Дәрігерлер балаға бас жарақаты диагнозын қойған.
Талдықорғанда 3 жастағы баланы өлтірген қыз 10 жылға сотталды
1,314
оқылды

Талдықорғанда 3 жасар баланы ұрып өлтірген азаматшаға сот үкім шығарды. 24 жастағы қыз 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бойжеткен жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

Қайғылы жағдай өткен жылдың қыркүйегінде болған. Талдықорғандағы аурухананың бірінде 3 жасар бала көз жұмды. Дәрігерлер балаға бас жарақаты диагнозын қойған.

Сәбидің өліміне қатысы бар деген күдікпен осы баланы қарап-баққан 23 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Аталған факті бойынша сараптама тағайындала отырып, тергеу ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) негізінде жүргізілді. Арада 8 ай өткенде сот үкім шығарды.

«Кінәні жеңілдететін мән-жағдайларды яғни, сотталушының бұрын сотты болмағандығын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушінің оны кешіруін және кінәні ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот сотталушыға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді», – деді Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.