Бүгінде еліміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен Қазақстан қоғамын жаңғырта құру идеясын жүзеге асыруға кірісті. Бұл аса жауапты міндет мәдени-рухани дамуымызға, оның ішінде, театр өнерін өркендетуге де тікелей қатысты. Қазір мемлекет қарауындағы кәсіби театрларымыздың ұзын саны 60-қа жуық. Олардың басым көпшілігі – қазақ театрлары. Орыс театрлары да баршылық. Қуыршақ театрлары да көбейді. Ұйғыр, өзбек, неміс, кәріс театрлары да бар. Мұндай алуан тілде сөйлейтін көп театры бар мемлекет жер жүзінде өте сирек.
Бұл ретте біз үшін, әсіресе, қазақ театрларының орны ерекше. Өйткені қазақ халқының бүгінгі заманға ұлт ретінде аман-есен жетуіне театрларымыз үлкен үлес қосты. Нақтырақ айтқанда, өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап ежелгі атамекенінде отырған қазақтар төтенше қиындықтарға душар болды. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ескіліктің қалдығы деп бағаланды. Қазақ тілі шеттетілді. Өткен тарихымыз, атақты тұлғаларымыз елеусіз қалды.
Осындай қиын кезеңде қазақтың ұлттық мүддесін қорғаған – әдебиет пен өнеріміз, оның ішінде, әсіресе, театр болды. Қазақтың ежелгі тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы сол алмағайып уақытта қазақ театрларының сахналарынан жарқырап көрінді, қазақтың сұлу да әсем ана тілі актерлардың үнімен құлпырып естілді. Соған орай, жұртшылықтың театрға деген ынта-ықыласы, құрметі мен қызығушылығы өте жоғары болды. Театрдағы әрбір қойылымға көрермендер ағылып келетін. Ал жаз шыға бүкіл театрлар Қазақстан мен көршілес республикалардың қазақтар тұратын алыс ауылдарына дейін аралап, айлап гастрольдік сапарда жүріп, күніне бір, тіпті, екі спектакльге дейін көрсететін.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ театрларының ол кездегі халық арасындағы абырой-беделі өте жоғары еді. Сөйтіп, театрлар халықты да риза ететін, өздері де билетті көп өткізіп, пайданы мол табатын. Соның нәтижесінде театрлар еліміздегі ең бай ұйымдардың бірі болды. Оның шет жағасын Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істеген жылдары өзіміз де көрдік.
Қазіргі театр: мақтану да жақсы, ойлану да керек!
Театрларымыздың халық арасындағы осы абырой-беделі қазіргі кезде қандай? Бұл мәселе көтерілсе, театр басшыларының басым көпшілігі неше түрлі әдемі сөздермен мақтана бастайды. Олардың айтуынша, театрдың мемлекет салып берген ғимараттары керемет! Онда жаңадан сахналанып жатқан спектакльдердің бәрі шетінен бірінен-бірі өткен тамаша! Бұған дәлел ретінде өздерінің қандай театр фестивальдеріне қатысып, қандай жүлде алғандарын аса ризашылықпен тізіп айтып та қояды.
Әрине, мұның бәрі өте дұрыс. Дегенмен, театр үшін ең маңыздысы – жақсы ғимарат та, фестивальдерге қатысып бәйге алу да емес. Керісінше, театр үшін ең маңызды көрсеткіш – көрермен. Яғни, әр спектакльге халық залды толтыра қаптап келіп, қойылымды ерекше сезіммен қызыға көріп, жаны шаттана әсерленіп, шымылдық жабылғаннан кейін риза болып қайтса –театр үшін ең үлкен мақтаныш осы. Пьесаның авторы, қойылымның режиссері мен актерлері үшін де ең басты сыйлық – көрерменнің осындай ризашылығы. Дүниежүзіндегі барлық театрларда әрбір жаңа қойылымның көркемдік дәрежесі тура осындай шарт-талаппен бағаланады.
