Бұған дейін «Соқыр қорымы» аталып келген Қарағанды қаласы маңындағы қорым енді Жалаңтөс батырдың атымен атала бастады. Ел ә дегеннен «Бұл қай Жалаңтөс?» деп таңдана қарады. Осы орайда мұрағаттарды ақтарып, өткенге үңілген өлкетанушылар, тарихшылармен шынында бұл қорымның қай Жалаңтөстікі екенін анықтауға тырысқан едік.
Жылдар бойы «Соқыр қорымы» деген атпен белгілі болған бұл қабірстанның нақты кімдікі екені айтылмай келгені кеңестік саясаттың ықпалы болса керек.
«Тарихта аты аталатын бірнеше Жалаңтөс бар. Бірі қалмақ пен қазақ арасындағы Орбұлақ шайқасында 20 мың қолмен келіп қатысқан Самарқанд билеушісі. Екіншісі – атақты тарихшы-ғалым Әлкей Марғұлан айтып кеткен Жалаңтөс. Үшіншісі – Орта жүз Арғын тайпасының қаракесек руының Сарым бұтағынан шыққан батыр. Ел ішінде «Шақадан туған Қараменде бидей еді, Құлықтан туған Жалаңтөс батырдай еді» деген нақыл сөз бар. Жалаңтөс батырдың әкесінің аты – Жансары. Оны жеңгелері Құлық деп атап кеткен. Кейін қалың елге Құлық атымен жайылған ол ағайынға мейірімді, елге беделді, шаруақор адам болыпты. Оның атамекені – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Қызыларай тауының күнгейіндегі Қаратал өзенінің бойы», – дейді өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.
Жалаңтөс батырдың қазақ пен қалмақ жасақтарының арасында болған Бұланты-Білеуті, Қарасүйір, Аңырақай, Сарыбел, Түркістан, Ташкент, Қарқаралы, Баянауыл, Құланды, Аягөз, Ұлытау маңындағы шайқастардың ортасында болып, ерен ерліктер көрсеткені зерттеушілердің деректерінде келтірілген.
Жалаңтөстің «Соқыр батыр» атануы туралы деректерде қалмақтардың Қарағанды маңында орналасқан қамалын бұзып, осы өңірді жаудан толық азат ету кезімен байланыстырады.
Бір ұрыста қалмақтың батыры Жалаңтөс батырға қарсы шығады. Екеуі бір түс алысып, ақыры суы бар жалғыз талдың қасына келгенде қалмақтың батырын мертіктіріп жығып кетеді. Жауды жеңіп, әрі қарай қуып тастап, қайта оралып, жалғыз тал өскен судың басына таяғанда батырдың көзіне жебе келіп қадалады.
Жанындағылардың бәрі жиналып абыржып, не істерін білмей тұрғанда Жалаңтөс батыр: «Мына оқты жұлып алыңдар!» деп айқай салады. Бірде-бір адамның батылы бармайды. Осыны көрген батыр жебені өзі қос қолдап тұрып суырып алады. Батыр көздің орнын таңып байлап, судың басына келсе жанындағы жігіттер мертіккен қалмақ батырын қасындағы қарындасымен бірге ат құйрығына байлап, өлтіреміз деп батырдан рұқсат алуды күтіп тұр екен.
Мертіккен қалмақ батырының қарындасы: «Сауға! Сауға! Сауға!» деп батырдың алдына келіп: «Әкем тұқымсыз қалады ғой, мынау жалғыз ағам еді, адам болу-болмауы екіталай, жарақатыңыздың құнына мен жарасам ала кетіп, ағамды өлтіре көрмеңіздер», – дейді. Содан сабырға келіп, мертіккен қалмақ батырын сол араға тастап, қызды алып елге қайтады.
«Осы шайқаста жеңіске жеткен батыр ағып түскен көзінің құнына өзіне садақ атқан қалмақ батырының жалғыз қарындасын және екі құла айғырын алып қайтады. Сол құла айғырларға байланысты «Құлайғыр» деген жер атауы сақталып қалған. Ал жаңағы қалмақ батырының жалғыз қарындасы батыр бабамыздың үшінші әйелі болып босағасын аттайды. Ол анамыздың аты – Ақсұлу. Мен осы анамыздан тарадым. Жалпы, Жалаңтөс батыр үш әйел алған адам. Біріншісі То-бықты Жуантаяқ Шортан дегеннің қызы, есімі – Жібек. Екіншісі – Қаздауысты Қазыбек бидің қызы Маңқан, үшіншісі – жоғарыда айтып өткен қалмақ батыры-ның жалғыз қарындасы Ақсұлу.
Жалаңтөс батырдың үш әйелінен тараған ұрпақтың өзі бұл күнде үш рулы елге айналды. Атадан балаға жеткен қымбат мұраның бірі шежіре дейтін болсақ, Жалаңтөс батырдың ұрпақтары туралы да біздің қолымызда үлкен аталарымыздың айтуымен жеткен шежіре нұсқалары бар. Ол шежіреге сүйенсек, Жалаңтөс батырдың Жібектен – Алтай, Әжібай, Толыбай, Маңқаннан – Бәйгел, Берістен, Бөлтей, Сәрке, Ақсұлудан – Есет, Естай, Рүстем, Бабатай, Көбен деген ұлдары және Санат, Шәйра есімді екі қызы болған. Он екі ұлынан ұрпақтар өрбіген. Естайдан атақты Сабота шешен туған. Жалаңтөс батыр екі қызының біреуін керейден шыққан ер Жәнібекке ұзатқан. Ең өкініштісі – бізге ер Жәнібекке байланысты көптеген дерек жетпей қалды. Кеңес дәуірінде үлкен аталарымыз ол кісілердің атын атауға қорықты, заманның қаһарынан қаймығып, көптеген әңгіменің сырын аша алмай кетті» деп жазады Жалаңтөс батырдың ұрпағы Қуандық Сәденов.
Ал бұл қорымның шыға берісінде Соқыр өзені ағып жатыр. Өзеннің атауы да сол ерлікті паш етеді. «Бұқар жырау ауданының тарихы» атты монографиялық еңбекте Жалаңтөс батыр бастаған шайқас – Сарыарқаның құтты өңірі Қарағанды маңында, Нұра жақта болғаны айтылады. Қанды арпалыс кезінде батырдың көзіне жебе қадалғанда да айқас тоқтамаған. Жау садағы тиіп, азат етілген жердің өзен суы «Соқыр» деп айтылған екен.
Жері үшін, елі үшін жауға қарсы шауып, ерлігімен батыр атанған Жалаңтөс батырдың есімі халыққа қайтқалы көп болған жоқ. Дегенмен ел болып көтерген мәселе орнын тауып, Соқыр қорымының Жалаңтөс батырдың атымен қайта аталғаны дәтке қуат. Десе де, өскелең ұрпақ біліп жүру үшін Қарағанды облысындағы аты дүбәра «Красная поляна», «Южный» (бір қызығы, «Құлайғыр» стансасы осы «Южный» кентінде орналасқан), «Долинка» сияқты елді мекендердің біріне батыр аты, Қарағанды қаласында көше берілсе, батыр ескерткіші де елдіктің, ерліктің үлгісіндей болып тұрса орынды болар еді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы