«Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» дегендей еліміздегі ғылымның дамуы, ғылыми жобалардың көбеюі, жас ғалымдар қатары толысып жатқанын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі Ерлан Сыдықов сөз етті.
– Қазіргі дәуір – қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитын өзгерістер кезеңі. Адамзат қоғамының одан әрі өсіп-өркендеуінде ғылымның атқаратын орны ерекше. Ғылым да, білім де – ұлттың баға жетпес қазынасы. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі отандық ғылымға баса назар аударуда. Тіпті, Мемлекет басшысы таяуда өткен Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында отандық экономиканың дамуы ғылымның жетістіктеріне негізделуі тиіс екенін тағы да қадап айтты. Ғылыми әзірлемелер өндіріске кеңінен енгізіліп, экономиканың өсіміне ықпал етуі керек. Бұл тұрғыда зерттеу университеттеріне ерекше миссия жүктеледі. Себебі, ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Сондықтан үздіксіз кәсіби білім беру жүйесінде университеттердің орны айрықша. Өйткені, жоғарғы білім ғылым мен мәдениеттің тоғысқан жері.
Өткен жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді. Бұл бағытта оқу ордасы әлемдегі зерттеу университеттерінің үздік дәстүрлері бойынша заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытып, бизнеспен және өндіріспен сабақтастықты нығайтып жатыр. Осыған орай университет коммерцияландыру идеяларын қолдау үшін өз гранттарын тағайындады. Қазір университет ғалымдары әртүрлі бағытта 200-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Бұл ретте біз ғылыми-өндірістік экожүйені дамытуға, нақты сектордың ірі компанияларымен өзекті бағыттар бойынша жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге баса назар аударудамыз.
Мемлекеттік қаржыландыру көлемінің артуы арқасында Еуразия ұлттық университеті ғалымдарының сан түрлі бағыттағы зерттеулерінің саны екі есе артты. Бүгінде 200-ден астам ғылыми жоба біздің оқу ордамызда қолға алынған. Мысалы, «Жас ғалым» жобасы бойынша ЕҰУ ғалымдарының қатарына 86 постдокторант қосылды. «500 ғалым» аясында 50-ден астам ЕҰУ ғалымы екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуде.
Біз сутегі энергетикасын дамыту, инновациялық құрылыс материалдарын, 3D принтерлерді, жасанды интеллектті пайдалана отырып, жаңа технологияларды әзірлеу үшін нақты сектордың ірі компанияларымен ынтымақтастықты дамытып жатырмыз. Біздің міндетіміз – университет ғылымының ел экономикасының нақты секторына қосатын үлесін арттыру, – дей келе Еуразия ұлттық университетінің ректоры бүгінгі айтулы мерекемен ғалымдарды құттықтады.
– 12 сәуірді Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні деп белгілеу кездейсоқтық емес. Бұл күні Қазақстан Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев дүниеге келді. Университетіміздің және жалпы еліміздің ғалымдарын кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Ғылыми ізденістер мен тың зерттеулер еліміздің бәсекеге қабілеттілігін және халықтың әлеуетін арттырсын!, – деді Ерлан Сыдықов.