Үйлену оңай, үй болу қиын. Ал өз жартыңды жаңылмай кездестіру одан да қиын. Бұрын жастардың жар таңдауына жеңгелері ықпал ететін. Тоғжанның Қарашаштай, Ботагөздің Айбаладай жеңгесі осыған мысал. Ал қазір жеңгелер институтының қызметін танысу сайттары мен платформалар атқаруда. Tinder, Badoo, Mamba сияқты танысу қосымшалары жастар арасында кеңінен танымал. Дегенмен интернеттен өз махаббатын тапқандарға қарағанда алаяқтарға алданып қалғандар да аз емес. Қазір танысу сайттарының да аудиториясы сан алуан. Айталық, интернетте мұсылмандарға арналған танысу сайттары көп. Тіркелушілер саны да күн санап өсуде. Қойылатын талап біреу – тек дін жолында болсаң жеткілікті. Бірақ ұйымдастырушылары тасада отыратын сол сайттар халықаралық террорлық топтардың торына апаратын «даңғыл» екенін көп адам түсіне бермейді. Салдарынан қаптаған жарнамаға сеніп, талай сұлу шекара асып, содырға жар боламын деп опық жеді. Ал керісінше, заманауи таныстық пен тұрақты қарым-қатынас іздейтіндер үшін Telegram желісінде «Леонардо Дайвинчик» боты мен Tinder, Badoo, Bumble сияқты сервистер де бар. Tinder-де танысу ұят емес Бір ғана Tinder сервисін ай сайын 75 млн-нан астам адам қолданады. 400 миллионнан астам рет жүктелген. Әлемнің 190 мемлекетінде 40-тан астам тілде қолжетімді. Бағдарламаның 65 пайыз қолданушысының жасы 35-тен төмен. Tinder-ге тіркелу үшін: телефон нөмірін, электронды поштаны көрсету қажет. Жеке профильді толтыру кезінде желі қолданушысы жынысын көрсетеді: әйел, еркек немесе бисексуал. Егер қолданушы өзін ермін деп көрсетсе, оған тек әйелдер ғана танысуға ұсынылады. Әйелдерге ер адамдар шықса, өзін бисексуал деп көрсеткендер әйелдерді де, ерлерді де көре алады. Сервис потенциалды жұптарды қашықтық бойынша іздестіреді. Сондай-ақ, желінің тегін-базалық пакеті және ақылы премиум пакеті бар. Бір айға арналған пакет – 4690 теңге тұрады. Мұның ішінде сізге кім лайк қойғанын көре аласыз және фотолар мен ақпараттарыңыздың кімге көрінуі тиіс екенін өзіңіз бақылай аласыз. Базалық пакетте мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған.Tinder-ді көпшілігі жеңіл-желпі, еш міндеттемесіз қарым-қатынас құруға арналған желі деп есептейді. Сервисте көп адам профильдеріне танысу мақсаттарын жазып қояды. Соның ішінде өздері туралы ақпаратпен де бөлісетіндер бар. Мәселен: «Үйленгім келеді», «Бірге көңіл көтеретін дос іздеймін», «Білімді қыз іздеймін», «Әйел болатын қыз керек» деп қалаулары мен тілектерін ашық білдіретіндер жетіп артылады. Психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, жастардың интернет арқылы танысуы – қалыпты жағдай.
– Қазір онлайн платформаларда танысып, сол жақта қарым-қатынас құру трендке айналды. Себебі жастарға Тinder-де сөйлесу ұнайды. Олар виртуалды әлемде өздерін еркін сезінеді. Осылайша, көзін көріп тұрмаған адамға ашылып, қысылмай әңгіме айтады. Іштегі мазалап жүрген ойларын айтып, өзін мінсіз адам ретінде таныстыруға онлайн орта барлық жағдайды жасап қойған. Осылайша, уақыт өте келе адамдарда бір-біріне деген онлайн тәуелділік пайда болады, – дейді психолог Лимана Қойшиева.Бірнеше жыл бұрын үйленген жұптар әлеуметтік желіде таныстық деп айтудан ұялатын. Себебі қоғам виртуалды әлемде шынайы махаббат оқиғасының болатынына сенбейтін. Ал қазір өмірлік серігін Badoo мен Tinder-де жолықтыратындар көп. Танысу сервисінде табысқан жұптардың бірі – Диас пен Ақнұр. Қазір олар ұл өсіріп, үлгілі отбасыға айналған.
