Қоғамдағы өзекті мәселелерге уақытылы реакция білдіріп, желі қолданушыларының қолдауына ие болған жобаның ұраны – «Астарлы әзілмен ащы шындық айтамыз». Біз Shapalaque жобасының авторы әрі редакторы Әділ Закеновпен комикс, карикатура жанры туралы тілдескен едік.
– Еліміздегі маңызды оқиғалар, өзекті мәселелер туралы контент ұсынатын болғандықтан, парақшаның атауын қазақша сөзбен атағымыз келді. Сол арқылы оның жергілікті контент екенін де түсіну оңай болсын дедік. Шығармашылық ұжыммен ақылдасып, бірнеше қазақша сөзді талдап көрдік және көңілімізге жаққаны – Shapalaque («Шапалақ»). Әрине, о баста бұл жобаның саяси сипат алып кететін болжай алған жоқпыз. Әйтсе де, парақшаның әдемі атауы болашағын айқындап бергендей әрі «ащы шындықты астарлы әзілмен айтатын» негізгі ұстанымымызды да жақсы ашып тұр. Алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әлеуметтік жобаның шығармашылық ұжымында бес адам жұмыс істейді: үш редактор, суретшілер мен аниматорлар. Еліміздегі қоғамдық, саяси маңызды оқиғалар мен өзекті проблемаларға орай жоспар құрамыз, сосын ұжымдағы редакторлармен бірге ол мәселені оқырманға қалай ұсынатынымызды талқылап, сценарийін жазып шығамыз. Дайын сценарийді суретшілерге береміз. Бір жазбаны дайындауға 3-4 сағат кетеді. Кей уақытта тың идея, шабыт келгенде авторлық жазбаларымды да жариялап отырамын. Біз жариялайтын контенттің басым бөлігі саясат, жемқорлық, билікті сынайтын тақырыптарға арналғанымен, жеке өзіме айтар ойы мен астары жеңіл, мейірімді насихаттайтын дүниелер дайындаған ұнайды.
– Елімізде комикс, карикатура жанры кенжелеп дамып келеді. Бұл салаға жастардың қызығушылығы да енді арта бастады. Бұл өнерді қалай таңдадыңыз? Еліміздегі даму деңгейі қандай?
– Бірнеше жылдан бері анимацияға өте қызығамын. Бұл саланы көптен бері зерттеп жүрдім. 2017 жылдан бастап анимациялық жобалар жасауды қолға ала бастадық. Алайда анимация жасауға көп уақыт қажет, бір жұмыстың өзіне бірнеше ай жұмсап жатамыз. Ал комикс, иллюстрация дайындауға 3-4 сағат уақытыңды жұмсайсың, бірден әлеуметтік желіге жариялап, кері байланыс орнатуға да ыңғайлы. Сол себепті комикс, карикатура бағытына да қатар икемделдік. Алайда бұл өнер жаңа технологияның көмегімен шебер сурет салу емес, кез келген контентке терең мазмұн беру, ондағы оқиғаның мәнін ашу. Бастапқыда мейлінше жеңіл мазмұндағы, өмірлік мәні бар контент жасап жүрдік. Оқырман тарапынан жақсы қолдауға ие болды, жақсы пікір жазып, жазбаны бөлісетіндер қатары көбейе бастады. Кейіндеу саяси карикатураға бет бұрдық. Бұл бағыт елімізде айтарлықтай дами қойған жоқ, дегенмен оқырманға мұндай мазмұндағы контент ұнайды, сұраныс бар. Біздің елдегі комикс, карикатура өнерінің, әсіресе саяси, сыни астары бар шығармашылық дамып келеді. Әрине, әлі де жетілдіретін тұсы көп. Дей тұрғанмен, осыдан 6 жыл бұрын Shapalaque жобасын бастаған уақытпен салыстырсақ, көп нәрсе өзгерді. Ол уақытта сөз бостандығы жоқ, қоғам, контент жасаушылар көп мәселені ашық айтуға қорқатын еді.
Қазір де цензураның шектелгені шамалы, десек те, даму бар. Иллюстрация жасау технологиялық жағынан да түрленіп келеді, ойлы, астарлы мазмұндағы комикс, карикатуралар көбейіп жатыр. Бұл жанрлармен жұмыс істейтін ұжымдар мен жекелеген авторлардың қатары артуда.
– Shapalaque алаңында саясатты сынайтын астарлы жазба көп. Әлдекімдерден ескерту алып, кедергі көрген кездеріңіз болды ма?
– Ресми ескертулер болған емес, әрине. Әлеуметтік желіде аноним аккаунттардан түрлі хат келіп жатады. Қоқан-лоқы көрсетіп, «түрмеге жаптырамыз» деген сыңайда қорқытқан кездер болған. Ондай аккаунттарды бұғаттап тастаймыз, ал жұмысымызды жалғастыра береміз. Оның үстіне, біз диджитал форматта жұмыс істейтін болғандықтан, көп қауіп, яки кедергі мейлінше аз деп ойлаймын. Мәселен, билікті сынайтын, бейбіт шеруге шығатын белсенділерге шабуыл көп. Оларды қорқыту фактілері жиірек болып жатады.
– Әлеуметтік желідегі аудитория бұл жанрларға қызыға ма? Оларға көбіне қандай тақырыптар өтеді?
