Балаң үйде, қылығы түзде ме?

Жыл басында Ақтөбе мен Талдықорғандағы төбелесқұмар қыздар­дың әрекеті жұрттың жағасын ұстатқан еді. Енді, міне айналдырған бір-екі аптаның ішінде әлеуметтік желіде тарап жатқан жасөспірім­дер­дің әлімжеттігі естіген жұртты елеңдетіп отыр. Балалардың бесіктен белі шықпай жатып басбұзарлыққа баруына не себеп? Әлде себепті жүгенсіз кеткен жөспірімдерді заң алдында жауап бергізіп, жазаға тартқызудың аздығынан іздеген жөн бе?

Әжетханадағы әлімжеттік

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы білім орындарының бірінде болған қыз­дар арасындағы төбелестің видеосы тараған еді. Онда үш қыз бір қызды жабылып, аяусыз сабап жатқаны анық көрінеді. Кейін сол оқиғаға қатысушы қыз ба­лалардың желідегі парақшала­ры­нан олардың алкогольдік ішімдік ішіп, былапыт сөздер айтқан сәттері де санаулы секундтың ішінде таралып үлгерді. Артынша Өскемендегі сауда орталық­та­рының бірінде екі-үш қыздың қа­тар­ласына әлімжеттік жасап жатқаны байқалатын бейне­жаз­­ба шықты. Бұл бейнежазбадағы сұмдықты жүрегі әлсіз адамдар көруге әсте болмайды. Өйткені ондағы қыз балалардың әрекеті кәнігі қылмыскерлерден кем емес. Әжетханадағы әлімжеттік көрсетілген видеода жасөспірім қыздардың былапыт сөйлеп, жұдырықты аямай сілтегені бы­лай тұрсын, жәбірленушіні тыр жалаңаш шешіндіріп, істеген ісінен ләззат алып жатқаны кө­рініп тұр. Айтқандай, әлімжеттік көрсеткен әлгі қыздар абыройлы отбасыдан шыққан. 

Осы оқиғаның ыстығы басыл­май жатып желіден Павлодардағы Песчан балалар үйінің тәрбиеле­нушілері арасындағы зорлық-зомбылықты көз көріп, құлақ естіді. Облыстық Білім басқарма­сының мәліметінше, расында да №2 арнайы мектеп-интернаты­ның тәрбиеленушілері арасында ауызша кикілжің болып, арты төбелеске ұласқан. Оның артын ала бере Қызылорда облысы Қа­залы ауданында баланы аяусыз тепкілеп жатқан жеткіншектердің әрекеті жұртты шошытты. Мұнда да күдікті жас­өс­пірімдердің бірі бұрынғы по­лиция қызметкерінің ұлы екені айтылды. «Ахуал жіті назары­мыз­да тұр» деп жергілікті атқарушы биліктің айтқаны сол екен, күні кеше дәл осы облыста тағы бір жасөспірім төбелесте алған жа­рақатымен ауруханаға жеткізілді. 

Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы төбелестің соңы Ал­маты облысында бір емес, екі ба­ланың өлімімен аяқталды. Бел­гілі болғандай, Кеген аудандық полиция бөлімшесіне 2006 жылғы кәмелетке толмаған баланың мә­йіті өзен бойынан табылғаны туралы хабарлама 11 сәуір күні түскен. «Қатарласын өлтірді» деп күдікке ілінген бала да мектеп оқушысы. Досына жасалған әлім­жеттікті көтере алмады ма, мар­құмның досы да артынша өз-өзіне қол салып қайтыс болғаны туралы ақпарат та шықты. 

Мұндай сорақылықтарды жіпке тізе берсеңіз, бүгін бітпейді. Өкініштісі, үлкен жолға жолдама алмай жатып жауыздықты бо­йы­на сіңіріп, қолын қанға малып жатқан жасөспірімдерді жөнге салу күн сайын қиындап ба­рады. Бала дейміз ғой, баяғы. Бірақ бәленің барлығы осы «ба­ла ғой» деп бастан сипап, кеші­рім жасаудан да болып жатқан жоқ па екен деген ойға қалаты­нымыз да жасырын емес. Ендеше кәме­летке толмаған балалардың бо­йындағы кекшілдік пен қаты­гездік қайдан келді? 

