Мәшһүр Машқар
Мәшһүр Машқар
1,895
оқылды
Балалар әдебиеті дегенде, бір­ден есімізге Бердібек Соқпақ­баевтың есімі оралары сөзсіз. «Ме­нің атым Қожа» әр үйде, әр ба­ланың қолында жүрді. Одан кейін көбірек іздегеніміз – Машқар Ғұмар (Гумеровтың) туындылары еді. «Ортаншы ұл» дейтін повестер жинағын біздің класс таласып-тар­масып оқып өстік. Жұлма-жұл­масы шыққан сол кітаптағы көркем дү­ниелер біздің буынның жадында жақсы сақталды. Қазір жұрт Машқар Ғұмарды біл­мейтін де шығар. Шығармалары да кітап сөресінен көрінбейді. Сірә, біз мұндай балалар әдебиетіне ғажайып көркем шығармалар әкелген жазушыны ұмыт­қан да болармыз... Жазушылыққа 19 жасында келді Машқар Ғұмардың (Гумеров) ұлты – татар. Башқұрстанның Асқын ауда­нындағы Күбияз елді мекенінде ауыл мол­дасының отбасында туған. Ата-анасы 1937 жылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударады. Машқар оқуын қазақ орта мектебінде жалғас­тырады. Сегізінші сыныпты бітірген соң егіс бригадасында еңбек жолын бастаған. 1943-1946 жылы ауыл шаруашылығы тех­никумын оқып келіп, МТС-те агро­ном болған. Кейін 1953 жылы Қазақ мем­лекеттік университетінің филоло­гия факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірді. ХХ ғасырдың 50-70 жылдар аралы­ғындағы қазақ балалар әдебиеті жайлы әңгіме көтеріле қалса, дереу ауызға іліге кететін авторлардың бірі Машқар Ғұмар еді. Ол кісі қалам ұстап, әдебиетке кел­ген кезінен бастап-ақ, оқырмандарына жастай танылған қайратты қаламгер бо­латын. «Қазақстан пионері», «Пио­нер» және «Балдырған» сияқты мерзім­дік басылым беттерінде жиі жарияланып, бас-аяғы жұмыр тәлім-тәрбиелік мәні де айқын шағын туындыларымен жиі көзге түсіп жүрді. Қазақстаннан тыс жерде өмірге келген ұлты татар жазушы қазақ әдеби тілін бір кісідей жақсы игерген балалар әдебиетінің танымал өкіліне айналды. Балалар әдебиетінде елеулі еңбек еткен қаламгер жазушылыққа он тоғыз жасында келіпті. Алғашқы әңгімелер жинағы «Шешесі мен ұлы» деген атпен 1956 жылы жарық көрсе, 1958 жылы «Үш күн, үш түн» кітабын, 1960 жылы «Ши­палы дәрігер», 1963 жылы «Қос шынар» жинақтарын, одан кейін жекелеген суретті кітапшаларын бастырып шы­ғарған. Жазушы Нұрдәулет Ақыш: «Сол за­мандағы мектепте оқығандардың кө­бісінің жадында «Машқар Гумеров» есімі жатталып қалған да болар. Ол – жас оқыр­мандарға арналған шығармалардың қалай жазылуы керек екенін және оған қойылатын талаптардың сыр-сипатын қалам ұшымен ғана емес, көңілінің қошымен де жақсы сезіне білген автор. Жас оқырманға керегі оқиға, қызықты образ бен түйткілді талас-тартыстар болса, соның бәрі Машқар Гумеровтің повестерінде ғана емес, әңгімелерінде де айқын көрініс тауып жататын. Бұл кісі жайында сөз болғанда кейбір зерт­теу­шілердің аузына алдымен ілігетіні – жазу­шының шағын әңгімелері. Жеке­леген хикаяттары кейде елеусіз қалып, әдеби сынның назарына іліге алмай жат­қан тұстары да болды. Бірақ бұл жазушы талантының осалдығынан деген сөз емес. Табиғатынан кішіпейіл, жай­дары, алға қарай өңмеңдеп ұмтылуды білмейтін Машқар аға өзі жайлы, өзінің шығармалары туралы жазылып жатқан пікірлерге мән де бере бермеуі ықтимал» деп айтады. «Ортаншы ұлды» оқып өскен оқырман Гумеровті жазушы қылған – әңгі­мелері екені даусыз. Оның есімін «Бал­дырған», «Пионер» журналдары оқыр­манға жақсы танытты. Журналға шық­қан әр әңгімесін балалар сүйіп оқитын. Өзі де балалар танымына сай жақсы дүниелер жаза білді. Мәселен, «Көлең­ке», «Сұр көжек», «Уақит пен уақыт», «Біріншінің Бірімбайы» дейтін әңгіме­лерін алайықшы. «Уақит пен уақытында» тілге тиек болатын нәрсе – әр минутын бос жі­бергісі келмейтін бірінші сынып оқушы­сының тиянақтылығы. Кішкентай ба­ланың тақылдап әркімнен уақыттың қанша болғанын білгісі келіп, сұрай беруі де үлкендер тарапынан құрмет туғызады. Өзі құралпас балалардың бәрі оны «уақытшыл Уақит» деп әзілдейтіні де сондықтан болар. «Көлеңке» мен «Сұр көжекте» әртүрлі жастағы мектеп оқушыларының бойында ұшырасып жататын түрлі қызғылықты оқиғаларды суреттейді. «Жұқалаң юмор жаға оты­рып, жазушы өзінің жас кейіпкерлері жайлы бір жылылықпен, балаға деген сүйіспеншілікпен жазуға ықыласты болып тұратынын аңғарасыз». Біз сүйіп оқыған шығарманың бірі – «Ортаншы ұл». Қазір бұл кітап көп көзге түсе бермейді. «Жазушының сон­дай әдеби сынның нысанынан тыс қалып келе жатқан шығармаларының бірі – «Ортаншы ұл» повесі» екенін айтады жазушы Нұрдәулет Ақыш. «Бүгінде бұл қандай шығарма десек, тап басып, дереу бағасын бере қоятын оқырманды таба алмай қалуы­мыз да ғажап емес. Сондықтан да осын­дай елеусіздеу қалғанымен, көркемдік жа­ғынан ешқандай да атойлаған кем­шілігі көрінбейтін, керісінше жігі бі­лінбей-ақ, жазушы шеберлігі аңғарылып тұратын тәуір туындылардың бірі. По­вестің қысқаша фабуласына тоқталатын болсақ, бас кейіпкері Алмас есімді ба­ланың қаладан алыстағы ауылға келіп, жаңа таныстармен қалай қарым-қатынас жасағаны баяндалады. Әрине, қаладан келіп ауылға сіңісіп кету әлеуметтік жағынан ғана емес, психологиялық-моральдық тұрғыдан да жас бала үшін оңайға соқпайтыны өмір тәжірибесінен белгілі. Қала баласының ауылға келуіне байланысты орын алатын оқиғалар – Сансызбай Сарқасқаевтың «Тәмпіш қара», Бердібек Соқпақбаевтың «Аяжан» және басқа да замандас прозашылардың шығармаларында кездесіп жататын таныс типтік жағдайлар» дейді. «Ортаншы ұлдың» кейіпкерлері – бастауыш класс оқушылары. Алмас та, Бейсен мен Сұраған да, Зипа да екінші класты бітірген балалар. Ал Өлмес болса, бұларға қарама-қарсы сипаттағы ере­сектеу бала. Ауыл балаларына қырғидай тиіп жүретін нағыз тентектің өзі. Жа­зықсыз тиісіп, нақақтан