Мәселен, тұрғын үйге қатысты түрлі қиындықтары, мүгедектік тобымен келіспеушілік, оңалту орталықтарының жоқтығы сияқты жайттар кезігеді. Олардың басым бөлігін жарымжан адамдар өз бетінше шешуге қауқарсыз. Сондықтан көмек сұрап «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына жүгінушілер қатары қалың.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен тақырыптық қабылдауға келушілердің қарасы қалың. Олардың көтерген мәселелері де әртүрлі. Біреулері жеке басының қиындығымен бөліссе, басқалары қоғам өміріне қатысты түйткілдерді көтерді.
Олардың айтуынша, әсіресе мүгедектік алу қиын және берілген мүгедектік тобымен келіспеушілік көп. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын Ольга Ослопова науқас ұлы Григорийдің мүгедектігі алынып тасталғанына үзілді-кесілді қарсы. Сап-сау жүрген бала 2012 жылы басынан әткеншек соққысының салдарынан жарымжан болып қалған көрінеді. Қайғылы оқиғадан соң балаға берілген мүгедектік биыл сараптама қорытындысы бойынша алынып тасталыпты. Бірақ анасының айтуынша, Григорий ауруынан айықпаған, ұмытшақтығы тағы бар. Сондықтан ол ұлына мүгедектік тобының қайтарылғанын өтінді. Жалғызбасты ана аурушаң баласына күтім қажет болғандықтан, жұмысқа да шыға алмайтынын, тіпті оны үйде жалғыз қалдырып кету қауіпті екенін алға тартты. Бүгінде ол ұлының мүгедектегі үшін төленетін тиын-тебеннен де қағылып, мүлдем табыссыз қалған. Тіпті, баласын аудандық, облыстық ауруханаларға, департаменттің сараптамасына апару үшін жолақысына қаражат табу қиын. Толық емес отбасын таныстары тек жақсы жағынан ғана сипаттап, қолайсыз отбасылардың қатарына жатқызуға әсте болмайтынын атап айтты. Анасы Ольга Васильевна балаларының үсті-басын үнемі тап-тұйнақтай етіп, екеуі де мүмкіндігі шектеулі болса да, қосымша және шығармашылық білім алуына көп көңіл бөледі екен. Үлкен қызы – туабітті мүгедек. Қолының бір бөлігі жоқ екеніне қарамастан, тігіншілікті, кесте тігуді, сурет салуды жақсы меңгеріп алыпты.
Ольга Ослопованың сұрағына жауап берген облыстық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Елена Сүгірова мұның себебін баланың құжаттары жеткіліксіз болғанымен түсіндірді.
Облыстық мәслихаттың депутаты, журналист Юлия Пронина комиссияның мұндай шешімімен мүлдем келіспейтінін білдірді. «Менің ойымша, комиссия бірден мүгедектікті алып тастау туралы шешім қабылдамауы тиіс. Құжаттары толық болмаса, бұл істі кейінге қалдыруға не басқа күнге ауыстыруға болмай ма? Баланың анасына құжаттарын түгендеп әкелуге уақыт берілуі керек еді. Бала сау емес екені көзге көрініп тұрса, неліктен істің нүктесін қою керек? Енді бұл шешімнің дұрыс емес екенін дәлелдеу үшін күресуге тура келеді. Екіншіден, тіпті қоғамдық қабылдауға келгеннің өзінде мекемелердің толық атауын, нақты мәліметтерін айтпайсыздар. Қабылдауға жүгінген адамға сыпайы және егжей-тегжейлі кеңес берілуі тиіс деп есептеймін. Бұл кісіні тексеру және қайта куәландыру мәселесін бақылауға алайық», – деп ұсыныс жасады. Бірақ Елена Сүгірованың түсіндіруінше, комиссия мүшелерінің басқаша шешім қабылдау-ға құқығы жоқ көрінеді: не бүк, не шік.
Григорий Ослопов биыл 18 жасқа толған екен, бірақ МӘМС жүйесіне тіркелмеген әрі ешқандай төлем төлемеген. Сол себепті енді ауруханаға да қарала алмайтын болып шықты. Оның бұл төлемдерін депутат Юлия Пронина өз мойнына алды.
