Жанды емдеу – жауапты іс
Жанды емдеу – жауапты іс
1,132
оқылды
Бүгінгі қо­ғам «саналы болу­ды» барынша наси­хаттап жатыр: адам­дарда балалық шағындағы жан жарақаттарын білуге, ата-ана­сының әре­кет­терін түсінуге, сол арқылы бақытты өмір сү­ру­дің кілтін табуға ұмтылыс күшейді. Сұра­ныс бар жерде ұсыныс та көп – «өз-өзің­ді тануға үйретемін» деген сан психолог әлеу­меттік желіде самсап тұр. Олардың ішін­дегі нағыз мамандарды қалай анықтай­мыз, қандай «психологтардан» сақтану керек, психологиялық көмек қажет еткенде нені ескергеніміз жөн – бүгінгі әңгімеміз сол жайында болмақ. Кәсіби маманды қалай танимыз? Елімізде психологтардың қызметін реттейтін ешқандай орган жоқ, яғни кез келген адам өзін психолог ретінде жариялап, әлеуметтік желіден аккаунт ашып, психологиялық қызмет ұсына алады. Демек, әлеуметтік желіден нағыз психолог іздерде жауапкершілікті өзіңізге алуға тура келеді. Онда «нағыз психолог» деп кімді айта аламыз, қандай маманға күмәнсіз жүгінуге болады, ди­­п­ломнан басқа оның біліктілігін қандай құжаттар растай алады? Психоанализ бағытында жұмыс істейтін психо­аналитикалық психолог Миргүл Бимағамбетованың айтуынша, клиентте, ең әуелі, психологтың өзі жеке психоанализден өтті ме деген сұрақ болуы керек.
«Психоанализ деп отырғанымыз – адамның жанын тазалау. Осы бағытта жұмыс істейтін әрбір психолог Психоанализ мектебінде немесе Психо­ана­литиктер қауымдастығында 500-600 сағат жеке психоанализ өтуі керек. Бұл дегеніміз – 4-5 жыл бойы аптасына 4-5 рет 45-50 минуттан психологқа жүгініп, өзінің жанын талдап, өзін таныды деген сөз», – дейді ол.
Маманның пікірінше, назар аударарлық екінші талап – психологтың супервизиядан өтіп отыруы. Осыдан екі-үш жыл бұрын көп психолог супервизор дегеннің кім екенін білмесе, қазір жағдай басқаша: тіпті психоанализдан басқа бағыттағы психологтар­дың өзі супервизиядан өтуге тырысады. Супервизор дегеніміз – психологтардың жоғары білікті ұстазы. Ол психологтардың өз клиенттерімен қалай жұмыс істеп жатқанын тексеріп, бағыт-бағдар беріп оты­рады. Жоғарыда айтқан Психоанализ мектебін бі­тіріп шығу үшін психолог кемінде 250 сағат супервизиядан өтуі тиіс. Сондай-ақ, маманның айтуынша, психологтың қандай да бір қауымдастық мүшесі болуы да маңызды. Бұл оның білімін тұрақты түрде жетіл­діріп, тәжірибе алмасып, ізденіс үстінде жүруіне көп көмектеседі.
«Бізде, мәселен, Қазақстан психологтары қауым­дастығы бар, Гештальт терапевтер қауымдас­ты­ғы бар, Психоаналитиктер қауымдастығы бар – солар секілді қандай да бір топтың мүшесі болуы психолог үшін аса керек. Жалғызілік психологтар күмән тудырады. Бұларға қосымша, психолог қандай да бір ғылыми журналдарда мақала жария­лап, зерттеу жасап жүретін болса, бұл да маманның өз ісіне жауапкершілікпен, махаббатпен қарайты­нының бір белгісі», – дейді ол.
Адамдар «сиқырлы рецептіні» күтеді Әлеуметтік желіде өзін психолог ретінде таныстыратын бірқатар парақшаны шолып шыққанымызда, кәсіби мамандардан гөрі жоғарыдағы талаптардан ауылы алыс «коучтардың» оқырманы көбірек еке­нін байқадық. Көбінде білімі мен біліктілігі туралы мәлімет аз, есесіне өз өмірін мысалға алып жазған жазбалары, «айғайлап тұрған» кеңестері, «ана жағдайда өйт, мына жағдайда бүйт» деген оңды-солды кесіп-пішіп айтқан сөздері толып тұр.