Жүрек тыныштығы – тәрбиенің басы

Буллингтің түрі көп бүгінде. Психолог Айгүл Рақымжанқызы осылай дейді. Ал оның негізгі себебіне қызығушылық пен қыз­ғаныш кіреді. «Біріншісі – бі­реудің мүмкіндігін, интелек­туал­дық, шығармашылық, спорт­тық жетістіктерін қызғану арқылы буллингке ұшырату. Екіншісі – кек алу. Яғни, өзі де кезінде мықтылардан буллинг көрген ол да өзінен әлсіздерге соны көр­сетеді. Үшіншісі – үлкен ұжымда өзін көрсету. Мықты екенін се­зіндіру, өзіне көңіл аударту», – дейді маман. Оның айтуынша, кез келген буллингте әлімжеттік жасаушы, құрбан және бақы­лау­шы болады. Агрессор көбіне өзі­нен әлсіздерге әлімжеттік көр­се­туге ұмтылса, ата-анасынан әлім­жеттік көріп отырған бала мек­теп­те өзінен кейінгі әлсіздерге қа­тыгездік көрсету арқылы өзін­дік ішкі уәжін қанағаттандыру­ға талпынады. Мұндай қатыгез­дік­ті материалдық жағдайы жақ­сы балалар да көрсетеді. Физио­ло­гиялық кемістігі, интеллек­туал­­ды дамуында қиындығы бар, тұйық, мазасыз, бі­реудің айтқа­нына көнгіш, өзіндік бағасы тө­мен, сыртқы бейнесіне көңіліне толмайтын балалар құр­бан болуға бейім. Кейде мұғалім­дердің өте қатты жақсы көретін балаларын немесе жаңадан кел­гендерді орта қабылдамаса да буллинг пайда болады. Бақылау­шылардың көбі әділетсіздікке қарсы тұратын жағдайда да әлім­жеттік құрба­нына айналуы мүм­кін. Мұндай балаларды тану қиын емес. Мінезі тұйықталып, тәбеті мен ұйқысы бұзылса, кейде ашу­шаң болып кетсе, бұл буллинг құрбанына тән мінез-құлыққа жатады.

Психолог-сарапшы Алтын­шаш Матаева «Баланың жауап­кершілігінен бұрын қоғамның жауапкершілігін арттыру маңыз­ды» дегенді айтады. «Баланың алғашқы қоғамы – отбасы. Үйін­де ұрыс-керіс, күнде кикілжің от­басында өмір сүрген бала өз ор­тасының ерекшеліктерін бо­йына сіңіреді. Ұясында көр­генді ол сыртта көрсетеді. Бұл мі­нез ба­ра-бара екі кейіпкерге ай­на­ла­ды. Бірі – агрессор, екін­шісі – жәбірленуші. Қазір «гипер­активті бала» ұғымы деген пайда болды. Бұл отбасындағы тыныш­тықтың жоғынан. Осындай бала­ларды сүйрелеп, емдетудің жолын іздеп жүрген ата-аналар бар. Меніңше, баладан бұрын ата-ананың өзі емделуі керек. Үлкен­дердің өзін өзгерт­пей, баланың мінезін өз­герте алмайсыз. Сонымен қатар қазір мұ­ға­лімдер «біз баланың тәрбиесіне жауап бермейміз» дейді. Бұл да дұрыс емес. «Қыз үйде, қылығы түз­де» дегендей, кейбір балалар­дың мінезі сыртта білінеді. Олар­дың үйден тыс қоғамға әлеумет­тену процесіне мән берілуі керек. Балаға бағыт-бағдар беру кемшін. Өкінішке қарай, көз алдындағы балалар бір-бірін ұрып-соғып жатса да ұстаздар «соқыр мылқау танымас тірі жанның» кейпіне кіріп жа­тыр. Кейде мұғалімнің өзі де буллингке себепкер болады. Ба­лаларды менсінбеу, алалау, кем­­сіту де олардың арасындағы бул­лингті өршітіп отыр. Неге? Себе­бі ұстаздың осы әрекетінен «үлгі» алатындар, әлімжеттік жасау үшін жәбірленушіні оңай тауып алады. Сондық­тан балалардың жауапкер­ші­лігінен бұрын үл­кендердің өзін жауап­кершілікке тартқызу әл­деқайда дұрыс», – дейді Алтын­шаш Матаева. 

Қателікке көз жұму қылмысқа жол ашады

Талай жылын бала тәрбиесіне арнаған Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагог Роза Есен­баева психологтердің айтқанымен толық келіседі. «Балалар арасын­дағы буллинг – бүгінгі қоғамның дерті» деп санайтын ол кішкентай қателіктерге көз жұма қарау үлкен қылмыстарға жол ашатынын айтады. Сол үшін мектеп мұға­лімдері мен ата-ана оқушылар арасындағы қатыгездікті жоюды дер кезінде анықтап, тәрбиелік іс-шаралар мен түсіндіру жұмыс­тарын үнемі жүргізіп отыру қажет. Оның айтуынша, мектеп қабыр­ғасында балаға тәрбие мен білім қатар берілуі тиіс. Дегенмен тәр­биенің түп қазығы отбасында қа­ланып, жақсы мінез ата-ана­сы­нан дарып, өмірге деген көзқа­расы қалыптасатынын да естен шығармау керек.