Бұл күні науқас баланың анасы тағы бір әңгіменің ұшығын шығарды. Соңғы рет ауруханада жатқанында емдеу мекемесіндегі өзге науқастар оның басын жарыпты. «Сәрсенбі күнгі төбелестен соң басы жарылған баламды жұма күні ауруханадан шығарып жіберді. Аудандық ішкі істер бөліміне арыз жазып едім, іс қозғаудан бас тартты. Содан бері балам ауруханаға аяқ аттап басқысы келмейді», – деді Ольга Ослопова.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Қазиев оған баласының мүгедектігін қайтару үшін сотқа жүгінуге кеңес берді.
Тағы бір мүмкіндігі шектеулі адам Алексей Сибатров ауыр науқасқа шалдыққанына қарамастан, оған үшінші топ берілген екен. Оның өкілі, қоғамдық
қор төрайымы Алма Таласпаева бұл – жалғыз Сибатровтың проблемасы емес екенін айтады. Департамент басшысының орынбасары Елена Сүгірова Алексей Сибатровтың мүгедектік тобы еш қиындықсыз ауыстырылатынын айтып сендірді.
Мүмкіндігі шектеулі Ильдар Қошанов баспана кезегі келмей жатқанын айтып шағымданса, қоларбамен жүретін Дмитрий Яковенко өзіне жатақхананың үшінші қабатынан бөлме берілгеніне риза емес. Жоғары қабатқа қоларбамен көтерілу үшін не лифт, не пандус жоқ. Сондықтан кіріп-шығуы қиын. Әрі бөлмеде сантехникасы да жоқ екен. Тағы бір мәселе – сексеннен асқан көршісі антисанитариялық жағдай қалыптастырып отырған көрінеді. Көп жылдар бойы автопаркте жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан ол бүгінде көрші-көлемнен қайыр тілеп, тамақ сұрап жүруге мәжбүр. Бөлмесі лас, қандала қаптаған. Зейнетақысын жаратып отырған қызы әкесінің күтіміне көңіл бөлмейтін көріне-ді. Бұл жайт қоғамдық қабылдауды жүргізген Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, мүгедектерге арналған «Тең жол» автомектебінің негізін қалаушы Сәлімхан Сәбитовтың наразылығын туғызды. «Зейнеткердің қызы үшін қатты ұялдым. Тіпті, зейнетақысын тартып алса, тым болмаса азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үйін жинастыруы керек қой. Бұл қалай? Түсінбеймін. Еліміздің Конституциясына сәйкес, балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға тиіс. Тиісті органдар мұндай ба-лаларға шара қолдануы тиіс деп ойлаймын. Мемлекет мұндай адамдарға жалғыз қалу үшін емес, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін баспана бөледі. Келешекте ата-анасын тастап кеткен жастар мүлдем болмайды деп үміттенемін», – деді Сәлімхан Жанатұлы.
6 жасар баласы қояншық ауруына шалдыққан Анастасия Григорьева-Яковлева баласына мүгедектік алу оңайға соқпағанын айта келіп, осындай балаларға арналған оңалту орталығы жоқ екенін және басқа қалаға апару үшін жәрдемақы аздығын ауызға алды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Аманжол Қазиев бұл тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана емес, барлық өңірлерге тән мәселе екенін алға тартты. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыс-пен қамтуды үйлестіру және әлеу-меттік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Береская оның баласын қалауы бойынша күндізгі немесе тәулік бойы жұмыс істейтін орталыққа орналастыруға көмектесуге уәде берді.
Бұл күні қоғамдық қабылдауға әртүрлі мәселемен он шақты адам жүгінді. Аманаттықтар мүмкіндігі шектеулі жандарға арнлаған қабылдауды тоқсан сайын өткізуді жоспарлап отыр. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлфира Рамазанованың айтуынша, жыл басынан бері 150 шақты өтініш келіп түскен. Олардың 40 пайыздан астамы оң шешімін тапса, жартысы бойынша ақыл-кеңес берілген, 8 пайызы бойына жұмыс атқарылуда.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы