Былтыр Президент Жарлығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылды. Осылайша, өңірлердің тарихи атауы қайта жанданды. Бұл өзгерісті халық көптен күткен еді. Ендігі кезекте қоғам белсенділері мен тарихшы ғалымдар Павлодар мен Петропавл қаласының тарихи атауын қалпына келтіру жайын көтере бастады. Осыған орай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевпен тілдестік. – Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын қазақшалау туралы пікір жиі айтылып жүр. Келісесіз бе? – Иә, келісемін. Павлодар, Петропавл қалаларының атауын міндетті түрде қазақшалау керек. Бұл кезек күттірмейтін мәселе. Әсіресе, қазіргі уақытта. Біз тоқсаныншы жылдары Ресейде Ельциннің билігі жүріп тұрған кезде бұл мүмкіндіктен айырылып қалдық. Ельциннен кейін Ресейдегі режим қатаң болып кетті. Әртүрлі жағдайларға байланысты біз шекаралық аумақтар түгілі, орталықтағы аймақтарды да қазақшалай алмадық. Процесс тоқтап қалды. Қазір оңтайлы сәтті пайдаланып, Павлодар мен Петропавлды міндетті түрде қазақшалауымыз керек. Бұл мәселені неғұрлым жылдамырақ шешсек, өзімізге соғұрлым пайдалырақ болмақ. Өйткені бізге ұлттық, мемлекеттік сәйкестік қалыптастыру керек. Соңғы кезде Петропавлда болған оқиға осы екі сәйкестіктің қалыптаспағанын көрсетіп берді. «Мемлекетті корпорация» деп атаған сепаратистік көзқарас мемлекетті мойындамау деген сөз. – Егер екі қаланы қазақшаласақ, қандай атау бергеніміз дұрыс? Себебі кейбір қоғам белсенділері Кереку сөзі қазақтікі емес деп жүр. – Екі қаланың атауын қазақшалау аса қиын емес. Саяси жағынан қиындықтар туғызғанымен, түпкі топонимдер де мәселе жоқ. Петропавлдың ерте заманнан бергі атауы – Қызылжар. Ал Павлодар қаласының ескі қазақ заманындағы атауы –Кереку. Екеуі де аймақтың табиғи ландшафтық ерекшеліктерін көрсетеді. Павлодардың Кереку атанатынын солтүстік-шығыс аймақтағы халықтың барлығы біледі. Кереку деген сөз «Кереге» деген сөздің орта ғасырлық оғыз тіліндегі нұсқасы. Кез келген тіл тірі ағза тәрізді даму жолынан өтеді. Орта ғасырлардағы нұсқасы бір бөлек, қазіргі замандағы нұсқасы бір бөлек. Ерте заманда «Кереке, Кереку» атанған. 1969 жылғы Ленинградта шыққан көне түркі сөздігін қарасаңыз, онда кереге деп жүр. Кереге деген сөз Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат-ат-түрк» сөздігінде «Кереку» деп көрсетілген. Керекуді киіз үй, шатыр деп аударады. Павлодар қаласының дәл ортасында, Ертіс жағасында ел демалатын жағажай бар. Қазіргі қала тарихы сол жағалаудан басталады. Жағалау тура киіз үй сияқты жарда орналасқан. Міне, Кереге жар атанатыны осыдан. Егерде өзеннің сол жағалауынан не ортасынан Павлодарға қарасаңыз жардың киіз үйге ұқсайтынын байқайсыз. Сондықтан бұл атау – табиғи ландшафтан шыққан топоним. Тарихи дәлелдер де көп. Сондықтан Керекуді жатсынудың қажеті жоқ. Адам баласы «ата-анам қартайып кетті» деп әке-шешесінен бас тартпайды ғой. Бұл да сол сияқты. Біз «Кереге» деп жүрміз деп, орта ғасырлардағы қалыптасқан «Кереку» сөзін өзгерте алмаймыз. Бертінге дейін біздің ата-бабамыз осы атауды сақтап келді. Әлі күнге дейін Баян, Май аудандарының, Қарағандының батыс аудандарының қазақтары Павлодарды Кереку дейді. Бұған жүздеген дәлел бар. Оны жазып та жатырмын. Ал Керекуді Коряковтан шыққан деген ұғым орыстардың шала сауатты тарихшыларының айтып жүрген аңызы. Қазіргі тілмен айтсақ, жалған ақпарат. Өйткені олар бір әңгімесінде Коряковты генерал дейді. Бірақ ешқандай құжатта генерал Коряков деген жоқ. Бір әңгімесінде оны «тұз өндіруші» дейді. Сібірдегі тұз өндірушілердің бүкіл тізімінде Коряков деген адам жоқ. Керек жар, Кереге жарды олар өздері Коряковқа айналдырып жіберген. –Ал Қызылжар атауы қайдан шыққан? – Қызылжар – Есіл өзенінің бойындағы белгілі қоныстардың бірі, әрі жардың атауы. Өзеннің минералдық құрамына байланысты жағасындағы жарлар әр жерде әртүрлі болып жатады. Кей жерлерінде сарғыш болса, кей жерлерінде қызыл болады. Қызыл түстің көп болғаны судың құрамында темір элементі көп. Сондықтан жар қып-қызыл болып жатады. Соны қазақ Қызылжар, Қызылтау, Қызылөзек деп атаған. Есіл өзенінің бойындағы жердің өңі қызыл, сол жердегі жар қызыл. Сол себепті Қызылжар атауы пайда болған. Орыстар ол жерге бекініс салған. 1752 жылдарға дейін Қызылжар халықтың көп қоныстанатын орны болған. Петропавлдың жанында ортағасырлық қалашықтардың орны бар. Оны біздің мықты археолог мамандарымыз зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізді. Қызылжар жай ғана ерте заманнан келе жатқан топоним емес. Сол жерде қалалық қоныс болған. Қызылжар мен Кереку атауының пайда болғанына кемі мың жыл болды. – Әңгімеңізге рақмет!