Солтүстік Қазақстан облысында «Bir Tolqynda» диалог алаңының кезекті басқосуы өтті. «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев және блогер Яков Федоров петропавлдық рухтастармен кездесті. Кездесуде төраға қатысушыларға Жастар қанатының атқарып жатқан жобалары мен алда өтетін шаралар туралы айтып берді. Сондай-ақ Яков Федоров «Менің елім – менің тілім» жобасы жайында, әлеуметтік желімен жұмыс жасау бойынша тетіктерге тоқталды. Айта кететіні, «Bir Tolqynda» диалогтық алаңы аймақтарда тұрақты түрде өтіп тұрады. Онда жастарды толғандыратын мәселелер көтеріліп, қызықтырған сұрақтарын қойды. Естеріңізге сала кетсек, биыл қаңтар айында басталған «Менің елім – менің тілім» жобасы сәтті жүргізіліп жатыр. «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйытқы болған жоба Қазақстанның көптеген аймақтарында жалғасын табуда. Мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, насихаттау.
«Мағжан Жұмабаев жерінде «Менің елім – менің тілім» жобасы айрықша маңызға ие болып отыр. Тренинг өтіп жатқан кітапхана іші бүгін де лық толы. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері жиналғанмен, олардың мақсат-мүдделері бір. Ана тіліміз – қазақ тілін үйреніп, оның мәртебесін, қолданыс аясын арттыру үшін бас қосуда десем қателеспеймін. Тілдің беріктігі нығайса, еліміздің тұтастығы мен бірлігі де күшейе түспек. Тіл мәселесі қоғамда өзектілігін жоғалтқан емес. Төл тіліміздің айналасында туындап жатқан сұрақтар, мәселелермен күресуде, оның салдарын жоюда жастар қанаты қолдан келгенше жұмыс істейді. Әр қазақстандықтың міндеті – туған тілін қастерлеу, құрмет таныту болса, рухты жастардың парызы соған себепкер болу екенін атап өткім келеді», – дейді жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.Жоба шеңберінде осы күні Петропавл қаласында «Сөйле» үйірмесінің шеңберінде қатысушылармен ашық сабақ өтті. Онда түрлі лайфхактар, ерекше форматта түсіндіру мен оқыту әдістері көрсетілді.
«12 аймақта жүргізіліп жатқан «Сөйле» тілдесу үйірмелеріне біз түрлі санаттағы азаматтарды жинадық. Үйірменің оқытушылары да тілді өздігінен үйреніп, меңгерген өзге ұлт өкілдері. Олар мүмкіндігінше қарапайым, оңай деген тәсілдермен оқытуда. Қазақша үйреніп бастағандар арасында отандық мәдениетке, дәстүрге қызығып, әуесқой зерттеп жүргендері де бар. Бұл жерден тіл мен мәдениет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста екенін анық байқадық. Тілмен қатар мәдениетті насихаттауға септік етіп, жақсы бастамаларға себепші болғанымызға қуаныштымыз», – дейді жоба инфлюенсері, тіл жанашыры Яков Федоров.«Сөйле» тілдесу клубтарына кез-келген азамат қатыса алады.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