– Бұрынғыдай жеңгетайлық арқылы танысып, отбасын құратын уақыт емес. Сондықтан таныстарымыз бен туыстарымызға Badoo арқылы таныстық деп айтудан ұялмаймыз. Мен Диасқа өзім бірінші жаздым. Себебі ол менің суреттеріме үнемі лайк баса беретін. Парақшасына кіріп қарасам, тәп-тәуір жігіт екен. Хоббиларымыз да ұқсас. Осылайша, Badoo-да сөйлесіп, алғашқы кездесуімізде киноға бардық. «Осы жігітке үйленіп кетемін» деп ойламадым. Бірақ Диас әрқашан қиын сәтте қолдап, қасымнан табылды. 6 айдан кейін ұсыныс жасап, үйленетін болып шештік, – дейді Ақнұр.Ал психолог Ержан Мырзабаевтың пікірінше, желі арқылы танысуға көбіне орта жастағы адамдардың жүгінуі олардың мансабын жасаған соң жан-жағына қарап, серік іздей бастауымен байланысты. Олар көп жұмыс істейтін болғандықтан жұмыстан бөлек, сырттан қарым-қатынас құруға уақыты бола бермейді. Сондықтан интернетте танысу оларға жеңілірек.
– Шын өмірде жастардың бір-бірімен танысуына кедергі көп. Біріншісі, жұмысбастылық. Екіншісі, ағалары інілеріне, әпкелері сіңлілеріне жар таңдауға үйрететін тәжірибе жоқ. Үшіншісі, жастар виртуалды әлемдегі өтірік өмірге қатты үйреніп кеткен. Шынайы өмірдегі шындықтан қорқады. «Сүйген адамым қолымды қайтарса, не істеймін?» деген қорқыныш басым, – дейді психолог.Алаяқтар да арбайды Дегенмен танысу сервистерінде тек ниеті таза жандар отырады деп айта алмаймыз. Қыздардың сезімін пайдаланатын джентльмендер мен қалталы жігіттердің ақшасына құмар алаяқтар да бар. Айталық, былтыр Британдық режиссер Фелисити Моррис израильдік алаяқ Саймон Леваевтың шынайы оқиғасы негізінде деректі фильм ұсынды. Netflix-те жарық көрген «Tinder-дегі алаяқ» фильмі әйелдерді эмоционалды манипуляциялау арқылы ақша табатын халықаралық қылмыскердің оқиғасын баяндайды. Сюжет бойынша израильдік Шимон Хают (шын есімі) өзін орыс-Израиль Гауһар магнатының ұлы ретінде таныстырып, негізінен орталық және Солтүстік Еуропадан келген әйелдерді алдайды. Басында қыздардың сеніміне кіріп, жеке ұшақпен, қымбат отельдерді көрсетіп, өзінің байлығына таңғалдырады. Осылайша, алаяқтың құрбандары оны мінсіз жігіт санайды. Тіпті, Саймон желідегі парақшасын да адам қызығатындай жүргізетін болған. Оның киген киімі мен іс-сапарларының көптігіне қыздар сеніп қалады. Алаяқ қарапайым әйелдердің сеніміне кіргеннен кейін, өзінің қиын жағдайға тап болғанын айтып ақша сұрап алады. Осылайша, қыздар жақсы көрген жігітіне сеніп, бірнеше банктен қарыз алып береді. Бірақ алаяқ бір қыздың ақшасына келесі қызды қыдыртып, байдың баласының рөлін сомдай береді. Бұл фильм шыққаннан кейін Шимон Хают 15 ай түрмеде отырып шығады. Бірақ өзінің алаяқ екенін әлі де мойындамай еркіндікте жүр. Ал оған қарыз берген жүздеген қыз банк алдындағы берешектерін өтеуде.
– Интернетте алаяқтар көбейгені белгілі және олардың мақсаты – оңай олжалы болу. Осы орайда барынша балаларды интернет арқылы танысудан сақтау керек. Көп елде интернетте танысуға тыйым салынған. Бізде осылай ата-аналар балаларына назар аударуы тиіс. Әрине, ересектер өз қалауларынша әрекет етеді. Дегенмен алаяқтар түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады, адамның қажеттіліктеріне байланысты әрекет етеді, – дейді психоаналитик Шырын Айдарова.Оның айтуынша, Tinder Парето заңы бойынша алгоритмдер негізінде жұмыс істейді. Яғни, 20% күш-жігер, 80% нәтиже береді, ал қалған 80% күш, тек 20% нәтиже береді. Заңдылық аясында желіде де ерлерге әйелдерді, әйелдерге ерлерді алгоритм бойынша ұсынып отырады. Сондықтан желі қолданушысы интернет арқылы танысуда қауіпсіздікті ең бірінші орынға қоюы керек.
– Танысу сервистеріне тіркелгенде ешқандай деректерді таратпай, телефон, инстаграм желісін еш уақытта тіркемеген абзал. Жеке басым ешқашан ақпараттарымды сервистермен байланыстырмаймын. Тіпті, аты-жөнімді де өзгертіп тіркелемін. Шынайы өмірде танысуға мүмкіндік көп болғанымен, көп уақытымызды интернетте өткізетіндіктен, орта буын өкілдеріне осы орта танысуға өте ыңғайлы, – дейді Tinder қолданушысы Дана.Ендеше танысу сервистеріне сұраныс арта бермесе, кемімейді. Өйткені уақытының көп бөлігін смартфонға телміріп өткізетін, жұмысбасты адамдар үшін интернет таптырмас құрал. Алайда аңдып баспаса, алаяқтардың қақпанына түсетіндерін естен шығармау керек.