Жетімдер үйінің атауын ауыстырып, қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы құрылды. Сөйтіп, атқамінерлер елдегі бала құқығын қорғау туралы жекелеген құқық қорғау ұйымдарының ұсынған жобасын құп көріп, орталықтағы балаларды үлестіруге кірісті. Осы арқылы мемлекет жетімдер санын іс жүзінде емес, қағаз жүзінде азайта бастаған. Алайда бір қайнауы ішінде қалған бұл жобаның азабын бүгінде кейбір отбасыларға асырауға берілген балалар тартып жатыр.
Статистикаға сенсек, қазір елде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны төрт мыңнан асады. Ал баланы отбасына қабылдағысы келетіндердің кезегі 7000-ға жуықтаған. Былай қарағанда бала асырап алушылардың саны артып отырғаны жақсы. Дегенмен «балалар үйі азайды», «бала асырап алатын ата-аналар көбейді» деп бөрікті аспанға атуға әлі ерте. Өйткені мемлекет қамқорлығынан ата-ана тәрбиесіне алынған балалардың барлығы бірдей шекесі шылқып жүр деуге келмейді. Жеке отбасындағы жетімдердің жағдайын былай қойғанда, асырап алған балаларды қажетсіз зат секілді қайтарып беретін отбасылар да бар. Мысалы, 2019 жылы – 220, 2020 жылы – 176, 2021 жылы – 193, ал былтыр 216 бала мемлекеттің қарауына кері қайтарылған.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қайтару фактілерінің бар екенін жасырмайды. Олар потенциалды ата-аналардың ауруы, отбасылық қиындықтар, психологиялық үйлесімсіздік, балалардың жиі ауруын кері қайтарудың негізгі себебі ретінде көрсетіп береді. Негізі бізде балаларды асырап алатын ата-аналарды түрлі тексерістен өткізетін орталықтар жұмыс істейді. Сондай-ақ комитет оралу себептерін мүмкіндігінше азайту үшін 2020 жылдан бастап әлеуетті асырап алушыларды міндетті психологиялық-педагогикалық даярлауды қоса енгізген. Дейтұрғанмен, әлгінде айтқандай, бірнеше тексерістен өтіп, арнайы сертификат алған соң да баланы кері қайтаратындардың саны өскен. Бірақ заңда баланы асырап алу ісіне саналы түрде барып, артынша ойынан айнып қалатындарға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Бала асырап алушылардың қара тізіміне енгізілмесе, мемлекет берген біржолғы жәрдемақыдан бөлек, ай сайын төленетін қаражатты қайтаруға да міндеттелмейді.
Әр дерек жеке зерттелуі керек
Шикілігі әлі де көп жобаны о баста балалар омбудсмені Аружан Сайын ұсынған. Сол себепті жетім балаларды асырап алушылардың заң алдында жауапкершілігін арттыру мәселесі туралы ойын білдік. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда патронаттық тәрбиедегі балалардың интернаттық мекемелерге қайтарылу саны бірде азайып, бірде өсіп отыр. Соның ішінде Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының қорғаншылық органдарына қайта оралған балалардың саны 10 және одан да көп пайызды құрайды. «Бізде балаларды отбасына орналастырудың үш формасы бар. Бала асырап алғандар балаға барлық құқықтарын, тегін, мұрагерлік құқықтарын және т.б. береді. Одан кейін қамқоршылық және патронат. Қазір ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 23 мыңнан астам бала болса, оның 17 мыңнан астамы қамқорлықта, ал патронаттық отбасыларда 1750-ден астам бала бар. Міне, сол ата-анасы қайтыс болса немесе ата-ана құқығынан айырылған жағдайда баланың туысқандары қамқорлыққа немесе патронатқа алады. Ал қайтарудың көп бөлігі осындай қамқоршылардың отбасыларына да тиесілі. Қаржылық қиындықтар, ата-аналардың дайындығы жеткіліксіз болатын себептер бар. Ең қызығы, мемлекет патронаттық отбасыларға одан әрі көмектесудің орнына, жақында мұндай көмектің қазіргі жағдайларын жақсартпайтын, керісінше оларды нашарлататын НҚА қабылдады», – дейді омбудсмен.
Сондай-ақ ол «Бала асырап алған отбасылардан балаларды қайтару мәселесін түбегейлі шешкен ел жоқ, бірақ біз осы сандарды барынша азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазыналық мекемелердің орнын ата-анасы тастап кеткен баланы қамқорлыққа алатын отбасыны қолға алдық», – дейді. Ал жауапкершілік мәселесіне келсек, омбудсмен балаларынан бас тартатын, ата-аналық міндеттерін орындамайтын биологиялық ата-аналардың өзіне жауапкершілік қарастырылмағанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, жауапкершілікті арттыру үлкендерден гөрі балалардың өміріне қауіпті болуы мүмкін. Бізде туған баласынан бас тартқысы келетін ата-аналардың өзіне баласын перзентханада қалдыра алатын мүмкіндікті заңдастырып береді. Сондықтан Аружан Сайын өгей ата-аналар үшін қандай да бір әкімшілік жауапкершілікті белгілеудің қажеті жоқ деп санайды. Оның орнына бар күшті патронаттық ата-аналарды дайындауға, барлық мүмкін қиындықтар туралы білім беруге, бар тәжірибені дұрыс пайдалана алса жетіп жатыр. Одан бөлек, өмірдің қиын жағдайына тап болып, ата-ана құқығынан айырылғандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балалардың биологиялық отбасына оралуын ойластыру маңызды.
Елордадағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Марс Ғалиев те «Әрбір фактіні жеке зерттеп, талдау жасамай жатып патронаттық ата-аналардың жауапкершілігін күшейту – балаларды қайтару мәселесін шешуге ықпал етпейді» деп санайды.
Қорқыныш құшағындағы өмір
Шындығында да өгей ата-аналарға жауапкершілік қарастырсақ, отбасында қалған баланың тағдыры ары қарай қалай өрілетіні одан да қорқынышты болуы мүмкін. Мүмкін дейміз-ау, бұл солай болып та жатыр. Құқық қорғаушы Дина Тәңсәрі қазірдің өзінде күн сайын «Немолчи KZ» қорына асырап алынған балалардың ауыр тағдыры туралы хабарласатындар баршылық екенін айтады. Себебі патронаттық отбасыларды бақылауға алатындардың әрекеті қарынды ашқызады. «Таразда патронаттық тәрбиедегі жетім бала асырап алынған отбасында тұрғысы келмегендіктен, биік үйдің терезесінен секіріп, сынған аяқ-қолына қарамай, жорғалап жүріп қашуға әрекет еткен. Бірақ қалалық білім бөлімі баланы әлгі отбасына қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Ауруханадан баланы бейімдеу орталығына алдыртып, психологиясын «түзетіп», қорқытып-үркітіп түрлі тәсілмен баланы кері қайтаруға мәжбүрлеген. Біз ештеңе істей алмадық. Баланың психикасы бұзылды, тағдыры талқандалды. Сондықтан бұл жүйені бақылау керек деп санаймын. Біздегі балалардың құқығы, оның ішінде жетім балалардың тағдыры, ой-пікірі, психологиясы ешкімді ойландырмайды. Әсіресе, жетім балалардың тағдырымен ойнау дәл осы орталықтардан басталады. Әлгіндегідей әдіс-тәсілдер арқылы баланы патронаттық отбасыға күштеп қайтарудың амалын қарастырады. Мысалы, орталықтағы балаларды түрмедегідей ұстайды. Телефонын тартып алады, достарынан оқшаулайды, оған қонаққа келуге болмайды. Бала толығымен сыртқы әлеммен байланысын жоғалтады. Бізде бір оқиға болды. Анасы ішкілікке салынғандықтан 16 жасында орталыққа түскен қыз болды. Бұл жердегі сұмдықты көзбен көрген соң агрессор анасына қайта оралды. Анасының өгей әкелерінен зорлық көрсе де орталықтың түрмесіне қайта оралғысы келген жоқ. Өйткені мемлекет балаға осындай адам төзгісіз жағдай жасағандықтан», – дейді ол.
Патронаттыққа алған отбасыларда да жақсы ата-аналар бар. Сол секілді балаларды жұмыс күші ретінде құлдыққа пайдаланып жатқан отбасылар жетіп артылады. Тіпті, асырап алған отбасыларда қыз балаларға зорлық көрсеткен жағдайлар болған.
Сол үшін балаларды орталықтан өз еркімен қашуға мәжбүрлейтін сұмдық әдіс-тәсілдер қолданылып, екінші ата-анасын тезірек табуға «көмектеседі». Агрессорлардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалған жетімдерді қорғауды алысқа бармай, Грузияның тәжірибесінен алып жатса, жетіп жатыр.
«Бұл елде адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардың адамдары патронаттық тәрбиедегі балалармен тәулік бойы байланыста. Біздегі тәлімгерлік институты демонстрациялық қойылымға көбірек ұқсайды. Олар балалар үйіне келетінін ресми түрде алдын ала айтады. Оларды орталықта комиссия сияқты күтіп алады. Балалармен сенімді қарым-қатынас жоқ. Сол үшін біздегі патронат ата-аналардың жауапсыздығы артады. Өйткені өздерінің мүлдем бақылаусыз екенін түсінеді, тексеру келсе де, келісімге келе алатынын жақсы біледі. Мысалы, прокуратура отбасына жылына 1 рет келеді. Оның өзінде 10 күн бұрын хабарлауы керек. Он күн ішінде отбасында «түсіндіру» жұмысы жүретіні заңдылық», – дейді Дина Тәңсәрі.
Сенатор Амангелді Толамисов болса, ақшасы үшін жетімдерді «жұбатқысы» келетін отбасылар да болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай отбасында қауіп-қатер көбейсе, керісінше балаларды орталыққа қайтарту керек. Бірақ баланың тағдырына жүрдім-бардым қараған ата-аналарды қара тізімге іліндіріп қана қоймай, оларға берілетін барлық жәрдемақыларды белгілі бір деңгейде қайтарту мәселесін заңмен қарастыру қажет.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндесек, туа салып тағдырдың теперішін көрген тастандыларға таңдау құқығын беруді қарастырған абзал. Мемлекеттің саясатына құрбандық ретінде шалып, жетімдерді еркінен тыс мәжбүрлейтін қазіргі жүйе балалардың құқықтарын аяққа таптаумен бірдей. Олар да басқа балалар секілді білім алып, толық дамуына жол ашылуы керек. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жараның іріңін жасырып, Жетімдер үйін жапқанымызбен, жетімдердің санын қолдан азайта алмасымыз белгілі. Олай болса, құқық қорғаушылар айтқандай, шалағай жүйенің құрбандарын қорқыныш құшағынан құтқару уақыт күттірмеуі тиіс.
Жадыра МҮСІЛІМ