Ерлан Қошанов БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Үш жыл бұрын орталықтың қолдауымен Орталық Азиядағы әйелдер диалогы жұмыс істей бастады. Биыл оған Қазақстан төрағалық етіп отыр.
– Біз әйелдердің барлық салаға қатысуы және оларды қолдау бойынша Қазақстан тәжірибесімен бөліспекпіз. Қазақ қоғамындағы әйел тек дәстүр мен отбасы ошағын сақтаушы ғана емес, сондай-ақ ол еліміздің қоғамдық-саяси және экономикалық өміріне белсене араласады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер, халықаралық форумдар аясында кездесулер өткізу көзделген. Ондағы мақсат – Орталық Азия елдері арасында әйелдердің аймақ өміріне белсене араласуына ықпал ету үшін тәжірибе алмасу, заңнамалық қолдау болмақ, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Қазақстан төрағалығы осы жылы мамыр айының соңында салтанатты түрде басталады. Бұл іс-шарада Орталық Азияның барлық елінің қатысуымен инновациялық және технологияларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер ұсынылады.
– Жалпы Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалық етуі Орталық Азия аймағында гендерлік теңдікке қол жеткізуге және әйелдер құқықтарын кеңейтуге елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді Е.Қошанов.
БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча ұйымның аймақтағы бастамаларына белсене қатысқаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Әйелдер мен жастарды қолдау аясындағы өзара іс-қимыл еліміздегі барлық мекеме мен ұйымды қамтитынына сенім білдірді.
Кездесуге сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан мен Снежанна Имашева, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй және БҰҰ Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығы басшысының орынбасары Армандс Пупольс қатысты.
Екіжақты кездесуден соң Мирослав Енча жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаевамен және Орталық Азия әйелдері диалогына Қазақстан атынан қатысатын палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспанмен толығырақ талқылады.