Шымкентте жүргізушісі жоқ автобус жаншып өткен бес адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін автобус жүргізушілеріне талап күшейеді. Бұл туралы Aikyn.kz«Хабар24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының мәлімдеуінше, барлық тасымалдаушы компанияның жүргізушілері кезектен тыс аттестация тапсырып, тексеруден өтеді. Оқиғаның видеосын мына сілтемеден көруге болады (Жүрегі әлсіз азаматтарға қарауға болмайтынын ескертеміз! – ред.).
Автобус бағдаршамның жасыл түсі жанғанын күтіп тұрған 6 адамды ту сыртынан келіп, жаншып өткен.
Куәгер Досмұхан Нұрсейітов: «Осы жерде тұрамыз ғой. Терезеден көргеннен кейін қыздарым айтты осы жерден 5 минут бұрын өткен екен. Қызым телефон шалып, әке абайлаңыздар, мына жерде автобус біздің үйге кіріп кетейін деп қалды деді. Жүгіріп келгенім сол, келсем, мына жерде адамдар жатыр екен», – дейді.
Осы қайғылы жағдайдан 5 адам опат болды. Екі әйел мен бозбала сол жерде және кәмелетке толмаған екі адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Тағы бірі ауруханада жатыр.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Лаура Нақыпқызы: «Үшінші науқас №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Ол науқастың қазір жағдайы қалыпты, орташа. Нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр», – деді.
Жүргізушінің жеке басы анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автобусқа техникалық сараптама тағайындалды. Ал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі тасымалдаушы компаниялардың барлық жүргізушілері қайта аттестациядан өтетінін мәлімдеді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Мұхтар Қоқанбаев: «Бұдан кейін тасымалдаушы компанияларға талап өте қатты күшейеді. Бірінші талабымыз әрбір тасымалдаушы қазір осында 10 тасымалдаушы компания отыр. Негізі осы 10 компания бар. Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары келіп отыр. Шұғыл барлық көлік жүргізушілерін кезектен тыс аттестация өткізулеріңіз керек», – дейді.
Ал тасымалдаушы компанияның өкілі жүргізуші өз ісіне немқұрайды қарағанын айтты. Өйткені белгісіз себеппен жол жиегіне тоқтап, автобусты қараусыз қалдырған. Әрі ондағы бақылау камерасынан оның қол тежегішін тартқан, тартпағаны көрінбейді.
Көлік компаниясының директоры Азат Қайыпбеков: «Автобусты өшірмей, қол тежегішіне (ручный тормоз) қойғанын нақты көз жеткізбей, автобустан түсіп кеткен. Біз автобустың ішіндегі видеоларды көрдік. Автобус сол жерде шамамен 30-40 секунд қозғалмай тұрған. Нақты белгісіз себептермен автобус 30-40 секундтан кейін жаймен төмен қарай жүріп кеткен», – дейді.
Қайғылы жағдайға қатысты істің ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды. Автобус паркі қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетуді толық өз мойнына алды.