек Мұсабек.
Жекеменшік зират көп Жерлеу қызметінің қымбат­та­уына тікелей екі фактор әсер ете­ді. Біріншісі, құрылыс мате­риал­да­ры­ның қымбаттауы бол­са, екіншісі – зираттың жеке­мен­шік болуы.
– Жер кодексі бойынша қай­тыс болған адамға 6 шаршы метр­ден кем емес жер берілуі керек. Әкімшілік ішкі ережелері бойын­ша біраз өзгеріс енгіз­ге­німен де, Жер кодексі өзгермей­ді. Қазір Астанада 22 зират бар. Әр зираттың қызметкерлері адам­дарға жерлеу талаптарын, мазарды биік көтер­меуді айтып түсіндіреді. Бірақ бе­рілген алты шаршы метрге алтын­нан зират қойса да әр адам өзі бі­леді. Ор­таша есеппен алғандағы бір мазардың бағасы бір жылқыдан қымбат емес. Мазардың баға­сына құрылыс материалдарының қым­баттауы да әсер етеді. Ай­талық, 2022 жылға дейін бір кір­піштің бағасы 162 теңге болса, қазір бір кірпіштің бағасы 400 теңге. Екі жарым есе қым­баттады. Қара құл­пытастар бір жыл бұрын 57-67 мың теңге еді. Қазіргі бағасы – 157 мың теңге. Біреулер ритуалды қызмет қым­бат дейді. Бірақ біз бағаны көк­тен алып қойып отырған жоқ­пыз. Адамдар үшін де өздері іс­тегенге қарағанда, бізге тап­сы­рыс берген тиімді, – дейді «Айст» ри­туалды қызмет көрсету орталы­ғы­ның жетекшісі Мәди Жуанханов.
Оның пікірінше, Діни бас­қарма мемлекеттік мекемеге жат­пайды. Сондықтан да олар қанша жерден ереже енгіз­генімен ол құ­қықтық тұрғыдан қауқарлы емес. Қазір әр мешітте мәйітхана, жуын­дыратын зал бар. Олардың өзі ақы­лы. Ешкім тегін қызмет көр­се­тіп жатқан жоқ. Бағалары ритуалды қызмет көрсету орталығымен бір­дей. Әр мешітте ас беретін мей­рамхана бар. Ал оның бағасы сырт­тағы ресторандардан қымбат. Басқа елдермен, басқа қалалармен салыстырсаңыз, Астанадағы ри­туалды қызмет көрсету бағасы әл­деқайда төмен. Себебі қала әкім­шілігі жерлеуді қатты қа­дағалайды. Ал Алматы, Шым­кент, Қарағанды, Петропавл, Ақтау қа­лаларында жерлеу рә­сімін ұйым­дастыру 600-700 мың теңгеге шығады.
– Астанада қабір қазу тех­нологиясына байланысты мұ­сыл­мандардікі – 130 мың теңге, хрис­тиандық – 35 мың теңге. Ал Ал­матыда христиандық қабір қазу – 65 мың теңге. Астанада барлық зи­рат мемлекеттікі. Сон­дықтан олар бағаны қа­дағалап отырады. Ал Қараған­дыдағы, Петропавлдағы зират­тардың барлығы жекеменшік. Алматыдағы зираттардың 51 пайы­зы мемлекетке, 49 пайызы жеке­меншікке қарайды. Же­кеменшік зираттар бағаны өздері белгілейді, – деді Мәди Жуанханов.
мола Иә, зираттарды жекешелен­діру бизнес көзіне айналып кет­келі қашан. Жақында Шығыс Қазақ­стан облысы экс-әкімінің жеке­мен­шігінде болған бауыр­ластар зиратын мемлекетке қайтару бойынша іс жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың ай­туынша, азаматтық соғыс кезінде марқұмдардың денесі жаппай жер­ленген зират ШҚО экс-әкімі Вик­тор Хра­пу­новтың қылмыстық ісін­дегі үлес­тесі «AutoExclusiveKZ» ком­паниясының меншігінде бол­ған. Әкімдік қалалық прокурату­ра­мен бірлесіп, қалада компанияға тиесілі учаскелерді алу жөнінде шаралар қабылдады. Бұл бір ғана мысал. Осы сияқты өзге қа­лалар­дағы қаншама зираттың жекеге өтіп кеткені жайлы нақ­ты дерек жоқ. Нарықты лицензиялау керек пе? Дегенмен мемлекет ритуал­ды қызмет нарығындағы бағаны рет­темейді. Сонымен қатар, осы қыз­мет түрімен айналысу үшін ли­цен­зия да қажет емес. Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агенттігінің сарапшысы Жанар Адикованың пікірінше, бұл ха­лыққа да қолайлы. Керісінше, нарықты мемлекет қа­ты­суынан біртіндеп арылту қажет.
