Әлеуметтік желілерде Алматы облысы тұрғыны баласының өліміне бала күтушісін кінәлаған видео тарады.
Бейнежазбада әйел адам өзінің екі баласын бала күтушісіне тастап кеткенін, артынша бір баласының денесін алып қайтқанын айтады.
«Мен 25-і күні баламды күтушіге тастап кеткен едім. Артынша баламның денесін алып қайттым. Алайда бала күтуші әділ жазадан құтылып кеткен сияқты. Міне, бүгін, 6 сәуірде ол «дәлел аз болды» деген себеппен бостандыққа шығып кеткен. Сонда бала өліп қалса да, дәлел жетіспейді дегендері қалай? Мен тергеудің әділ жүргізіліп, кінәлі адамның әділ жазалануын сұраймын», – дейді әйел.
Белгілі болғандай, қайғылы оқиға Талғар ауданы Жаңалық ауылында болған. Бала күтуші 2 жастағы баланы 3 жастағы әпкесі тұншықтырып өлтірді деп мәлімдеген.
Аталған жайтқа қатысты Алматы облысының прокуратурасы пікір білдірді.
Ведомство мәлімдегендей, баланың анасы полиция бөліміне арыз жазып, кішкентай ұлы 30 жастағы күтушінің үйінде кезекті рет болған кезде қайтыс болды деп шағымданған.
«Талғар аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Меңлібаев аудандық прокуратураға екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жолдады. Оның өтінішін прокуратура қолдап, істі қарау үшін тергеу сотына жолданды», - деді Алматы облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Мақсат Абиров.
Ол қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын атап өтті. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді.