Степногор қаласының жанындағы Ақсу кентінің тұрғындары елді мекеннің іргесіндегі өндіріс ошақтарының залал-зардабын тартып келе жатқанын айтып жүргелі талай жылдың жүзі болды. Алтын өндірілетін аймақтың бірі – Ақсу кентінде кеңес заманынан бері Степногор тау-кен химиялық комбинатының жанындағы уран қалдықтары қоймасы орналасқан. Тұрғындар «Алтын Алмас» компаниясына тиесілі Котенко карьеріндегі қатты жарылыстардан тұрғын үйлердің қабырғалары қақырап, іргелері сөгілгенін айтады. Бірақ ақсулықтарды үйлерінің құлауынан бұрын уран қалдықтары сақталған қойманың бүліну қаупі алаңдатады.
Әңгіменің әлқиссасын Степногорск тау-кен химиялық кәсіпорнынан бастасақ. Заманында бұл кәсіпорында атом өнеркәсібін дамыту үшін уран өндірісі қолға алынған. Сондықтан Кеңес одағы қаланы құпия әрі жабық күйде ұстады. Шаһарға тек арнайы рұқсат құжат арқылы ғана кіріп-шығатын. Дүниежүзілік ядролық ассоциацияның мәліметінше, Қазақстанда уран қорының бестен бір бөлігі шоғырланған. Оның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан аймағында орналасыпты. Уран және мыс-молибден өңделетін Степногорск тау-кен химиялық кәсіпорнында пайдалы өнім 0,2 пайызды ғана құраса, қалған 99,8 пайыз қалдық қоймада жинақтала берген. 1960 жылдардан бері жұмыс істейтін алып радиациялық қойманың аумағы 732 гектарды құрайды. Ондағы уран қалдықтарының жалпы көлемі 50 миллион тоннадан асып жығылған. Ғалымдар бұл уран қоймасының радиациялық әсерінің орасан зор зиян келтіретінін айтудай-ақ айтып келеді. Ал тұрғындар алтын өндіру карьеріндегі жарылыстар мол уран қалдықтары жиналған қоймаға қатер төндіре ме деп қауіптенеді.
– Менің осы саланы зерттеп жүргеніме 3 жылдан асты. Алтын өндіру кеніндегі жарылыстар онсыз да Ақсу, Заводской кенттеріндегі экологиялық ахуалды ушықтыра түсті. Салдарынан онкологиялық аурулар көбейді. Ал ең бастысы радиациялық уран қалдықтары қоймасының осы жарылыстардың салдарынан бұзылуы әбден мүмкін. Уран қалдықтары қоймасы Котенко карьеріндегі жарылыс болатын аумақтан 500 метр жерде ғана орналасқан. Ал жарылыс болатын жер мен елді мекеннің арасы бар болғаны 300 метр болып тұр. Бұл тиісті құзырлы органдардың тексерісі кезінде анықталды. Бекітілген ережеге сәйкес өрескел заңбұзушылық болғанымен қоймай, аса ірі апат кез-келген қателіктен туындайтыны ескерілмей тұр. Шағымымызды айтып бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады, бірақ жауаптылардың әрекеті сылбыр, – дейді Григорий Вингертер есімді Ақсу кентінің тұрғыны.
Жағдайды анықтау мақсатында Ақмола облысы Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Ерік Төлеужановпен тілдестік. Департамент басшысы жарылыстардан болатын сейсмикалық тербеліс қалыпты межеден аспайтынын жеткізді.
– «Алтын Алмас» компаниялар тобындағы жарылыс жұмыстарының уран қалдықтары қоймасына қауіпсіз екені анықталды. Тексерісті тәуелсіз «Mining Research Group» сарапшылары жүргізіп, олар жарылыстардан болатын жер тербелісі рұқсат етілген межеден аспайды деген қорытынды берді. Сондай-ақ департамент «Алтын Алмас» АҚ бастамасымен қауіпсіз қашықтықты анықтау үшін 3 сәуір күні құрамында тиісті мекеменің өкілдері кірген комиссия құрды. Аталған комиссия да ешқандай заң бұзушылықты анықтаған жоқ, – дейді Ерік Қабашұлы.
Өз кезегінде «Алтын Алмас» алтын өндіру компаниясы да алтын өндіру кезіндегі жарылыстардың қалыпты қауіпсіздік межесінен аспайтынын айтады.
– Ақсу-2 өндіріс алаңындағы барлық жұмыс қатаң түрде бекітілген жобаға сәйкес жүргізіледі. Жарылыс жұмыстары аптасына бір рет жүргізіледі. Әр жарылыстың сейсмикалық ықпалы өлшенеді. Көрсеткіштер рұқсат етілген шекті межеде болып отыр. Яғни ғимараттарға ешқандай қаупі жоқ. Тұрғындардың шағымымен ауа толқыны соққысының да тұрғын үйлер мен ғимараттарға ықпалына да жергілікті атқарушы органдардың, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуымен тексеріс жүргізілген. Бұл тексеріс қорытындысы бойынша да ешқандай шекті межеден асу болмады, – дейді Ақсу-2 өндірістік алаңының басшысы Берік Әбелдинов.
Дегенмен тақырыпты зерттеу барысында ауыл тұрғындарының айтқан уәжін қуаттайтын біршама маңызды фактілерді анықтадық. Мәселен, 2015 жылғы Ақмола облысының қауіпсіздік төлқұжатында уран қалдықтары қоймасында апат болған жағдайда 5 миллион тоннадан астам радиациялық қалдықтың төгілетіні тайға таңба басқандай жазылған.
Ақсу кенті тұрғындарының шағымдарынан кейін тексерістер жүргізіліп, Табиғат прокуратурасының талабымен Ақмола облысының өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті «Қазақ Алтын» алтын өндіру компаниясына кен өндіру жұмыстарының жоспарына өзгерістер енгізуге міндеттеу туралы сотқа талап-арыз берген. Сотқа дейінгі жоспардан тыс тексеріс барысында да Котенко карьері уран қалдықтары қоймасынан 500-600 метр жерде ғана екені анықталды. 2023 жылдың 1 наурызда өткен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының отырысында жарылыстардың уран қалдықтары қоймасына тым жақын орналасуынан болатын сейсмикалық қауіп ескерілмегені, қойма дамбасы мен инженерлік коммуникациялардың тұтастығына қауіп төндіретіні расталды. «Қазақ Алтын» компаниясы уран қоймасы орналасқан жерде жарылыс жасау жөніндегі деректерді тау-кен өндіру жұмысы жоспарында көрсетпегені, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарының 29 бөлігін бұзғаны анықталды.
Сот шешімімен «Қазақ Алтын» компаниясына Степногор тау-кен химиялық комбинатының уран қалдықтары қоймасына тек рұқсат етілген сейсмикалық жүктемені негізге алып кен өндіру жоспарына өзгерістер енгізуге міндеттелді. Дегенмен сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бөлек, уран қалдықтары қоймасының орналастыру кезінде Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдың 25 тамызында №ДСМ-90 бұйрығымен бекіткен радиациялық қауіпті нысандарға санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды да өрескел бұзылғаны белгілі болды. СЭС талабына сәйкес азаматтық және өнеркәсіптік нысандар уран қалдықтары қоймасынан 1000 метр және одан алыста орналасуы тиісті екені жазылған. Сондай-ақ радиациялық аймақта елді мекендер, ауруханалар, өнеркәсіп ғимараттарын салуға рұқсат етілмейді.
Біз жағдайды одан әрі анықтамақ болып Ақмола облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасынан өңірдегі онкологиялық аурулар бойынша көрсеткішті сұратқан едік. Басқарманың мәліметінше, өңірде онкологиялық аурулар деңгейі аса жоғары. Атап айтқанда, 2021 жылы Степногор қаласы бойынша 143 адамның, 2022 жылы 160 адамның онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталған. Яғни орташа есеппен 2021 жылы 100 мың адамға шаққанда 226 адам, 2022 жылы 232 адам онкологиялық ауруға ұшыраған. Әрине, оқырманның көкейінде көрсеткіштердің әртүрлі болуы күдік туғызуы мүмкін. Мәселені түсіндірер болсақ соңғы мәліметтер 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш. Яғни статистика. Ал степногорскіде 47 мың адам тұрады. Демек,қалада бір жыл ішінде онкологиялық сырқатқа шалдыққан 160 адамның анықталуы алаңдатарлық жағдай. Степногор қалалық «Viamedis» ауруханасының мәліметінше, тек Ақсу кенті бойынша ғана 35 адам тыныс жолдары дертіне шалдыққан, сондай-ақ 339 адам жүрек-қантамырлары және 246 адам артериалды гипертония ауруы бойынша есепке алынған. Онкологиялық аурулардан болған өлім көрсеткіші де жаға ұстатады. 2021 жылы 55 адам қайтыс болса, 2022 жылы 65 адамды дәл осы дерт дендеп, о дүниеге аттанған. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қорғалжын ауданында 2021 жылы 8 адам, 2022 жылы 9 адам онкологиялық дертке шалдыққан.
Біз жарылыстардың ықпалы қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екені жөнінде Алматы қаласындағы ядролық физика институты мамандарынан білмек болдық. Институт ғалымдары радиациялық қауіптің жоғары екенін жоққа шығармады. Сондай-ақ қауіп деңгейін нақтырақ анықтау үшін зерттеу жүргізу қажеттігін жеткізді.
«Атом энергиясы туралы» заңның 10-бабында, Денсаулық сақтау министрінің «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің санитарлық-эпидемиологиялық талаптары» бұйрығында, «Ядролық және радиациялық қауіпсіздік» техникалық регламентінің 3 бабында және Энергетика министрінің 2017 жылдың 20 ақпаны №58 бұйрығымен бекітілген апат болуы мүмкін жағдайларда қоршаған орта және халыққа радиациялық қауіп дәрежесі бойынша атом энергиясын қолдану нысаны радиациялық қауіпті санатта деп сипатталады. «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережесінің 25-бабына сәйкес радиациялық нысандардың санаты оларды жобалау кезінде бекітіледі. Ал қолданыстағы радиациялық нысандарды сол нысан әкімшілігі бекітіп, атом энергиясын қолдану саласындағы өкілетті орган және оның аумақтық бөлімдерімен келісіледі. Радиациялық нысандардың әлеуетті радиациялық қаупін анықтау критерийлері 3 санат бойынша зерделенеді. Жел эрозиясы, топырақ сулары арқылы радионуклидттердің таралуына зерттеу жүргізу қажет. Мұндай жұмыстарды ядролық физика мамандары Ақтау қаласының жанындағы Қашқарата уран қалдықтары қоймасында жүргізген. Онда радионуклидттердің түрлі таралу жолдары есебінен қауіп анықталып, оның таралуын жою шаралары ұсынылған», дейді Алматы ядролық физика институты жолдаған ресми жауабында.
Қысқасы, бір жағынан алып радиациялық қаупі жоғары уран қалдықтарының қоймасы, екінші жағынан алтын өндіру үшін жарылыстар болып жатқан Ақсу кентінің тұрғындарының алаңдайтын жөні бар сияқты. 2013 жылдың 18 маусымында Ресейдің Бачатское техногендік жер сілкінісі болып үлкен апат болғаны рас. Қауіптің алдын алып, тиісті құзырлы органдар мен мамандар тиісті түрде толықтай тексеріс жүргізгені жөн сияқты.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы