Журналистика саласында еселі еңбек етіп жүрген қазіргі аға буын өкілдерінің бірі журналист Ескендір Ертай туралы әңгіме қозғала қалса, танитындардың езу тартпайтындары жоқтың қасы
Елдің ұлы Ескендір
1,070
оқылды

 

Еліміздің журналистика саласында еселі еңбек етіп жүрген қазіргі аға буын өкілдерінің бірі журналист Ескендір Ертай туралы әңгіме қозғала қалса, танитындардың езу тартпайтындары жоқтың қасы. Себебі, Есағаң Қазақстанның түкпір-түкпірін шарлап, бармаған жері баспаған тауы жоқ көрінеді. Журналистердің ішінде газетті, теле-радионы, ақпарат агенттігі, баспасөз қызметін бес саусағындай меңгерген жан сирек кездеседі. Сондықтан да, ол ойын қашанда  еркін астарлы уытты әзілімен де  ашық жеткізе алады. Осы тұрғыда бүгінде 63 жасқа толып жатқан  журналистиканың ақмылтығы Ескендір Ертай әріптесіміз жайлы көп жылдан бері жақсы білетін әріптесі ретінде әңгіме өрбіткенді жөн санадық.

Әңгімені әріден бастамас бұрын Есағаңның бүгінгі тіршілігіне тоқталар болсақ, Ескендір Абытханұлы 2018 жылы Түркістан облыс орталығы атанған бойда құстай ұшып жетіп, бірқатар БАҚ еңбек етіп, қазір «Түркістан Медиа» ЖШС-нің «Түркістан» газетінің тілшісі, «Аймақ» ақпарат агенттігінің репортері, «Сауран» газетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарады. Сонымен қатар, Республикалық конституциялық «Ақиқат арнасы» газетінің Түркістандағы тілшісі, «Тұран Өркениеті» газетінің жауапты хатшысы.  Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі.

Бұл туралы «Түркістан Медиа» ЖШС-нің директоры Мәлік Дәулетов былай дейді.

Әбден шығармашылыққа берілгені сол Есағаң сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Елді аралап, жақсылығын асырып, жаманын да жасырмай орынды сынап отырады. Жалпы еңбек өтілі 46 жыл болса, оның 37 жылын журналистикаға арнапты. БАҚ-тың барлық саласын жетік біледі деуге әбден болады. Әупіріммен ұстап отырмыз. Жақында Екатеринбургке де кетіп қала жаздады. Енді бірер аптада зейнетке шығады. Әріптесіміздің шығармашылығының толысқан тұсы. Киелі Түркістаннан ешқайда кете қоймас деп ойлаймыз,-дейді Мәлік әріптесіміз.

 

Ескендір Абытханұлының туған жері және еңбек жолдары туралы айтар болсақ, Есаға Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Бірлік совхозында 1960 жылы дүниеге келіп, осы ауылдағы орта мектепті бітірген соң, «Жалын» құрылысшы жастар бригадасында еңбек жолын бастайды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасы кезінде Қиыр Шығыстағы Амур облысында шекаралық әскери қызметте Қытайдан қорғауға қатысады. Сол жылы әскерден жолдамамен келіп С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика мамандығы бойынша дайындық курсына түсіп, оның толық курсын 1986 жылы бітіріп шығады. Сол кездегі «Қазақстан» телерадиокомитетінің төрағасы Сағатхан Әшімбаевтың жолдамасымен Орал облыстық телерадиокомитетіне редактор болып кіріседі. Ол Орал облысының саяси-экономикалық өміріне белсене араласып, радиодан «Шаншар» атты сыни тақырыпты қаузайтын бағдарлама ашып, қарапайым халықтың құқығын қорғайды. Сол жылдары «Орал өңірі» газетінің кілең «сен-тұр мен атайын» Мақсұт Ізім, Александр Тазболатов, Боранбай Ғалиев, Ғайсағали Сейтақов сынды қаламы қалыптасқан тілшілерімен қызу араласады. Газеттің редакторы Бақтыбай Далабаев Ескендірге ағалық қамқорлық көрсетіп, бір жылда СССР Журналистер Одағының мүшелігіне қабылдайды. Ақпарат айдынын бұзып-жара жүріп, айтысқа қатысып, «Орал облысының ақыны»  лентасын кеудесіне қадайды. Сол жылдары Орал казактарының қозғалысы туралы «Ақжайықтағы айқай»,  қазақ моласының үстіне мектеп салғысы келген билікке қарсы шығып «Әруақ аттап, ардан безгендер» атты мақаласы «Лениншіл жасқа» шығып республиканың зиялы қауымы тарапынан үлкен алаңдаушылық туғызады. Ертеңіне ақтаңгер ақын Ғафу Қайырбековтің «Төбе шашым тік тұрды» материалы «Лениншіл жаста» жарық көрген соң қала билігі шешімін өзгертті. Қала билігінің қысастығы салдарынан өздері салған үйлеріне кіре алмай отырған, кіргендері де жарықсыз, сусыз, газсыз отырған жас отбасылары туралы «Социалистік Қазақстан» газетіне  «Қараңғыда қармаланғандар» атты мақала жазып, оларға араша түсті. Әділеттілік қалпына келді. «Сенделген семья, алауыз ауыл», «Қараөзен: сел тасқынының зардаптары» атты мақаласы «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттеріне қатар шығып, облыстың бірінші хатшысы Нәжимеден Есқалиевтың араласуымен комиссия құрылып, суға кеткен 350 үй жылу беру маусымына дейін қалпына келтірілді. Осы істі аяғына жейін жеткізгендігі үшін Ескендір Ертайға «Фурманов ауданы, Қараөзен сохозының құрметті азаматы» деген атақ берілді. 

1991 жылы Сағатхан Әшімбаевтың жолдамасымен жаңадан ашылған Қостанай облыстық телерадиокомпаниясына редакторы болып қабылданып, бес жылда бас редактор дәрежесіне дейін көтеріледі. Қостанай облысының тумасы ақын Ақылбек Шаяхметовтің «Дала қоңырауы», облыстық «Қостанай таңы» газеттеріне белсене атсалысады.

1996 жылы Целинградқа қоныс аударып, «Қазақстан» РТРК-ның Парламенттегі тілшісі бола жүріп, «Астана» студиясының іргетасын қаласады. Қашанда жаңалықтың жаршысы ғана емес,  тың бағдарламаларды жүзеге асыруға құлшына кіріседі. Жаңа ғасырдың басында «Цесна Азия» телекомпаниясында, «Шарайна» ақпарат агенттігінде, «Қазақпарат» ұлттық компаниясында, «Азат Еуропа», «Азаттық» радиосында тілші-репортер қызметтерін атқарады. Тайландта асау толқын салдарынан халық жансауғалап жатқанда асқазандарына геройн салып, кеденнен өтпекші болған олигархтардың балаларын әшкерелейді. Оған сол кездегі ҚР Премьер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, жастарды Тайландтың заңы бойынша елдің алдына шығарып, пулеметпен атудан құтқарып қалады.

Бұдан кейін «Литер Медиа Астана» холдингі құрамындағы «Айқын», «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінде «ЗАҢ» медиа холдингінің құрамындағы «Заң газетінің Астанадағы тілшісі болып қызмет атқарады.

2008-2018 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның Бұқарамен байланыс департаментінде менеджер болып қызмет етеді. Осы жылдары республикалық «Егемен Қазақстан», «Айқын» басылымдарымен етене араласып, «Алтын Орда», «Халық сөзі» газеттеріне мақалаларын үзбей жариялап отырды. Баспасөз қызметімен шығармашылығын қатар өрбітіп 2013 жылы «Қазақстан» РТРК тапсырысымен «Қазмедиа» холдингпен бірлесіп, операторы Дархан Хасенов екеуі еліміздің қайталанбас табиғаты туралы «Мәлім де, беймәлім Қазақстан» атты он екі фильм түсірді. Ол орыс тіліне аударылып «Неизведеный Казахтан» болып республикаға тарады. Қазақстанның тұңғыш Президенті туралы Президенттің телерадиокорпоциясымен бірігіп «Жасыл аймақ» атты фильмді жасады. Осының нәтижесінде телекорпорацияның президенті әріптесі Ерлан Бекхожин ҚР Президентінің грантына ие болды.

Ескендір тың тақырыптарға ғана емес, экономикалық-өндірістік тақырыптарға қалам сілтеп, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов ұйымдастырған «Алтын қалам» сыйлығының 2013-2015 жылдары екі мәрте жеңімпазы атанды.

Ескендірдің аудармада да жетістігі көп. Ең үлкені қазақтың әлемге танымал ақыны Олжас Сүлейменовтің соңғы жиырма жылда «Экспресс-К» газетінің тілшісі Тілеужан Есілбаевқа берген сұхбаттарын бірлесіп, орыс-қазақ тілдерінде «Ол жас- Он молодой» деген екі кітап етіп шығарды.

Есағаңның тағы бір қызығы отбасы мүшелерінің барлығы да жоғары білімді. Полиглот.  Бірнеше оқу орындарын бітірген. Әйелі Мария Қылышова Қостанай универстиетінің тарих факультетін бітірген. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде, «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттерінде, Президенттің Іс Басқармасы мен Үкіметтің баспа орталығында жауапты қызметтер атқарды. Қызы Іңкәрі Еуразия университетінің ядролық атом өнеркәсібі факультетін, Халық шаруашылығы университетінің қаржы факультетін, Мәскеудің түсті металдар институтын, Кембридждің басқару академиясын бітірген. Қазір Еуропа қайта құру даму банкісінің Азия Африка елдері бойынша сарапшылар тобының жетекшісі. Лондонда тұрады. Екінші қызы Шынар Қарағанды, Еуразия универститетінің құрылыс инженері факультетін, Алматындағы Халық шаруашылығы универстиетінің қаржы факультетін бітірген. «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның жауапты қызметкері. Ұлы Шәкәрім Алматы халық шаруашылығы университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің бакалаврын бітіріп, қазір Әл-фараби атындағы Ұлттық университеттің магистрі. Бұлардың барлығы да шет тілін жетік меңгергендіктен әлемді еркін аралап үйренген. Әрқайсысы өзінің сүйікті кәсібімен айналысады.

Есағаның тағы бір жақсы қасиеті кезінде қариялардың қасында құйма құлақ болып өскендігі. Жыр термелерді, халық әндерін нәшіне келтіріп орындайды. Ортаның гүлі десе де болады. Елмен етене араласқан қашанда, халықтың мұңын бірге көтерісіп, барынша шындықтың жолында шырылдап жүргендіктен мақаланың тақырыбын «Елдің ұлы Ескендір» деп атағанды жөн көрдік.

Қазақстан бас редакторлары клубының мүшесі,

«Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры

Тельман БЕЙСЕНОВ