«42 жыл педагогика саласын­да еңбек еткен ұстаз ретінде айта­мын. Алдыңдағы 25-30 оқушы­ның күнделікті көңіл күйі мен оқу үлгерімін қалтқысыз қадағалап, ізгі істерге баулып, ата-анасымен хабарласып отыру – сынып же­тек­шісінің міндеті. Бүгінгі ха­лықтың әлеуметтік жағ­дайының қиын­дығы, күнкөріс қа­мымен жұ­мыс­басты бо­лып, ба­ласының көңіл күйіне қа­рауға уақыт тап­пай жүр­ген ата-ана­лар, не бол­маса баласын үл­де мен бүлдеге орап, айтқа­нын орын­дап, көз ал­дында тоғы­шар­лық­қа жол бе­ріп отыр­ған­дар да кездеседі. «Бі­реу тоңып секірсе, екіншісі тойып секірген» отба­сы­ның ұл-қызын із­гілікке тәр­бие­лей отырып, ізгі істерді бойына сі­ңіру – мұ­ғалімнің де міндеті. Бұрын да балалар ара­сында ренжісу мен өкпелеп қалу, топтан бөліну, ке­ліс­пейтін жағ­дайлар үнемі болды. Соны дер кезінде та­быстырып, өзара ше­шіп, кекшіл­діктен сақ­тан­дырдық. Сөйтіп, келеңсіздік­тің алдын алатын едік. Бірақ ба­ласының өзгеге құрметі мен сый­ластығын, бауырмалдық та­ны­туын әр ата-ана қадаға­лауынан шығармағаны жөн болар еді», – дейді Роза Есен­баева. Өкінішке қарай, қа­зіргі бала­лардың кекшіл болуына себеп көп екенін жа­сырмайды. Себебі баласының көзінше өз қызметін дәріптеп, өзінің қара­мағын­дағыларға үс­темдік көрсе­тіп, қызметін «пай­далану» ба­ланың бойында «мен ғана күш­тімін, әдемімін» деген мақтанды қа­лыптастырып, өк­темдік көрсе­туге деген құлшы­нысты арттырып отыр. «Айтқаны орындалып, қа­лауы істеліп жатса, өз білгенін істегісі келмейтін бала болмайды. Тіпті, «менің де айт­қаным заң» деген ұғымда өмір сү­руі мүм­кін», – дейді ол.

Жүгенсіз жасөспірімнің жазасы қандай?

Негізі, біздің елде қолданыс­тағы заңнамаларға сәйкес, балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруде ата-ананы міндеттейтін арнайы бап бар. Оған сәйкес бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қараған ата-аналарға айыппұл салынады. Қылмыстық кодекске салсақ, жасаған әрекеті үшін он алты жас­қа толған есi дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тар­тылуы тиіс. Ал қылмыс жаса­ған уақытта он төрт жасқа толған адамдар кісі өлтiргенi, денсау­лыққа қасақана ауыр зиян кел­тiргенi, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiргенi, зорлағаны,  сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерi, адам ұрлағаны халықаралық қор­ғауды пайдаланатын адам­дарға немесе ұйымдарға шабуыл жаса­ғаны, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық не­месе дiни алауыздықты қоз­дырғаны, Президенттің өміріне қол сұғу, диверсия, ұрлық, мал ұрлау, тонау, қарақшылық, қор­қыту секілді бірқатар қылмыстық жауапкер­шілікке тартылады. Бі­рақ кәме­летке толмаған адам пси­хи­калық дамуы жағынан арт­та қал­ғаны сот-медициналық са­рап­тамада расталса, қыл­мыс­тық жа­уап­кершіліктен боса­тылады.

«Бұл үшін Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауапты­лық­қа тарту туралы және оған жаза тағайындау туралы мәселелерді дұрыс шешу үшін ҚПК-нің 113 және 531-баптарында көрсетілген мән-жайлардың елеулі маңызы бар», – дейді заңгер Меруерт Қо­йай­дарова. Мысалы, баланың бо­йын­дағы иланушылығы, ашу­шаң­дығы, тәуелділігі, сөзуар­лық­қа, бастамашылыққа, қиялға бе­йімділігі сияқты жеке басының өзіндік қасиеттерін анықтап алу қажет. Бұл мақсатта кәмелетке тол­маған адамды тәрбиелеп отыр­ған адамдардан және басқа да адамдардан жауап алып, оның денсаулығына және санасының дамуына қатысты ресми құжат­тарды сұратып, сондай-ақ оның жеке басының құжаттарын (күн­деліктер, жазбалар, хаттар, аудио­жазбалар және т.б.) зерттеген, іс бойынша сотқа дейінгі пробация жүргізілген жағдайда сотқа де­йінгі баяндаманы талап еткен жөн.