– Біз мемлекеттің нарыққа қатысуын азайту және жеке ком­па­нияларға еркіндік беру қажет деп санаймыз. Бұл жалпы БҚДА саясаты. Сондықтан біз нарыққа мемлекетті аралас­тырмау бойын­ша белсенді жұ­мыс істеп жатыр­мыз. Біздің тү­сінігімізде баға бә­секелестік есебінен қалыптасуы керек. Же­кеменшік иелері мемле­кет­пен бәсекелесе алмайды, – деп атап өтті сарапшы.
Тек пандемия кезінде жерлеу қызметінің бағасы күрт артуына байланысты ғана мемлекет на­рық­ты ретке келтіруге әрекет еткен. Бір қызығы, пандемия кезінде жерлеу үйлерінен ресми прайс­тарды сұрағанда, бағаның көтерілуі анықталмаған. Кез келген адам жерлеу ісімен айна­лыса алатын­дығына байланысты өлім-жітім жоғары болған кезде нарыққа «қа­ра агенттер» мен делдалдар кірген. Олар еш жерде тіркелмей, салық төлемей, на­рықта жоғары баға қой­ған. Одан кейін жерлеу қызме­тіне еш­қандай қадағалау жасал­мапты. Дінтанушы Қайрат Жол­ды­бай­ұлының пікірінше, ритуал қыз­метінің шектік бағасын енгізіп, жерлеу рәсімін стандарттайтын уақыт келді.
– Әрине, мына заманда жер­леуді белгілі бір стандарттарға келтіру қажет. Бай болсын, кедей болсын бөлінетін жердің мөлшері шектеулі болуы керек. Қалай болса, солай шашыраңқы, ыйқы-жыйқы бейіт тұрғызуды доғаруы­мыз қажет. Ысырап қылып, зәу­лім-зәулім күмбезді зират тұр­ғы­зуды тоқтатуға тиіс­піз. Жалпы зират аумағын ғана қоршап, белгі ретінде құлпы­тасқа кісінің аты-жөні жазылса, жеткілікті. Мұның бәрін заңды түрде реттеуге болады. Мұфтият өз позициясын білдіруге, зират тұрғызу, жерлеу тәртібін ұсынуға тиіс, – деп атап өтті дінтанушы.
Ал заңгер Бауыржан Аза­нов­тың айтуынша, азаматтардың діни сеніміне заңдық тұрғыда арнайы талап қою, қоғам тара­пынан қар­сылық тудыруы мүмкін.
– Ережеге сәйкес, әкімдік әр­бір қайтыс болған адамды жерлеу үшін зират қорымынан кемінде 6 шаршы метр жер учас­кесін тегін бөледі. Зират қо­рымындағы бос жер учаскелері туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органның ресми ин­тернет-ресурсынан алуға бо­лады. Ал жерлеудің нақты тәрті­бі жайлы арнайы стандарт қа­растырылмаған. Қазір қоғамда әр адам өз қалаулары мен жағ­дай­ла­рына қарай жерлеу рәсімін өткі­зеді. Оларға заңдық негізде арнайы талап қоя алмаймыз. Себебі елі­мізде түрлі дін өкілдері өмір сүреді. Олардың салт-дәс­түріне, өңірлік ерекшеліктеріне байланысты жер­леу рәсімдері әртүрлі орындалып жүр, – дейді заңгер.
Сән-салтанатпен салынған зәулім зират марқұмға емес, бұл дүниедегі туыстарының қажеті­не көбірек керек сияқты. Сон­дықтан ритуал қызмет көр­се­тетін меке­мелерге кәсіпкерлік нысан ретінде қарап, жерлеуді стандарттайтын уақыт келді.