Міне, осы тұрғыдан келгенде бүгінгі қазақ театрларының жағдайы соншалықты мақтанарлықтай емес. Бұл бір жағынан таңғаларлық жағдай. Өйткені соңғы отыз жылда Қазақстанда қазақтардың саны барынша артты. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ мектептері де көбейді. Осындай жағдайда қазақ театрларының көрермендерінің қатары да әлдеқайда ұлғаюға тиіс еді. Бірақ шын мәнінде жағдай керісінше болып тұр. Рас, соңғы уақытта Астана мен Алматы театрларында көрермен біршама көбейгені байқалады. Бірақ баяғы біз көргендегідей әр спектакльге өз ынта-ықыласымен қаптап келетін халықтың қарасы бүгін барынша сирегені анық. Көрермендердің басым көпшілігі – арнайы ұйымдастырылып әкелінетін мектеп оқушылары мен студенттер. Әскери бөлімдердің сарбаздары мен курсанттарын шұбыртып әкелетін жағдай да кездеседі.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұрын театрлар көрермендерді көбейту үшін Қазақстан мен көршілес республикалардың алыс ауылдарына дейін гастрольдік сапармен айлап аралайтын болса, қазір ол да мүлдем ұмытылған.
Егер біз айтып отырған бұл жағдайға сенбесеңіз, әр театрға жылына қанша қаржы бөлінді, әр жаңа қойылымды дайындауға қанша ақша жұмсалды, ол қойылым сахналанғаннан кейін қанша билет сатылып, қанша көрермен келді, одан қанша пайда түсті, қанша зиян болды – осының бәрін нақтылап есептеу керек. Сондай жағдайда, біздің айтып отырғанымыздың даусыз шындық екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады.
Көрермен неге азайды?
Міне, бұл айтылған жағдайлар қазақ театрлары үшін бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселе – көрермендер екендігін дәлелдейді. Ал сонда халқымыздың өз театрынан сырт айналуының себебі неде? Бәлкім театр билеттерінің құны өте қымбат шығар? Жоқ, олай деуге мүлдем болмайды. Біздегі мемлекет қарауындағы театрларда билет бағасы көбіне 1 мың теңгеден басталып, 2-3 мың теңгенің төңірегінде. Ал басқа мәдениет пен өнер ұжымдарының билеті бұдан әлдеқайда қымбат. Жекеменшік театрларда да осындай. Әншілеріміздің концерттерінің бағасы тіптен аспандап тұрады. Бірақ халық солардың бәріне ағылып, таласып-тармасып барады. Ал олармен салыстырғанда бағасы су тегін қазақ театрларын жұртшылық онша керек етпейді.
Ал сонда көрермендердің азаюының себебі неде? Өкінішке қарай, бұл мәселеге ешкім де көңіл бөлмейді, көрермендер неге азайды дегенді жан-жақты талдап, оны реттеу жөнінде ешқандай сөз болмайды.
Біздің ойымызша, көрермендердің азаюының ең басты себебі – театр репертуарында көрермендерді қызықтырмайтын сапасыз пьесалардың көбеюінде. Мысалы, соңғы уақытта драматургиялық шығарманы көркемдік сапасымен емес, тақырыбының маңыздылығына қарап бағалау жиі байқалады. Яғни, пьесаның кейіпкері неғұрлым атақты тұлға болса, онда шығарма соғұрлым керемет деп есептеледі. Сөйтіп, ол пьеса театрда қойылып, әлгі атақты кейіпкерлер сахнаға шығып, кезек-кезек ұзынсонар шежіре айтуға кіріседі. Немесе, көрермендерге неше түрлі ақыл айтып, жөн үйретеді.
Ал шындап келгенде, пьеса деген мүлдем басқа дүние емес пе?!. Ондағы ең басты шарт – кейіпкерлер арасында қым-қиғаш тартыстың, шым-шытырақ оқиғаның болуы. Және ол оқиғалар көрерменнің көз алдында сәт сайын сан құбылып, өзгеріп отыруы керек. Көрермен сахнадан сондай тартымды оқиғаларды көріп, жанын тебірентер сөздерді естігенде ғана әсерленеді. Қызығады. Әйтпесе, ешқандай тартымды оқиғасы жоқ, басынан аяғына дейін бос қызыл сөзден тұратын спектакльден әбден жалығып, соңына дейін әрең шыдайды. Сосын театрды енді қайтып көрместей болып безініп кетеді.