нақақ зорлық жасауға дайын. Алмас болса, қаладан келген, мұндай бұзық тентекке қарсы тұруға дәрменсіз. Жасы кіші болғандық­тан, оған қарсы шығуға әлдері де кел­мейді, сондықтан бетпе-бет қалудан, байланыспауға тырысады. Жазушының «Ортаншы ұлда» айт­қысы келіп отырған моралі қандай?! Өктемдікке балалар қалай қарсы тұра алады? Әрі Алмастың да ауылға келген себебі неде? Осының бәрін қаламгер нәзік иіріммен оқырманын қызықтыра отырып, әдемі жеткізеді. Жазушы балаларға арналған шығар­маларымен қатар «Жұмбақ сәуле» атты фантастикалық повесін жазған. Ол по­весть 1981 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Повестегі оқиғалар жері­мізден тыс әлемдегі автор ойдан алған, ғаламшарда өтеді. Үш құрлықтан тұра­тын ғаламшардың екеуінде тіршілік бар, біреуі – тіршіліксіз. Повестің кейіпкері Кир Биллердің басты мақсаты – ға­лам­шардағы ел біткенді жаулап алып, ба­ғын­дырып, оларға өз билігін жіберу. Ақыр соңында соғысқұмар, билікқұмар, қаты­гез Кир Биллер жеңіліске ұшы­райды. Әділеттілік пен бейбітшілік сал­танат құрады. Өмірінің соңында шығармаларын Машқар Гумеров деп емес, Машқар Ғұмар деп қазақшалап, кітаптарын солай шығарып жүрді. Мұның өзі жазу­шының бойына қазақылық исі сіңген, нағыз қазақ жазушысына айналғанын білдірсе керек. «Машһар аға – адам қасиетіне жа­расымсыз тәкаппарлық, іштарлық, күндестік пен атаққұмарлықты ұнатпа­ған, олардан бойын үнемі аулақ ұстаған кісі. Адамдық пен әділдікті қалайтын қашан да. Балаларға арнап жазған қай шығармасын оқысақ та осы қасиетін аңғарамыз» деп жазған екен жазушы Жүніс Сақұрпағы. «Көркем әдебиет оқуға құлықты емес» Интернеттен де, кітап дүкендерінен де Машқар Гумеровтің шығармаларын іздеп едік, таба алмадық. Ол кісі туралы айтылған лебіздер де аз. Ілуде біреу бірнәрсе жазғаны болмаса, қаламгердің өмірі ХХ ғасыр­дың 50-60 жылдарында өтіп кеткендей... Қазір көркем әдебиет оқылмайтын заманға тап келгендейміз. Бірақ бір-бір смартфонды қолға ұстаған балаға кітап­ты электронды оқытудың тәсілін табу керек секілді. Өйткені біз оларды ұялы телефоннан ажырата ал­май­мыз. Олар­дың өмірінің көбі әлеуметтік желіде өтіп жатыр. Ол «өмірден» шы­найы дүниеге қайтсек бет бұрғызамыз деген уайым ғана бар. Оларға Машқар­дың шығарма­ларын оқы деп айта аламыз ба? Жазушы Нұрғали Ораз: «Машқар аға­ның кітап­тарын бала кезімізде оқы­­дық қой. Есей­ген соң, ра­сында да, ұмы­тып кеткендей болдық. Балалық шақ­тағы бала күндерімізбен бірге соңы­мыздан қол бұлғап қала бер­ген сияқ­ты. Сіз сұрағаннан кейін интер­неттен қарап едім, «Атамұра кітапха­насынан» «Бұл не керемет?» деп атала­тын кітабы шыққа­нын көрдім. Бұл та­маша серия. Ата­мұралықтардың талғамы өте жоғары. Әп-сәтте бір әңгімесін қайта оқып шық­тым. Бала күнімізде өзіміз талай рет шымшық атқан «рогатканы» ол кісі «зықпы» деп жазады. Қызық. Оның да қазақша атауы бар екен-ау дейсің. Бірақ біздің тілге сіңбей қалған секілді. Бүгінгі балалардың «сотка» қа­рағаннан басқа қызығы жоқ сияқты. Бүкіл әлем «теле­фонның ішінде». Қазір біреуді біреу іздеп жатқан жоқ. Заман өзгерді. Уақыт тапшы. Әркім өз мұқта­жын өтеуге тырысады. Көркем әдебиет оқуға құ­лықты емес. Кітаптағы оқиға­ларға ойы бөлініп отырғанда өмір­дің талай қы­зығынан қалып қоятындай алаң­дайды. Біздің қоғам жетпіс жыл «ко­мада» жатып оянған сырқат жан сияқ­ты. Жастар тез түсінетін нәрселер санамызға баяу сіңеді» дейді. Әр әңгімесі мөлдір бұлақ іспеттес... Жазушы Мағира Қожахметова балалар басылымында Машқар ағамен бірге жұмыс істеген. Ол кісі де балалар әдебиетінің көрнекті өкілі болған жан­дардың ұмытылғанына қамығады. «Өкінішке қарай, Машқар Гумеров­тің ғана емес, өмірден өткен басқа да ба­лалар жазушыларының шығармалары жиі шыға бермейді. Мұны назарда ұстап зерделейтін механизм қалыптаспаған бізде. Көңілге демеу болатыны – Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың құрас­тырып шығарған 10 томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» ғана. Балаларға арнап жазатын Роза Әбіл­қадырова деген талантты жазушы болды, қазір есімі мүлдем аталмайды... Марат Қабанбай, Қаржаубай Омаров, Сейітқұл Оспанов, Сансызбай Сарғасқаев, Шәкен Күмістай туындыларын оқырман ұмыта қойған жоқ. Шүкір, ақындарды ептеп іздейді. М.Әлімбаев, Қ.Мыр­залиев, Т. Молдағалиев, Е.Өтетілеуов, С.Қалиев, Ә. Дүйсенбиев, Е. Елубаев, Ө. Ақыпбековтардың түрлі жанрда ба­лаларға арнаған дүниелері ұдайы айна­лымда» дейді. Ол кісінің айтуынша, Машқар Гумеровтің алғашқы әңгімесі «Пионер» журналына жарияланғандықтан, редак­цияға жиі келеді екен. Кейін «Ақжелкен» аталған кезде сол журналда жұмыс істеп жүрген Мағира апаймен жиі кездесіп жүріпті. «1997 жылдың күзі болуы керек, бұл кезде қартайған, көзі әрең көреді. Келіп, қасымда біраз отырды. Жазып жатқан романын аяқтап үлгермей, «өліп қал­майын» деді. Қызының мұсылман­шы­лыққа пәлендей жүрегі бұрмайтынын, әкесінің молда болғанын, бауырлары-ның әйелдері өзге ұлт өкілдері екенін әң­гімелеп берді. Өз тағдырынан да қызық­ты деректер айтты. «Осыларды міндетті түрде жазыңыз, бұл сіздің ғана емес, бүкіл қоғамның, жүйенің өмір­баяны ғой» дедім. Өн бойынан қажып-шаршаса да өмірге деген құштарлық сезіледі. Қазақ тілі туралы шынайы те­бі­ренісі, бір кездегі таза мұсылман от­басынан жалғыз өзі қалғаны, қартай­ған­дағы жалғыздығы көңілге мұң ұялатты. Кеңсеге көзілдірігін тастап кетіпті. Телефон шалып, кейін алатынын айтты. Қазір сол әңгімелерін жазып алмағаныма қатты өкінемін. Үш-төрт жылдан кейін өмірден өтті. Бай кітапханасының қараусыз, шашылып қалғанын естіп мұңайдық. Башқұртстан­да туып, он жасында Солтүстік Қа­зақстанға көшіп