Іс-шараның кіріспе сөзінде Қазақ Ұлттық өнер университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Ғайни Мұхтарова: «Бүгінгі іс-шарадан бөлек 28 сәуір көркем өнер факультеті атынан сурет көрмесі дайындалады. Бұл көрмеде тек Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қоғамдағы үлесіне емес, жалпы қазақ тарихындағы қайраткерлерге арналған тарихи жанрдағы дүниелер болмақ. Бұл іске жастардың көптеп тартылғанын қалаймын. Осылайша, біз Темірбек Жүргеновтің ұстанымын көпке дәріптегіміз келеді», – деді. Ал Темірбек Жүргенов қоғамдық қорының төрағасы, Қызылорда қаласы Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сәби Аңсат қайраткердің өмір жолын дәріптеудегі жетістіктер мен кемшіліктер туралы кеңінен әңгімелеп, 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін ұйымдастырудың тарих үшін қаншалықты маңызды болғанын айта келе, «Онкүндік Қазақтың айрықша мәдениетіне Мәскеудің көзін әбден жеткізді. Қылған қиянаттарына қынжылтты. Дәл осы оқиғадан соң, яғни 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болып қайта құрылдық. Осыған онкүндіктің себі болмады дейсіз бе? Оған дейінгі автономиялық статусынан Кеңестер Одағы құрамындағы дербес республика атандық. Республика атануымыздың арқасында 1991 жылы Кеңестер Одағы тарағанда жеке дара мемлекет болып Тәуелсіздігімізді жариялауға мүмкіндік туды! Еншімізді алдық! Егерде бұрынғы автономиялық статус күйінде қалғанымызда, Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресей құрамында қалып қойған болар ма едік. Бұл менің емес – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді мен тарихшы ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтардың тұжырымы» деп атап өтті. «Жүргеновті ойласам «Мұхтар Әуезовтың Абай туралы айтқаны есіме түседі. Ол Абайдың үш рухани бұлағы болды дейді. Бірі қазақтың ескі әдебиеті, екіншісі орыс әдебиеті мен мәдениеті, ал үшіншісі шығыс әдебиеті. Темірбек Жүргеновте дәл осылай рухани күш алған адам», – деді саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір. Белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, Ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Мұқышеваның ойынша Темірбек Жүргеновтың кино өнеріне сіңірген еңбегі көп зерттелмеген. «Темірбек Жүргенов кино өнерінің ұлтқа қызмет ететін нағыз идеология екенін сол кезде білген. 1935 жылы Қазақстандағы кино ісін ұйымдастыру туралы қаулыға қол қойған. Осы қаулы Қазақстанның өз киностудиясының дүниеге келуіне себеп болды. 1936 жылдан бастап алдымен Алматы кинохроника студиясы, кейінірек көркемсуретті фильмдер студиясы жұмыс істей бастайды. Ал 1945 жылы осы екі студия бірігіп, Алматы көркемсуретті және хроникалық-деректі фильмдер студиясына айналады. Міне, бәріміз білетін «Қазақфильм» киностудиясының тарихы осылай басталған еді. Фильмдер өндірісі болмай, кино өнерінің аяқ алысы да ілгерілемейтіні белгілі. Ал өз студияңыз болмай, фильм өндірісі де жүзеге аспайтыны мәлім. Сондықтан 1935 жылғы қаулының қазақ киносының келешегі үшін маңызды рөл атқаратын тарихи құжат екені айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ, Т. Жүргенов 1938 жылы экранға шыққан «Амангелді» фильмінің түсірілуіне зор еңбек сіңірген тұлға. Өкінішке қарай, Т. Жүргеновтің кино өнеріне сіңірген еңбегі көп айтыла бермейді. Зерттелмеген тақырыптардың бірі десек те болады. Жүргеновтің осы қыры болашақта кеңінен зерттеледі деп ойлаймын», – деді Назира Мұқышева.Әрине, дөңгелек үстелде қайраткердің тұлғасына қатысты түрлі ойлар айтылды. Көптеген тың деректер де ортаға салынды. Мәселен, Phd докторы, ҚазҰӨУ-нің доценті, театртанушы Нартай Ескендіров М.Әуезовтің қаламынан туған «Хан Кене» (1928 жылы жазылған) пьесасының сахнадан көрсетілуіне де Т.Жүргенов үлкен ықпал жасағанын атап өтті. «Спектакль премьерасынан кейін «Хан Кене» деген мақаласын орыс тілінде жазып, «Казахстанская правда» газетіне бастырған» деді зерттеуші. Ал бұл мәліметтер мектеп оқулықтарында кездесе қоюы неғайбыл. Дөңгелек үстел отырысынан кейін мемлекет және қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Темірбек Жүргеновтің қазақ өнері, әдебиеті, мәдениетіне және білім саласына қосқан зор үлесін дәріптеу, мемлекетке сіңірген еңбегі мен күреске толы өмір жолына шолу жасау ешқашан тоқтамағаны дұрыс деген ой түйдік. Мұндай іс-шаралар арқылы өскелең жас ұрпақтың санасына мемлекетшілдікті, ұлттық мүддені қорғауды, ұлтқа қызмет етудің азабы мен абыройын сіңіру мүмкіндігі пайда болар еді.
Ш.АТЫХАНҰЛЫ