Ал театрдағылар болса, мұның себебін іздеп, жіберілген кемшіліктерді қайталамаудың орнына «өнерді түсінбейді» деп халықтың өзін кінәлайды. Немесе «Жақсы пьеса жоқ, жалпы, бізде дұрыс драматург болмай тұр» деген сыңайдағы әңгіме айтылады. Сосын біраз уақыт өткенде өздері пьеса жазып, нағыз драматургия осындай болуы керек деп сахнаға шығарады.
Драматургиядан хабары шамалы кездейсоқ біреулердің ешқандай сараптаудан өтпеген сапасыз пьесаларын тамыр-таныстықпен немесе басқа да күмәнді мақсатпен репертуарға қосатын жағдайлар да кездеседі.
Жаңа пьесаны кім қабылдайды?!
Осыған орай, мына мәселені айта кету керек. Бұрын Қазақтандағы театрларға қойылатын пьесалар бір орталықтан яғни Мәдениет министрлігі жанындағы репертуарлық-редакциялық бөлім арқылы қабылданатын. Ол бөлімде тұрақты штатта жұмыс істейтін бірнеше қызметкер бар еді. Бұдан тыс драматургиялық шығарманың қыр-сырын жетік білетін мамандардан құралған, штаттан тыс сарапшылар тобы болды. Бұл сарапшылар репертуарлық-редакциялық бөлімге түскен әрбір жаңа пьесаны аса жауапкершілікпен мұқият оқып, шығарма сахнаға қоюға жарай ма, жоқ па, жетістігі қандай, кемшілігі неде дегенге жазбаша түрде пікір білдіретін.
Міне, осы жазбаша пікірлерлердің негізінде репертуарлық-редакциялық бөлім әр пьесаны жекелей қарастырып, қабылдау не қабылдамау туралы шешім шығаратын. Содан кейін авторға тиісті қаламақы төленіп, ал театр басшылары қабылданған пьесалармен танысып, ұнағандарын өздерінің репертуарларына қосатын. Яғни театрға жаңа пьеса қабылдауда тамыр-таныстық, басқа да күмәнді мәселелер мүлдем болмайтын.
Бірақ кейін мұның бәрі бір сәтте жойылды. Енді әр театр жаңа пьесаны өзі қабылдайтын болды. Және ол қабылданған дүниенің көркемдік сапасы қандай, көрерменге ұсынуға жарай ма, жоқ па, қаламақы қанша төленеді деген мәселелер ресми түрде мүлдем белгіленген жоқ. Соның нәтижесінде әркім өз ойына келгенін істейтін «керемет» жағдай қалыптасты.
Рас, әрегідік драмалық шығармаларға ресми түрде аздап бәйге жарияланып тұрады. Мысалы, өткен жолы «Айбоз» атты сыйлық жарияланып, оған 40-қа жуық драматург қатысып, нәтижесінде жалғыз-ақ адамға бәйге берілді. Драмалық шығармаларға жылына басқа да бір-екі конкурс жарияланып, үш-төрт адам азын-аулақ бәйге алады. Және ол жеңімпаз пьесалардың басым көпшілігін ешкім керек етпейді. Керек еткенде де бұл бірен-сараң пьесалар Қазақстандағы 60-қа жуық театрдың қайссына жетеді?
Бір сөзбен айтқанда, әр театр жаңадан қандай пьеса қабылдайды, оны өзі шешеді. Ал неге бұлай деген сұрақ туса, «Біздегі «Мәдениет туралы» заңда репертуарға пьеса таңдауына еркіндік берілген, оған ешкім араласпауға тиіс» деп шыға келеді. Ал таңдап қойған спектакльдері сәтсіз шығып, көрермен келмей, мемлекеттің ақшасы босқа кетсе, оған да ешкім жауап бермейді. Егер біреу-міреу бұл кемшілік туралы мәселе көтерсе, «Бізде Көркемдік кеңес бар, бәрін сол шешеді; пьесаны сол қабылдайды» деген «әдемі» сылтау айтылады.
