«Екі баласын екі адамнан тапқан»: Алматы облысының тұрғыны қыздары мен жиендерін үйінен қуып жіберді
«Екі баласын екі адамнан тапқан»: Алматы облысының тұрғыны қыздары мен жиендерін үйінен қуып жіберді
Фото: видеодан алынды
1,332
оқылды
Алматы облысына қарасты Сарыөзек ауылының тұрғындары Алматыдағы көлік жуатын аядай бекетті паналауға мәжбүр болған. Мектеп жасындағы және жасқа толмаған балаларымен далада қалған апалы-сіңлілі қыздар бұған әкесін кінәлап отыр, – деп жазады "Дау-дамайсыз" бағдарламасына сілтеме жасаған nur.kz. 30 жастағы Альбина Немербаева өзінің екі баласымен және сіңлісі Айгерімнің екі баласымен қаладағы көлік жуатын жерді мекендейді. «Анам қайтыс болған соң әкем өзгере бастады. Кетіңдер деп көп айтатын. Бірақ дәл осылай қуып жібереді деп ойламаппын. Таңғы сағат бес жарымда қуып шықты. Менің екі баламды және сіңлімді кішкентай екі баласымен қуды. Пәтер жалдау қымбат әрі көп баламен алмайды. Балаларым сабақтан қалып жатыр», – дейді Альбина. Альбинаның сіңлісі Айгерім жиырмадан енді асқан. Бұл отбасында жалпы есебі алты бала бар. Аналары өмірден өткен соң үйдің де берекесі кеткен. «Анам кеткелі басымнан сипап, құшағын жайған емес. Мен оны өзіне де айттым. Суық болып кетті. Бұл бірінші рет емес, бұған дейін де талай қуып жіберген», – дейді Айгерім Айтқабылова. «Дау-дамайсыз» журналисті Гүлмира Әбіқай Сарыөзектегі қара шаңыраққа барып, төрт жиені мен екі қызын қуып жіберген қариямен кездесті. «Үйге қара десем, қарамайды. Мына қыз (Альбина – ред.) машина жуамын деп, Алматыға кетті, аллаху акбар. Мына қыз (Айгерім – ред.) жатыр. Королева болып жатқысы келеді. Екінші баласын туды. Бірінші баласының әкесін айт десем, айтпайды. Баланың әкесін де, руын да білмейді. Мыналардың әкесін табу керек. Алимент алмайды. Ертең бұлар қалай өседі? Кім біледі, мен өліп қалсам, бұларды кім асырайды? Екеуінің әкесі екі кісі. Ел-жұрттан ұяламын», – деді Шахзада Немербаев. Альбинаның да екі баласына күйеуі алимент төлемейді. Өзінің басқа отбасы бар. Осы орайда, «Дау-дамайсыз» бағдарламасы көлік жуатын бекетте тұратын апалы-сіңлілердің мәселесін шешті. Бағдарлама жүргізушісі аудандық білім бөліміне хабарласып, балалардың мектепте білім алуына әрі қарай жағдай жасау керектігін айтқан. Өз кезегінде білім бөліміндегілер мектептің жанынан жалдамалы пәтер тауып берді. Екі ана мен төрт бала жалдамалы пәтерде алты ай тегін тұрмақшы. Ал біраз күн бойы сабақтан қалған балалар мектепке қайта оралды. Енді Альбина мен Айгерім жұмыс іздеп, әрі қарай тіршілік етудің қамын жасамақшы.