Қытайлық компаниялар ChatGPT сияқты жасанды интеллект жүйесін жасауда.
Alibaba мен Baidu компаниялары өздерінің чат-боттарын іске қосты
Қытайдың чат-боттары темір мен бетоннан дәмді тағам дайындауға кеңес берген
1,147
оқылды

11 сәуірде Қытай ChatGPT арқылы танымал болған генеративті ЖИ үлгілерін өзінің технологиялық индустриясы қалай енгізетінін бақылау үшін жасанды интеллект жүйесінде қызмет көрсететін чат-боттарға жаңа тексерулер жүргізетінін жариялады. 

Бұл туралы Financial Times басылымы Alibaba компаниясының ChatGPT-ға ұқсайтын өзінің ботын іске қосқаннан кейінгі қытайлық органдардың хабарламасында айтылғанын жазды. 

ЖИ технологияларының жойқын бәсекесінде Қытай компаниялары қандай стратегия қолданатынын Aikyn.kz британдық басылымның материалы негізінде талдайды. 

Фото finance.yahoo.com сайтынан алынды

Қытайдың бақылаушы органдары өз компанияларының АҚШ-тың технологиялық алпауыттарымен бәсекеге түсетініне және аламан бәйгеде озуын талап етумен бірге олардың қызметінде «социалистік құндылықтар» басты назарда болуын да қадағалауда.

Технологиялық алпауыт Alibaba өзінің қытайлық әріптестері SenseTime және Baidu-дан кейін ChatGPT тәрізді ботты іске қосқанын жариялады. Осы мәлімдемеден кейін бірнеше сағат өткен соң Қытайдың ықпалды интернет реттеушісі чат-боттардың «әлеуметтік жұмылдыру» әлеуетін қолдануға деген ниеті бар екенін білдіріп, жоспарларымен бөлісті. Сарапшылар реттеушінің жоспарлаған шаралары Alibaba-ның чат-ботының күшейіп, өрісінің кеңеюін тежейді деген болжам айтуда.  

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Chen Yuyu

Қытайдың киберкеңістік әкімшілігінің ұсыныстары бойынша, ЖИ технологияларын қолданып жұмыс істейтін чат-боттарды жасаушылар өнімдерін жұртшылыққа жарияламас бұрын қауіпсіздік сараптамасына жіберуі керек, әкімшілік оларды тексеріп мәліметтер базасында тіркейді. Реттеуші сонымен қатар платформалар қолданушылардың жеке басын тексеруін міндеттеуде. Осылайша билік қытайлық азаматтар өнімді қандай мақсатта қолданатынын бақылауға алғысы келеді.

«Генеративті жасанды интеллект арқылы жасалған контент негізгі социалистік құндылықтарды қамтуы керек және мемлекеттік билікке нұқсан келтіретін, социалистік жүйені құлатуға ықпал ететін, елді жікке бөлуді қоздыратын немесе ұлттық бірлікті бұзатын материалдар болмауы керек», – делінген реттеуші бекіткен ережеде.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Li Qingsheng

Alibaba-ның бас атқарушы директоры Даниэль Чжан «мың сұрақтың ішінен шындық» деп аударылатын компанияның Tongyi Qianwen ЖИ-боты DingTalk корпоративтік желісі мен Tmall Genie смарт динамиктеріне қосылатынын айтты. Кейіннен бот Alibaba-ның барлық жүйелері мен өнімдеріне енгізілмекші.

Alibaba америкалық стартап пен ChatGPT-ді жасаған OpenAI-ді қайталайтын соңғы қытайлық компания екенін мойындаған Чжан: «Біз генеративті жасанды интеллект пен бұлттық есептеулерге негізделген технологиялық бөліністің ортасында тұрмыз», – деп мәлімдеген.

«Он-жиырма жылдан кейін, біз артымызға бұрылып қарасақ, бәріміз сөре сызығын бірдей аттағанымызды түсінеміз, – деді Чжан. –  Болашақ мүмкіндіктерді бірге пайдалану – біздің ортақ тілегіміз және ортақ көзқарасты қажет етеді».

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: VCG

Қытайлық ЖИ жобаларының көшбасшысы SenseTime компаниясының бас директоры Сюй Ли компанияның SenseChat ботымен таныстырды, бот электронды хат жазып, балық аулаған мысық туралы әңгіме құрастырған.

Өткен айда Baidu де өзінің Ernie чат-ботын қолданысқа шығарды. Қолданушылар чат-боттың ерекше жарқын суреттер жасайтынын айтуда, бірақ оның логикаға қатысты проблемалары бар және GPT-4 сияқты бағдарламалық код жаза алмайды.

Alibaba-ның күш-жігері оның бұлтты бөлімінде жасырылған, оны Чжан желтоқсанда компанияның көрсеткіштері күрт төмендегенде өзінің жеке бақылауына алған. Компания басшысы өткен айда жарияланған холдингтік топтың қайта құрылымдауы компанияның тағдырын өзгертуге көмектеседі деп сенеді. Alibaba тобы алты компанияға бөлінеді, бірақ жалпы холдингтің бақылауында қалады, бұл әрбір жеке компаниялардың икемді болуына жол ашады.

Фото Fantastic Graphics сайтынан алынды

Alibaba өзінің Tongyi ботын өткен жұмада тестілеу үшін корпоративтік клиенттерге ұсынды. Желіде жарияланған қолданушылардың алғашқы пікірлері чат-боттың қытай және француз тілдерінде өлең жаза алатынын және негізгі математикалық есептерді шеше алатынын, бірақ қарапайым логикадан қиналатынын көрсетті.

Чат-ботты қолданушы Tongyi-ден дәмді тағам жасау үшін «темір бетонды қалай қуыруға» болатынын сұрағанда, ол «бетонды кішкене бөліктерге кесіп» дәмді тағам дайындауды ұсынған. Baidu компаниясының Ernie чат-боты да «бетонды сарымсақ, пияз және бұрышпен араластыруға» кеңес берген және бетонның «бірегей құрылымы бар ерекше ингредиент» екенін айтқан.

Ал, ChatGPT-ке дәл осындай сұрақ қойылғанда, ол өтінішті түсінбегенін және бетонның жеуге жарамсыз екенін ескерткен. Қытайлық қолданушылардың басқа сынақтары Ernie мен Tongyi-дің өмірде жоқ адамдар туралы ойдан шығарылған фактілерді келтіргенін көрсетті. Қытай реттеуші органдарының ережелері чат-боттарға жалған ақпарат жасауға тыйым салады.

Фото news18.com сайтынан алынды

Ernie ботына кіру үшін қолданушылардан аты-жөні мен ұлттық сәйкестендіру нөмірлерін енгізуі талап етіледі. Чат-бот Қытай төрағасына қатысты кез келген сұраққа Си Цзиньпиннің қысқаша өмірбаянын қайталай береді.

Генеративті ЖИ туралы хабарландырулардың көптігі қытайлық технологиялық топтардың акцияларының бағасын көтеруге көмектесті. Baidu акциялары жыл басынан бері 15%-ға, SenseTime акциялары 50%-ға өскен. Осы аптада Гонконг қор биржасында Alibaba акциялары да 1,5%-ға қымбаттады. Акциялардың өсуі қытайлық қаржы нарығын реттеуші органдар мен мемлекеттік ақпарат құралдарын алаңдатуда, олар инвесторларды алыпсатарлық дүрлігуден аулақ болуды бірнеше рет ескертті.