Ал шындап келгенде, ол Кеңестің мүшелері – директордың бұйрығымен бекітілетін театр қызметкерлері. Сондықтан да олар басшыларына қарсы шықпайды, кемшіліктерді көрсе де көрмеген болып, жайына жүре береді.
Қаламақы қалай төленеді?
Театрларда қабылданған пьесаларға қаламақы төлеудің ресми түрде белгіленген нақты мөлшері де жоқ. Айталық, театр көңілі түссе, бір пьесаның авторына бірнеше миллион теңге төлейді. Ал көңілі қаламаса, дәл осындай басқа пьесаның авторынан төрт-бес жүз мың теңгемен құтылады. Тіпті, кейде пьесаның авторын адам ғұрлы көрмей, бір тиын да бермейді.
Театр басшылары кездейсоқ біреулермен келісіп, оларға шала дүмбілез пьеса жаздыртып, қаламақысын бөлісіп алады деген әңгіменің етек алғанын да жасыруға болмайды.
Осының салдарынан бүгінде пьеса жазып, сахнаға қойдыру – қолында мүмкіндігі бар кез-келген адамның еріккенде айналысатын ермегіне айналған.
Жаңа спектакль қоюға қаржы бөлудегі «тәсіл» де осыған ұқсас. Және бір таңғаларлығы, бір спектальді дайындауға неге соншама аз, ал екінші спектакльге неге керісінше өте көп қаржы бөлінеді дегенді ешкім де сұрамайды.
Мұндай «рахат» өмір өркениетті елдердегі театрларда ешқашан да болмайды! Өйткені оларда кез-келген театр ең алдымен көрерменнің спектакльге келуінен түсетін пайда арқылы күн көреді. Бүкіл жағдайы да, алатын жалақысы да соған тікелей байланысты реттеледі. Ал мемлекеттен, басқа жерден бөлінетін қаржының жұмсалуы қатаң бақылауда болады. Берілген әрбір тиынның қайтарылымы міндетті түрде талап етіледі.
Реформа жасалмаса, ештеңе де өзгермейді!
Ал сонда жоғарыда айтылған кемшіліктердің себебі неде?!.
Оның басты себебі – театрларды басқару жүйесіндегі олқылықтарда жатыр. Қазір еліміздегі мемлекет қарауындағы театрлар керекті бүкіл қаржыны, еңбекақы мен басқа да қажетттіліктің бәрін мемлекеттен алады, ғимараттарын жөндеу мен басқа да шығындарын мемлекет көтереді.
Міне, бүкіл шаруасы мен күнкөрісін мемлекеттің мойнына жүктеген театрлар өздерінің ең басты міндеті – шығармашылық жұмыс жөніне мемлекеттің алдында ешқандай есеп бермейді; репертуарлық саясатты қалай жүргізеді; жаңадан қандай пьеса қояды – оны өздері біледі.
Біздегі театрлардың репертурын реттеп, жаңа қойылымдардың көркемдік сапасын бағалап, жұмсалған қаржыны қадағалап отыруға Мәдениет және спорт министрлігінің де шамасы жетпейді. Өйткені театрлардың басым көпшілігі облыстық, қалалық әкімшіліктерге бағынады.
Ал жергілікті әкімшіліктер өздеріне қарасты театрлардың репертуарын қадағалап, жаңадан сахналанған қойылымдардың көркемдік сапасына баға беріп отыруға жеткілікті көңіл бөлмейді. Және оларда мұндай сараптау жұмыстарын сапалы жүргізе алатын арнайы мамандар да жоқ.
