Шаңды дауылдан көз ашпайтын Қызылорда халқы ала жаздай көше бойында жайқалған талдардың саясында жан сақтайды. Соған сай көктем басталысымен көшелерге көшет отырғызып, көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бірақ соңғы кездері өсіп тұрған талдарды белгісіз себептермен аяусыз қырқып жатқандар бой көрсетіп тұр. Бұл табиғат жанашырларының ашу-ызасын туғызды. Әлеуметтік желіде Сыр өңірінде талдарды аяусыз кесіп жатқан видео тарады. Қызылорда қаласы ғана емес, іргелес қоныстанған аудандарда да жасыл желектерді жөнсіз отап жатқандардың әрекетіне көпшілік наразылық білдіріп жатыр. Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың өзінде Сыр өңірінде 20 мыңнан астам Сыр талы, қара ағаш және жеміс ағаштарының көшеті отырғызылған. Сол уақытта «Таза табиғат» экологиялық акциясы аясында 6 мыңнан астам тұрғын белсенділік танытыпты. Былтыр да көркейту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Биыл да ерте көктемнен көшет отырғызу жұмыстары қарқын алды. Бір ғана Қызылорда қаласында 3500 түп ағаш отырғызылды. Алайда егілген талдардың көктеуі қалай? Күтіп-баптау жұмыстары лайықты жүргізіліп жатыр ма? Табиғат жанашырлары осы мәселеге бас қатырып жүр.
«Облыста тал егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгенімен, оны күтіп-баптау өз деңгейінде емес. Талды кесу, балақтау жұмыстары өз талаптарына сәйкес жүргізілмейді. Бір ғана мысал айтсам, Қызылорда қаласындағы Ықсанов училищесінің алдында өсіп тұрған талдарды соңғы алты жылдың ішінде үшінші мәрте кесіп жатыр. Жыл басында көршілес қоныстанған Жалағаш ауданының орталығында қаншама жасыл желек жаппай кесілді. Бертін келе, мұндай жағдай Жаңақорған ауданында да бой көрсетті. Осындай келеңсіздікті тоқтату мақсатында дабыл қақтық. Бірақ талды кесуге кімнің тапсырма бергені анықталмады. Басқармалар бір-біріне сілтеп отыр. Ал біздер мұндай бассыздық тоқтатуды талап етеміз. Осыдан 6 жыл бұрын да талдарды жаппай кесу жұмыстары көрініс тауып, қарсылық білдіріп, тоқтау салған болатынбыз. Сол кезде жайқалып тұрған жасыл желектерді кесуді қарғалардың талдарды топтасып паналап, қала көшелерін ластап жатқандығымен түсіндірген еді. Ал бұл жолғы келеңсіздікті ешкім түсіндірмей отыр», – деп наразылығын білдірді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.
«Біздің өңірде соңғы жылдары жасарту деген терминді жиі қолданып жүр. Бұл тұрғыда талдарды кесу арқылы оның орнына жас шыбықтар шығып, жасарған кейіпке енеді деп ойлайды. Алайда бұл тәсіл әлемдік тәжірибеде мүлде болмаған. Яғни, талдарды кесу арқылы оны жасарту деген қате ұғым. Тәжірибеде жасарту тәсілі жеміс ағаштарына ғана қолданылады. Мәселен, белгілі бір уақытта алма ағашын кесіп, орнына жас шыбықты өсіру арқылы, мол өнім алу үшін осындай тәсілдер жиі жасалған. Ал күн көлеңкесінен қорғайтын саябақтағы жасыл желектерде жасарту ұғымы болмайды. Бірақ қазіргі уақытта талды кесіп жүргендер бұл ұғымды теріс түсініп жүр. Бұл жерде бірінші кезекте, талды кесу, балақтау жұмыстарымен айналысатын арнайы мамандар жоқ. Екіншіден, талдың әр жерінен өскен жабайы бұтақтарды бір-бірлеп кесуге жауапсыздықпен қарау, арнайы техникалардың болмауы салдарынан түбінен келте қылып кесе салады. Сол себепті қаланың өзінде жайқалып өсіп тұрған көптеген талдар жөнсіз кесілді. Соның салдарынан аптапты аймақта орналасқан қаламызда күн көзінен қорғайтын жасыл желектердің саны жыл санап азайып барады», – дейді қоғам белсендісі.Жалпы көп жағдайда табиғаты ыстық, шөлейтті болып келетін Сыр өңіріне қаратал ғана бейім келеді. Негізінен ғұмыры 100-200 жылдан асып жығылатын бұл тал көп күтімді де қажет етпейді. Ыстыққа да, шөлге де төзімді. Ал терек секілді өзге ағаштарды Сыр табиғатына бейімдеу оңай емес. Мұндай талдардың ғұмыры ұзаққа бармайды. Көп жағдайда өздігінен қурап қалады.
«Қызылорда қаласында тал балақтау, кесу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде «Реал строй снаб» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Келісімшарт 6 сәуір күні жасалды. Яғни, осы күннен бастап жоспарлы жұмыстар бастау алатын болады. Ал бұған дейін ауа райының қолайсыздығынан туындаған тал кесу, балақтау жұмыстары демеушілік есебінен жүргізілді», – деп түсіндірді бөлім мамандары.Қорыта айтқанда, онсыз да көк шүйгіні аз Сыр өңірінде жайқалып тұрған азғана талдарды жаппай кесу жұмыстарына тұрғындар қарсы. Бір жылда мыңдаған көшет отырғызып, артынша жайқалған талдарды түбіне кесу табиғатқа жасалған үлкен қатыгездік деп санайды. Оның есесіне, көп жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан ағын су мәселесін түбегейлі шешіп, Сыр өңірін жасыл желекті аймаққа айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қызылорда облысы