«Психологтардың көбейгені, бір жағынан, қуан­тады. Бұл – халықтың психологияға ықыласы өскенін, өзін-өзі тануға ұмтылысы артқанын біл­­д­іреді. Сан кейін сапаға ұласып жатса, әрине, қуа­намыз. Әзірге алайда кәсіби емес «психологтар» пай­дасын тигізем деп, кесірін тигізіп жататын жағ­дайлар аз емес. Аузы күйген клиенттер ондайда әлдеқайда күрделірек қауымдастыққа, бізге жүгініп жатады. Кәсіби емес «психологтарға» көп клиент тартылатының бір себебі – олар тікелей кеңес бе­реді. «Үйге барып былай істе, күйеуіңе былай деп айт, балаңа осылай сөйле» деген секілді кеңестер береді. Адамдарға бұл ұнайды. Бұл – біздің ха­лық­тың «сиқырлы ойлауға» (magical thinking) бейім екенін көрсетеді. Сиқырлы ойлау дегеніміз – жараны тез емдеп жазу секілді, проблеманы шешудің жеңіл рецептісі. Былай істесем ақшам көбейеді екен, пәлен адамды кешірсем жолым ашылады екен деген секілді қате түсініктер, сайып келгенде, қаптаған біліксіз «психологтардың» клиен­тін көбейтуде. Ал психоанализде ондай жоқ: біз бәрін клиенттің өзіне талдатып, өзіне қорыттырамыз. Адамды символдық ойлауға, қиялдауға, сыни ойлауға, еркін ассоциацияларға үйретеміз. Бұл – өте ұзақ, ақырын жүретін күрделі процесс», – дейді психоаналитикалық психолог Миргүл Бимағамбетова.
психологиялық көмек Тағы бір айта кетерлік дүние, оның айтуынша, кәсіби емес психологтар әлеуметтік желіде өз өмірін жарнамалап, «былай істеп едім – мынадай нәтижеге жеттім» дегендей оқырманға оңай кейс ұсынады. Шатасып жүрген адамдар сол кісі сияқты боламын деген үмітпен оның алдына барады.
«Психоанализ бағытындағы психологтарға әлеуметтік желіде өзінің жеке өмірін көрсетуге, сол арқылы оқырмандарды арбауға тыйым салынады. Бұл – клиенттің терапиясына кедергі келтіруі мүмкін. Психоаналитикалық бейтараптықты сақтау керек», – дейді маман.
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» Психологтардың бұлжымас ережелерінің қата­рында әлеуметтік желіде клиенттерінің терапия жайындағы пікірін жарияламау деген тыйым да бар.
«Ұзақ уақыттық терапиядан кейінгі клиенттер­дің пікірін жариялауға болмайды. Ол жерде клиент­те психологқа деген белгілі бір қарым-қатынас, эмо­циялар, сезімдер пайда болады. Былайша айт­қанда, клиент психологпен ұзақ уақыт жұмыс істе­генде, психологты жақсы көре бастайды, сыйлай бастайды, тұрақты түрде жүздесіп отырған соң, клиент үшін ол маңызды адамға айналады. Сон­дық­тан біз оларға «маған пікір жазып бер» десек те, олар өздері пікір жазып біз оны жариялап жатсақ та, ол манипуляция болып шығады. Екіншіден, бір клиент­тің пікірі – басқа адамдарға алдамшы сиг­нал. Әлдебір адамның пікірін оқыған екінші бір клиент психологтан дәл сондай нәтиже күтуі мүм­кін. Әр жеке терапия бір-біріне ұқсамайды. Өйткені әр адам әртүрлі», – дейді психотерапевт Сая Бақимова.
Психоанализ бағытында жұмыс істейтін мамандар ұстанатын тағы бір шарт – психологтың әлеуметтік желідегі аккаунтында өз клиенттерімен «дос болмауы» екен.
«Психологияның басқа бағыттары бұған тыйым салмайды. Ал психоанализ тыйым салады. Пси­хо­анализде «тасымал» деген нәрсе бар. Әдетте клиент өзінің психотерапевтінен бұрын оған маңызды болған адамдардың, мәселен, анасының, апасы­ның, әкесінің бейнесін көруі мүмкін. Мұны «тасы­мал» дейді. Бізге сол тасымал арқылы әлгі клиенттің проблемасын, конфликтілерін шешу керек. Клиент­тер бізбен әлеуметтік желіде «дос» болғанда, біз­дің күнделікті өмірді бақылап отыр­ғанда, біз осы та­сымал әсерін бұзамыз. Өйткені ол біз­ден өзі та­сымал жасайтын образды емес, шы­найы адамды кө­реді. Бұл терапияға қатты ке­дергі болады», – деп түсіндірді оны С.Бақимова.
Псиотерапевтің айтуынша, біздің елде психо­логтардың этикасын реттейтін мемлекет деңгейінде бекітілген заңды құжат жоқ. Ал АҚШ пен кейбір Еуропа елдерінде мұндай мәселелер этикалық ко­декс­пен бекітілген. Оның жалпы ережелері бойынша психолог құпиялы­лық шарттарын сақ­тауға, клиент­ке зиян тигізбеуге, тера­пия бары­сында туатын қарым-қатынас­ты эксп­луатацияламауға, тек кәсіби біліктілік тұрғысынан әрекет етуге, болып жатқан жағдай және оның салдарынан хабардар клиенттің келісіміне сүйенуге міндетті.

Азат ҚАЗАҚ