Жанжал баласына көрсетілген медициналық көмектің сапасына көңілі толмаған әке мен дәрігер арасында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға 31 қазанда болған. Шаншархан Абдухалим есімді қала тұрғыны баласын ауруханаға қайта алып келген кезде хирург Қанат Измаиловпен сөзге келіп, оның жағасынан ұстап, мойнынан қысқан. Жанжалды сол жерде болған куәгерлер тоқтатқан.
Оқиғаның туындауына баланың бұған дейінгі емделуіне қатысты келіспеушілік себеп болған. Шаншархан Абдухалимнің айтуынша, 19 қазанда ұлының іші қатты ауырып, дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Баланы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізгенімен, әкесі дәрігерлер тиісті медициналық көмек көрсетпеді деп есептейді. Ол хирург Қанат Измаилов баланы ауруханаға жатқызбағанын, ал кейін кезекшілікке келген басқа дәрігер шұғыл ота жасау қажет екенін анықтағанын айтады.
– Таңертең сағат сегіз жарым шамасында басқа хирург келіп, баланың ішін қарағаннан кейін бірден ота жасау керек екенін айтты. Ауруханаға барғанымда балама ота жасалып, сәтті аяқталған екен. 31 қазанда баламның іші қайта қатты ауырып, ауруханаға алып бардым. Алдымнан тағы да Қанат Измаилов шықты. Ол маған күліп қарап, «Балаңды қарайын ба, қарамайын ба?» деп мысқылдады, – дейді Шаншархан Абдухалим.
Ер адам дәрігердің мұндай қарым-қатынасына ашуланғанын жеткізген. Дегенмен аурухана қызметкерлері баланың алғашқы тексеруі кезінде шұғыл хирургиялық араласуды қажет ететін белгілер анықталмағанын айтады. Сондықтан оны жұқпалы аурулар ауруханасына жіберу туралы шешім қабылданған. Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, ата-анасы баланы аталған ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Ал балалар хирургі Қанат Измаилов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Оның сөзінше, балаға қажетті тексерулер уақытылы жүргізілген және медициналық көмек көрсету тәртібі бұзылмаған.
– Біз қысқа уақыт ішінде қажетті тексерулерді жүргіздік. 30 минут ішінде қан талдауын алып, рентгенге түсірдік. Баланың басқа да аурулары болуы мүмкін екенін түсіндірмек болғанымда, ол маған тап берді. Мен онымен жанжалдасқан жоқпын. Барлық әрекетім қызметтік міндетіме сай жүргізілді, – дейді хирург.
Оқиғадан кейін дәрігер жұмысын жалғастырып, кезекшілікке қайта кіріскен. Ал баланың алғашқы тексеру кезінде неліктен ауруханаға жатқызылмағаны және кейін қандай медициналық көрсеткіштер бойынша ота жасалғаны жөнінде тараптардың түсініктемелері бір-біріне қайшы келеді. Әзірге медициналық көмектің сапасына қатысты тәуелсіз сараптаманың қорытындысы жарияланған жоқ.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті дәрігерге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол берілмейді. Кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға әлеуметтік желіде де қызу талқыланып жатыр. Қолданушылардың бір бөлігі дәрігерге күш қолдануды айыптаса, енді бірі баласының денсаулығына алаңдаған әкенің шағымына назар аудару қажеттігін алға тартқан.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қызметтік міндетін атқару кезінде қоқан-лоқы көрсету немесе күш қолдану үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттер үшін заңда бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаға қатысты түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі.
