Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жиын өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жиында Президент әкімдерге тапсырма берді.
«Жергілікті депутаттар аймақтағы тексеру комиссияларымен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Бұл комиссиялардың рөлі едәуір артып, жауапкершілігі күшейтіледі. Алдағы екі жылда пилоттық жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті нормативтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді.
Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдерісін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заңның қабылдануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ. Қазір тиісті заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқанын білесіздер.
Ауыл әкімдері күн сайын тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешеді. Сондықтан олар елімізде айрықша рөл атқарады. Ауыл әкімдерінің 64 пайызы жергілікті жұрттың тікелей сайлауымен қызметке келді. Мұны, шын мәнінде, зор жетістік деуге болады. Тұрғындардың мәселесін жедел әрі тиімді шешу үшін оларға көбірек мүмкіндік беріліп жатыр. Бұл жұмыс та жалғасын табады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әрбір аймақтың өз ерекшелігі және «әлсіз тұстары» бар. Өкінішке қарай, әкімдер соны біле тұра, алдағы қиындықтарды уақытылы бағамдай алмайды. Жауапкершілікті өзіне алып, дер кезінде шешім қабылдаудан қашады.
Жаңа жылдан бері Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауында 811 адам болды. Соның 730-ын кестеден тыс, яғни табан астында жедел түрде қабылдауға тура келді. Олардың арасында барлық аймақтың тұрғындары бар. Президенттің атына жазылған арыз-шағымдардың саны үш жылда 2 есе өсті.