Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында өткен ауызашар рәсімінде айтты.
"Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн", – деді Президент.
Ол бүгінде зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды екенін де жеткізді.
"Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлылықты, парасаттылықты күтеді", – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.