«Риэлтор маған осы үйден пәтер ұсынған кезде оның құрылысы екі жыл бойы тоқтап тұрған екен. Ол соны біле тұра, менімен келісімшарт жасады. Мен оған сеніп, ипотекалық несие алдым. Істің соңы насырға шауып, жағдай ушыққан кезде күйеуімнің жүйкесі шыдамай, кенеттен қайтыс болды. Қазір, міне, қолымдағы бір жасар баламен жалғыз қалдым. Басымда ипотекалық несие бар. Оған ай сайын 125 мың теңге төлеу керек. Қайтіп күн көрерімді білмеймін», – дейді Жанна Владимировна.Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Жанна емес. Мәселен, Бибікамал Қаңтарбаева осы үйден пәтер сатып алу үшін өз баспанасын сатып, жасы келген шақта үйсіз-күйсіз жүр. Оның да жұбайы ауырып, келместің кемесіне мініп кетіпті. Екі қызы Динара мен Эльмира Қаңтарбаевалар да осы үйге 19 миллион теңге қаржы құйған. Айжан Нұрғалиева болса 4,5 миллион теңгесінен айырылған. Бар жиған-тергенінен айырылып, пәтерін сатып, бес баласымен ауылға көшіп кеткендер де бар. Осы жайттың салдарынан ажырасып, шаңырақтары ортасына түскен отбасылар да бар көрінеді. Жалпы, сан соғып қалған 56 адам құрылтайшыға бас-аяғы 415 миллион теңге төлепті. Бүгінде енді не ақша, не пәтер жоқ. Серіктестік басшылары оларға жауап беруден қалған.
Талай табалдырықты тоздырып, амалы таусылған үлескерлер AIQYN газетіне жүгінді. Олар бұған дейін қала, облыс әкімдерінен, полициядан, прокуратурадан көмек сұраған екен, тіпті ел Президентіне хат жазған. Ол хат жергілікті әкімдікке жіберілгенімен және қабылдауға жазылғанымен, әлі күнге дейін облыс әкімі оларды қабылдамапты. Олардың өтінішін прокуратура – полицияға және қалалық әкімдікке, әкімдік Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жолдап, біраз сергелдеңге салған. Соңында жәбірленушілердің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, оның барысы үлескерлердің көңілін көншітіп отырған жоқ. Қылмыстық іс аясында жасалған сараптама құрылыс жұмыстары 250 миллион теңгеге жүргізілгенін анықтаған. Қалған қаржы қайда кеткені белгісіз. Серіктестік құрылтайшысы Юрий Бородин аса ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша айыпталған. Бүгінде іс сотта қаралып жатыр. Бұған дейін айыпталушы қамауға алынғанымен, 28 наурызда сот қаулысымен босатылып, үй қамаққа жіберілді. Бұл жәбірленушілердің наразылығын туғызғаны рас. «Баласы Ресейде тұрады. Юрий Николаевич ұлына жиі барып тұратынын және жалпы Ресейге жиі қатынайтынын білеміз. Ертең мүлдем қашып кетсе ше? Денсаулығының сыр бергенін алға тартыпты. Жалғыз ол ғана ауыра ма екен? Бізді алдаған кезде басқалардың денсаулығын ойламады ма? Осы сергелдең салдарынан тіпті қайтыс болып кеткен адамдар да бар. Сондықтан ертең «іс бітпей, қу кетті» болмас үшін оның қамалғаны дұрыс», – дейді жәбірленуші Айжан Нұрғалиева. Бірер күн бұрын істі апелляциялық тәртіппен қайта қараған облыстық сот айыпталушыны қайтадан бір айға қамады. Оның адвокаты Сұлтан Ибрагимов мұнымен мүлдем келіспейді. Адвокаттың ойынша, бұл іс қолдан жасалған. «Юрий Бородин Ресейге жиі қатынаса, құрылыс мәселелері бойынша сапар шекті, әрі бір күннің ішінде қайтып келді. Жалпы, бұл іс қолдан жасалған. «Би-электро» ЖШС мен үлескерлер арасында азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалған. Ендеше, бұл – қылмыстық іс емес. Тиісті мекемелер адамдарды әдейі шақыртып, арыз жазғызып, жоқ жерден мәжбүрлеп қылмыстық іс қозғатқызды», – деді адвокат Сұлтан Ибрагимов.Қылмыстық іс бойынша екінші айыпталушы – серіктестік директоры Станислав Гусев бүгінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Түптеп келгенде, үлескерлерді біреудің істі болуы қызықтырып отырған жоқ. Оларға дәл қазір ақшасын қайтару, не құрылыстың аяқталғаны керек. Серіктестіктің құрылыс жүргізу үшін қаржысы жоқ екені белгілі. «Ендеше, сала бастаған үй мен оның тұрған жерін сатып, ақшамызды қайтарсын. Айыпталушылардың бұл мүлкіне көз алартушылар көп. Себебі серіктестік бұған дейін де дәл осындай жолмен алдап соққан адамдар бар екен. Ол нысандарды ақыр соңында басқа мердігер салған. Олардың жеке сот орындаушысы бұл жерді аукцион арқылы сату туралы қаулы қабылдапты. Бірақ прокуратура оның күшін жойды деп естідік. Бұған қоса, Бородиннің өндірістік базасы бар деседі. Оны да пайдалануға тыйым салу керек. Ұзынқұлақтан білгеніміздей, ол іс басталғанша біраз мүлкін туған-туыс, дос-жарандарының атына аударғаны. Ертең мүліксіз қалса, бізге ақшамызды кім қайтарады? Қашанғы жалдамалы пәтер жағаламақпыз?» – дейді Айжан Қазбайқызы.Бүгінде Петропавл қалалық әкімдігі үлескерлердің мәселесіне назар аударды. Жергілікті билік басқа құрылыс компаниясын іздестірмек. Бірақ ол үшін үлескерлер бірігіп тұрғын үй-құрылыс кооперативін құруы тиіс. Себебі, құрылыс компаниясымен тек заңды тұлға ғана келісімшарт жасай алады. Жуырда қалалық әкімдіктегілер жәбірленушілермен жолығып, осы үйді аяқтауға келіскен басқа құрылыс компаниясын тапқанын хабарлады. Бірақ ол үлескерлердің көңілін көншітіп отырған жоқ. Біріншіден, тұрғын үйдің әр шаршы метрінің бағасы 370 мың теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Екіншіден, «Би Электро» ЖШС-мен келісімшартты бұзып, Юрий Бородиннің мойнынан жауапкершілікті алып тастау керек. Үшіншіден, өз бетінше ізденіп көрген үлескерлер компанияның тым күмәнді екенін айтады.
«Екінші рет алданғымыз келмейді. Басқа өңірлерде алданған үлескерлердің үйлерінің құрылысын мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен аяқтау тәжірибесі бар. Бұл тәжірибенің біздің қалаға қатысы жоқ па? Қанша жылдан бері ақшамызды инфляция құнсыздандырды, сондықтан бізге қазір ақшадан гөрі арзандау бағамен пәтер берілсе дұрыс болар еді», – дейді олардың кейбіреуі. Ал басқалары ақшаларын қайтарып алғысы келеді.Бұл мәселені қазір «AMANAT» партиясы облыстық филиалы да өз бақылауына алған.
Солтүстік Қазақстан облысы