келіп, қазақша оқып, қабырғалы қаламгерге айналған Маш­қар Гумеровтің ертегі, әңгіме, хикаят­тары, фантасти­калық повестері жинақ­талған «Ана мен бала», «Үш күн, үш түн», «Асыл дәрі», «Жоғалған кілт», «Хазірет қарғаған ауыл», «Жұмбақ сәуле», «Құпия дәптер» және басқа да кітаптары қазақ әдебиетіне қосылған өлмес мұра екені даусыз», – дейді Мағира апай. Осыдан үш жыл бұрын жазушы, баспагер Бағдат Мәжитов балалардың ой-өрісіне пайдалы бес кітаптың ішіне оның 2009 жылы басылған «Бұл не керемет?» кітабын енгізіп: «Машқар Гумеров шығармаларының ғажап тіліне, бала жанын түсіне білетініне, бала жүрегіне жол тауып, сырласа алатынына қайран қаласың. Әр әңгімесі, ертегісі мөп-мөлдір балбұлақ іспеттес» де­генінен артық асыра айта алмас­пыз, – дейді жазушы. Мұғалімдер мен маман­дар тарапынан Машқар Гу­меров­тің шығарма­ла­рын тал­да­ғы­сы келетін­дер бар еке­­нін, алдағы уақыт­та рес­­публи­ка­лық дең­гей­дегі ба­лалар кітапхана­лары­ның бі­ріне, мек­тептерге, кө­шелерге есімі бе­рі­лер деген үміті ба­-рын да жасыр­мады. Тәуелсіздік алған алғашқы тұста Машқар Гумеров «Қазақ әдебиеті» га-зетіне сұхбат беріпті. Бұл 1997 жылдың бедері болса керек. Сол сұхбатында жазушы «нағыз жазатын кез – осы кез» екенін айтып, елдік, ұлттық мүдде туралы әңгіме қозғаған екен. «Жас ұлғайды, жазудан басқа шаруа қолдан да келмейді. Бұл – бір. Екінші кейбіреулер: «Түк жазбай жүрмін. Мынадай аласа­пы­ран кезде не жазуға болады?» деп ақ­талады. Бос сөз. Темір құрсаудан құ­тылып, нағыз шабыттанып жазатын кез енді туды. Әттең, осы еркіншілік кезең бұдан 30-40 жылдай бұрын басталса ғой. Онда күш-қуаттың мол кезінде, құлаш­ты неғұрлым кең сермеуге, ой-пікіріңді ашық айтуға, сөйтіп, өзіңе қатты ұнай­тындай көркем шығармалар жазуға болғандай екен» деген ой айтады. Жазған дүниелерін шығару, кітап қылып бастыру қиын екенін айтып, жазған-сызған дүниелерін газет-жур­налдарға апарып жүрсе керек. Демеуші тауып, кітап шығаратындар көбейген кезде қай шығарма қандай деңгейде екенін де айыра алмаған заман туғанын айтып қамығады жазушы. Одан бері де 26 жылдай уақыт өтіпті. «Әдебиет пен өнер ілгері даму былай тұрсын, біржолата тоқырап, кері кереді» деп қауіптенген жазушының өзінің де шығармалары ұмытылып кете барды. Қазір мектеп жасындағы балалардың дені Машқар Гумеровтей жазушы өт-кенін біле бермейді. Қазақ әдебиетіне, оның ішінде балалар әдебиетінде орасан үлес қосқан жазушының ізі көмескі тартып, жоғалып барады. «Қазір әде­биетті де, әдебиетшіні де іздейтін ұрпағы ғана. Том-том кітап жазғандардың өзі ұмытылып барады» деген еді жазушылар­дың бірі. Сол сөз шындыққа айнал­ғандай... Машқар Гумеров мұрасын іздегенде, бұған біздің тағы бір рет көзіміз жетті... Машқар Гумеров шығармаларын да «шаң басқан архивтерден» ғана таба­тынымыз өкінішті...