Егер жағдай осы қалпымен кете берсе, театр өнері бірте-бірте тоқырап, құлдырауға ұрынуы мүмкін. Соңғы уақытта театрдың шынайы жанашыр қайраткерлері бұл жөнінде айтып та, жазып та жүр. Мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың қазіргі директоры Айболат Жаудыр «Егемен Қазақстан» газетінде «Халің қалай, театрым?!» және «Тағы да театр туралы» атты тақырыптармен екі көлемді проблемалық мақала жариялады. Сондай-ақ осы «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жылғы 10 наурыз күнгі санында еліміздің ең белгілі театр сыншылары Бақыт Нұрпейіс, Аманкелді Мұқан, Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсылықова, Сәуле Қабдиева, Анар Еркебай «Елдегі театрлардың жағдайы қалай?» деген тақырыппен дөңгелек үстел өткізіп, ұлттық сахна өнерінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Танымал театр сыншысы Айзат Қадырәлиева «Айқын» газетінің 25.02. 2023 ж. санында қазақ театрларының өзекті мәселелері туралы «Биік талап қойып, зор міндет артпайды» дейтін көлемді мақала жариялады. Театрларымыз туралы мұндай проблемалық мақалалар ақпарат құралдарында бұған дейін де сан рет айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ оларды назарға алып, елеп-ескеріп жатқан әзірге ешкім байқалмай тұр.
Демек, театр жұмысын ұйымдастыруға реформа жасау қалай да керек. Қазір еліміздегі әлеуметтік-экономикалық сала мен саяси басқару жүйесінің бәрінде алуан түрлі жаңартулар жүруде. Ғылым-білім жөнінде де көптеген реформалар қолға алынуда. Тек театрлардың жұмысын басқару мен үйлестіру баяғы 1990 жылдардағыдан өзгермеген. Яғни театрлардың жұмысын бүгінгі нарық заманына бейімдеу барынша кенже қалған.
Не істеу керек?
Ал сонда мұндай реформа қандай жолмен, қайтіп жасалуы керек? Бұл үшін Мәдениет және спорт министрлігі тиісті ресми орындармен бірлесе отырып, қолданыстағы заң-ережелерге сәйкес төмендегідей мәселелерді нақты қолға алуы керек:
1. Мәдениет және спорт министрлігі өркениетті елдерде театрлардағы ұйымдастыру жұмыстары қалай жүргізіледі, тек үкіметке алақан жайып отырмай, қаржыландыруды өздері қалай шешеді, жемқорлықты қайтіп болдырмайды, жарнамалық-продюсерлік жұмысты қалай жүргізіп, көрермендермен қарым-қатынасты қандай тәсілдермен нығайтады дегендерді мұқият зерттеп, олардың өзімізге керек тиімділерін пайдалау қажет.
2. Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі мемлекет қарауындағы барлық театрлардағы кадр мәселесін шешуге, олардың репертуарлық саясатын бақылауға, жаңа қойылымдарының көркемдік сапасына баға беруге құқылы болуға тиіс. Соған орай, Министрлік тиісті орындармен келісе отырып, осы жөнінде заңды түрде нақты Ереже жасап, қолданысқа енгізуі қажет.
3. Мәдениет және спорт министрлігі мен басқа да тиісті орындар бірлесе отырып, театрлардағы түрлі жемқорлықтың орын алу мүмкіндігі мен себептерін жан-жақты анықтап, соның нәтижесінде алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмаудың нақты жолдарын қарастыруы қажет.
4. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан театрлары үшін ең басты дерт – репертуарға кездейсоқ, сапасыз пьесаларды қабылдаудан туындап отыр. Бұл дерттен арылудың бірден-бір жолы – жаңа пьесаларды қабылдап, қаламақы төлеуді Мәдениет және спорт министрлігі арқылы бір орталықтан жүзеге асыру. Соған орай, Министрліктің жанындағы бұрынғы репертуарлық-редакциялық бөлімді қайта қалпына келтіріп, жаңа пьесаларды қабылдау мен қаламақы төлеуді бір орталықтан жүргізу қажет.
Бұған заңдылық тұрғыда қазір толық мүмкіндік бар. Яғни, 2017 жылы «Мәдениет туралы» заң «Әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу мен тарату туралы» баппен толықтырылды. Соған сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату» атты бағдарлама жасап бекітті. Осы бағдарлама бойынша жаңадан жазылып, қабылданған шығармаларды сатып алуға мол қаржы төленеді.
Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет туралы» заңның осы бабына сүйене отырып, «Театрларға арналған әлеуметтік маңызы бар әдебиетті сатып алу мен тарату» жөнінде жаңадан Ереже жасап, бекітуі керек. Сосын осы Ережеге сәйкес министрліктің жанындағы репертуарлық-редакциялық бөлім жаңадан жазылған пьесаларды қабылдап, сертификат беріп, авторларына тиісті қаламақы төлеп отырады. Ал театрлар осы қабылданған пьесалардың ұнағандарын өздері таңдап алады.
Яғни, бұл жерде театрлардың өз репертуарына пьеса таңдауына ешкім де араласпайды, заң да бұзылмайды. Ресейден бастап, өркениетті елдердің көбінде театрларға жаңа пьеса қабылдау осындай жолмен жүзеге асырылады.
Әрине, театр репертуарына пьеса қабылдауда еркіндікке әбден үйреніп, пайда тауып отырғандарға бұл ұсыныс онша ұнай қоймайды. Бірақ шынайы жанашырлықпен кіріссек, бұл кедергіні жеңуге болады.
5. Бүгінгі театрлардағы ең күрделі мәселелердің бірі – драматургтың яғни пьеса авторларының құқын қорғау болып тұр. Заң бойынша әр спектакльдің билет сатуынан түскен қаржының белгілі бөлігі автордың есепшотына аударылуы керек. Бұрын бұл жұмысты театрлар мен Авторлар қоғамы бірлесе отырып, мүлтіксіз жүзеге асыратын. Қазір мұның бәрі келмеске кеткен. Спектакльден авторға берілетін қаламақы Авторлар қоғамындағы жемқорлардың қалтасына кетіп жатыр. Және бұрын Авторлар қоғамы біреу ғана болса, қазір олар барынша көбейген.
Мәдениет және спорт министрлігі тиісті мекемелермен бірлесіп, осы мәселені реттеуді қолға алуы қажет. Бұл ретте шет мемлекеттердегі Авторлар қоғамының жұмыстарынан да үлгі алу керек. Мысалы, Ресейде Авторлар қоғамы көп, бірақ олардың тек біреуіне ғана театрлардан ақша жинауға рұқсат (лицензия) берілген. Бізде де осындай жаңалық енгізу керек шығар.
Дегенмен, ең бастысы алдағы уақытта театрларда билет қалай сатылуда, одан қанша қаржы түсті, авторға тиісті қаламақы қалай аударылды деген мәселе қатаң бақылау мен есепте болуы керек.
Сөз соңында бір мәселені ерекше айта кеткім келеді. Драматург ретінде еліміздегі театрларға менің жеке өзімнің ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Өйткені жазған пьесаларымның бәрі республикамыздағы қазақ театрларының барлығында сан рет сахналанды. Орыс, ұйғыр тетрларында да қойылды. Менің драматург болып қалыптасуыма Райымбек Сейтметов, Хұсейін Әмір-Темір бастаған аға буын режиссерлер үлкен ықпал етті. Нұрқанат Жақыпбаев, Әубәкір Рахимов, Болат Ұзақов, Оңталап Нұрмаханов сынды өзіммен замандас көптеген режиссерлермен үнемі тығыз байланыста болдым. Дунай Еспаев, Ержан Қауланов, Дәурен Серғазин, Мейрам Хабибуллин және басқа да қазіргі жас режиссерлер соңғы уақытта біраз шығармаларымды сахналады. Сондықтан да театрлардың бәріне ризамын. Бірақ мәңгілік ештеңе жоқ қой. Заман өзгереді. Өмірге жаңа ұрпақ келеді. Соған орай, театрларымыз да көштен қалмай, үнемі халықтың көңілінен шығып, көрермендерін көбейтіп, жаңа деңгейге көтеріле беруі керек. Мен жоғарыда айтылғандардың бәрін сол үшін жазып отырмын.
Яғни, қазақ театрлары да жаңа Қазақстанмен бірге жаңа биіктерден көрінсе екен деймін. Ал бұл үмітімнің қаншалықты жүзеге асарын алдағы уақыт көрсетеді.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург