Ринат Зайытов алғашқы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады
Ринат Зайытов алғашқы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады
1,853
оқылды
«AMANAT» фракциясының депутаты Ринат Зайытов Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында алғашқы депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Жаңа сайланған депутат өз сауалында мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесі жайлы айтты. Ринат Зайытовтың айтуынша, бүгінде мәдениет қызметкерлері мүлде ескерусіз қалып отыр.
«Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бірнеше өнер ұжымдары да бар. Ғ. Мүсіреповтің: «Адам – өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» деген насихат сөзі бар. Өкінішке қарай, біз бүгінгі күнде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлерін мүлдем ескерусіз қалдырудамыз», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, мәдениет саласының қызметкерлері қатарында сахнада өнер көрсететін тұлғалар ғана емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары да бар екеніне тоқталды.
«Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан да орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын тұралатуға әкеліп соғады. Құрметті Алтай Сейдірұлы, осы орайда, мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының қосымшасына мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің коэфиценттерін өзгертіп, жалақыларын өсірулеріңізді сұраймын. Құрметті Алтай Сейдірұлы, Сіз Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында бірлесіп жұмыс жасауға уәде берген едіңіз және де қайта жасақталған министрлер кабинеті «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын толықтай іске асыруға еңбектенетінін хабарлағансыз. Сол себепті менің сауалым оң шешімін табады деп сенемін», - деп түйіндеді Ринат Зайытов.