Сондай-ақ ол қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес не­месе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиян­ды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын айтып отыр. Сонымен бірге адам өлімі немесе денсаулыққа ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар да арыз берушімен медиация тәр­тібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қыл­мыстық жауаптылықтан боса­тылуы мүмкін. Бірақ қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәр­биелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады екен. 

«Тағы бір айтарым, 82-бапқа қарасақ, кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде, осы кодекстiң 52-бабында көз­дел­ген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағ­дайлары, психикалық даму дең­гейi, жеке басының өзге де ерек­шелiктерi, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ық­палы ескерiледi. Ал 83-бапта кә­мелетке толмағандарды қылмыс­тық жауаптылықтан және жа­задан босату қарастырылады. Қандай жағдайда? Мысалы, сот қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қыл­мыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiлесе, қылмыстық жауаптылықтан бо­сатылуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Сондай-ақ қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған жасөспірімді кодекстің 68-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүм­кін», – дейді Меруерт Саматқызы.

Десе де, жүгенсіз жасөспі­рім­дерге тәрбиелiк ықпалы бар мәж­бүрлеу шараларын қарастыратын 84-бап жұмыс істейді. Оның ішін­де баланың бос уақытын шектеу және оның мінез-құлқына ерек­ше талаптар белгiленеді. Сондай-ақ жасөспірімге бiлiм беру ме­кемесiне қайта оралуына, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттiк органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн.

Өз ісіне өкінбейтіндер де бар

Астана қаласы Полиция де­партаменті Жергілікті полиция басқармасы бастығының орын­басары Қанат Нысантаев балалар арасындағы буллингтің алдын алу және жасөспірімдердің жүгенсіз әрекеті полицияның қырағы қа­дағалауында екенін айтып отыр. Оның сөзінше, балалардың қа­тысуымен болған кез келген әлім­жеттік көрсету фактісі бойынша жария болған бейнежазбаларда полиция бірден қылмыстық іс қозғайды. Криминалдық полиция қызметкерлері, жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспекторлар мен тергеушілерден құралған топ не­гізгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде, қылмыс­тық іс-әрекеті дәлелденген жағ­дайда іс сотқа жолданады. «Қыл­мыстық кодексте балалар 16 жас­тан бастап қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Қылмыс­тық кодекстің 15-бабына сәйкес, 14 жастан асқан балаларға 30 қылмыс бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Ал осы тізімде жоқ құқықбұзушылықтар мен қылмыстары үшін 14 жасқа толмаған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ Әкімшілік құқықбұзу­шы­лық кодексінің 127-бабында ба­ласы үшін заңды өкіліне жауап­кершілік қарастырылады. Яғни, ұсақ-түйек қылмыс жасап, түнгі уақытта өз бетімен жүргені анық­талса, құқықбұзушылыққа бейім осы жастағы балалар үшін ата-анасы заң алдында жауап береді. Мысалы, заңды өкіліне 10 АЕК айыппұл салынады. Одан бөлек, іс-әрекетін қоймаса, екі жылға дейін арнайы мектептерге жібе­ріледі екен. Өкінішке қарай, по­лицияның арнайы есебіне алы­нып, ата-анасы жауапкершілікке тартылғанымен, арнайы мектеп­тің өзі аздық ететін, өз ісіне өкі­ніш білдірмейтін жасөспірімдер де бар. 

«Тәрбиенің басы – тал бесік­те» екенін айтқан психолог пен педагогтердің сөзіне алып-қо­сарымыз жоқ. Шындығында да, баланың іргетасы отбасында қа­лыптасары хақ. Алайда өткеннен сабақ алмаған, сабақ алуды мін­деті санамаған жүгенсіз жасөс­пірімдердің артуына заң алдын­дағы жауапкершілігін арттыру да аздық етіп жүр ме дейсің. Өтпелі кезең түгілі бастауышта оқитын балалардың арасында жаға ұс­татар жауыздық көбейді. Өйткені осы күні он жастағы ойын бала­сының бойындағы қатыгездік қоғамның бас ауруына айналғалы қашан. Судьялардың өздері де алдына келетін жасөспірімдердің қатысуымен болатын істердің дені ауыр қылмыстар екенін мойындайды. Демек, «баланың ісі – шала» деп емес, «қылмыста жас болмайтынын» қаперге алу қажет пе екен, кім білсін...

Жадыра МҮСІЛІМ