Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» №60 бұйрығына сәйкес Қожаберген жырау Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығы аталып өтіледі.
Осыған орай, халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қоғамдық қайырымдылық қорының, жырауды ардақ тұтқан азаматтардың қолдауымен жазба ақындар арасында «Елім-ай» жыры және Қожаберген батыр – Қазақ елінің намыс пен ерлік айнасы» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткізіледі. Мүшәйраға еліміздің барлық аймақтарынан ақындар қатыса алады. Үміткерлер қазылар алқасының қарауына үш өлең ұсынуға тиіс. Оның біреуі – Қожаберген жырау рухына бағышталса, екіншісіне «Елім-ай» дастаны арқау болуы керек, үшіншісі еркін тақырыпта.
Шығармалардың көлеміне шек қойылмайды. Бұрын жарық көрген немесе қазылар алқасының қарауына белгіленген мерзімнен кеш түскен шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Шығармалар 2023 жылдың 15 мамырына дейін қабылданады. Сараптау нәтижесінде жүлдеге лайықты деп танылған ақындар осы жылдың 26 мамырында Түркістан қаласында өтетін мүшәйраның ақтық сайысына шақырылады.
Мүшәйра жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады. Атап айтсақ, бас бәйгеге (біреу) – 1 миллион теңге, бірінші орынға (біреу) – 500 мың теңге, екінші орынға (біреу) – 300 мың теңге, үшінші орынға (екеу) 200 мың теңге беріледі. Сондай-ақ ынталандыру сыйлығы (екеу) – 150 мың теңге. Жабық бәйге болғандықтан, өлеңдер бүркеншік атпен (псевдоним) жолдануы керек. Автордың аты-жөні, мекен- жайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, оның бетіне тек бүркеншік аты ғана жазылады. Үлкен конверттің сыртында «жіберушінің ата-жөні» деген жерге бүркеншік аты көрсетілуі керек.
Бәйгеге қатысуға тілек білдірушілер өздерінің шығармаларын Шымкент қаласы, 160011, С.Пазылбеков көшесі, №5 үй, Заңғар-Заңгер кеңсесі, Халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген Жырау» қоғамдық қайырымдылық қорына жолдауы қажет.
DIOR-дың МАРЖАНЫ
Алматыда «Алла – Шығыстан шыққан Dior-дың маржаны» атты деректі фильмнің премьерасы өтті. Алла Ильчун туралы деректі фильм – жазушы, дипломат Берлин Иришев еңбегінің жемісі. Ол өткен ғасырдың ортасындағы сән әлемінің жұлдызын зерттеп, қаны қазақ екенін дәлелдеді. Кристиан Диордың музасы туралы төрт кітап жазды. Тарихи деректер мен жеті мемлекеттің мұрағатындағы таспаланған бейнелерді жинақтап деректі фильм түсірді.
– Дүниежүзілік маркамен байланысты тарихты өзгерту өте қиын. Ол үшін көп еңбек ету керек. Сондықтан біз фильмді кеш көрсеттік. Францияның көзқарасын біліп, Диордың өзі бізді қолдады, – дейді фильм продюсері әрі режиссері Берлин Иришев.
Оның айтуынша, Алланың жалғыз ұрпағы Марк Парижде тұрады, бұрын әскери қызметкер болған, қазір фотограф болып жұмыс істейді. Фильмде сондай-ақ Алламен араласқан, бірге қызмет еткен достары, әріптестері, француз және ресейлік танымал өнертанушылар бой көрсетеді. Фильм үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде әртүрлі мемлекеттерден жинаған құжаттар қамтылды. Екінші бөлімде сән үйлері ұсынған кадрлар, фотолар мен Алла киген киімдер ұсынылған. Үшінші бөлім бұрын Алла туралы беймәлім болған ақпараттарды қамтиды.
К.ҚАРҚЫН