– Анимация, иллюстрация, комикс, карикатура – бұлардың қай-қайсысына болмасын қызығушылық бар. Жеңіл тақырыптардың да, саяси контенттің де өз оқырманы бар. Мәселен, 31 тамыз – Конституция күніне орай арнайы пост жарияладық. Онда жауын сіркіреп тұрады, ал Ата Заңымыз ауада қалқып тұр (қолшатыр іспеттес) және оның қалқасына бір топ шенеунік қана сыйған, ал қараша халық бұл мәртебелі құжаттан тысқары ғұмыр кешіп жатыр. Яғни, айтар ойы – Конституция халық емес, билікті қорғайды. Осы жазбаны оқырман жақсы қолдады, көп пікір жазылып, қызу талқыланды. Тағы бір мысал айтайын. Суретте Алматыдағы Республика сарайының алдында хаос болып жатады, онда қоғамдағы әртүрлі саланың проблемасы суреттелген. Сол тұста тұрған Абай ескерткіші «Уа, ұрпағым, керемет Қазақстанда өмір сүріп жатырсыңдар ма?» деп сұрайды. Бұл жазбаны да желі қолданушылары қызу талқылап, жеке парақшаларына көп бөлісті. Алдағы уақытта тарихи, мәдени, ұлттық құндылықтар туралы контент дайындау ойымызда бар.
– Shapalaque парақшасында бүгінде 463 жазба бар. Бұл дүниені жинап, жинақ шығару ойы бар ма?
– Өзімізде жинақ шығару ойы болған жоқ. Бірде серіктесіміз Shapalaque жинағын басып шығару ұсынысын білдірген, келістік. Бұл жинақ Meloman дүкендер желісінде сатылды. Ал қайта басу әзірге ойымызда жоқ.
– Shapalaque жобасы табыс әкеле ме?
– Иә, бұл парақшамен табыс тауып отырмыз. Жарнама аламыз, серіктестік ұсыныстар болады. Сондай-ақ Shapalaque деген бренд пен мерчтер дайындаймыз. Біздің парақшаға жарияланған қызықты иллюстрацияларды футболкаға басып шығарып, сатамыз. Сұраныс бар, әсіресе мейрам уақытында жақсы өтеді.
– Жапонияда жасанды интеллект манга жасайды деген жаңалық шықты. Shapalaque-тың контентін даярлау кезінде боттардың көмегіне жүгініп көрдіңіз бе?
– Shapalaque парақшасында бүгінге дейін жарияланған жазбаларды дайындау үшін жасанды интеллекттен көмек сұрап көрмедік. Әйтсе де, анимациялық жобаларды жасау кезінде бұл жаңалықтың игілігін қолданып жатырмыз. Жұмысты едәуір жеңілдетеді, көп уақытымыз бен ресурсымызды үнемдейді. Бұл – заманауи құрал, оның мүмкіндіктерін жылдам меңгеріп, тетіктерін тиімді пайдалана алмасаң, заманнан артта қалдым дей беріңіз.
– Әділ, шығармашылығымды анимациядан бастадым, бұл салаға өте қызығамын деп қалдыңыз. Бұл өнеріңіз бен ондағы жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз...
– Бүгінде екі бағытта жұмыс істейміз. Біріншісі – Oqulyque («Оқулық») жобасы. YouТube арнасы жалпы 14 сериясы шықты: жетеуі – қазақша, жетеуі – орысша. Бұл – білім беретін жоба. Алғашқы бес сериясы еліміздегі және шетелдегі білім беру жүйесі жайында болды: мектеп, колледж, ЖОО қалай жұмыс істейді; Білім және ғылым министрлігінің қызметі қандай? Ел арасында жақсы жоғары оқу орнында, әсіресе шетелдік білім ордаларында оқу үшін жақсы танысың, яки дәулетті ата-анаң болуы керек деген қате ұғым бар. Өйткені оқуға тапсырудың жолын білсең болғаны, көптеген шетелдік университетте білім алуға мүмкіндік зор. Жас түлектер, әсіресе ауыл түлектері білім беру саласындағы түрлі жеңілдік пен мүмкіндіктен, әртүрлі халықаралық бағдарламадан хабардар болсын деген мақсатта Oqulyque жобасын жасап жатырмыз. Сондай-ақ адам құқығы, сөз бостандығы туралы түсіндіретін сериялары да бар. Бұл контентті, әсіресе қазақтілді аудиторияға арнап жасағанымызбен, орыстілді оқырманның қызығушылығы жоғары. Oqulyque алдағы уақытта да жалғасын табады. Edutainment – білім және ойын-сауық форматындағы жобаның алдағы уақытта тұрғын үй, еңбек нарығы туралы серияларын түсермек ойымыз бар.
Екінші анимациялық жобамыз – ашаршылық туралы қысқаметражды мультфильм дайындап жатырмыз. 2019 жылы жарыққа шығарамыз деп жоспарлаған туындымыз әлі күнге дейін өндірісте, себебі оның сапалы шыққанын қалаймыз және соған еңбектеніп жатырмыз. Бүгінде ашаршылық туралы бірнеше деректі туынды бар, оның өзінде ол картиналар ересек аудиторияға арналған. Әйтсе де, ұлт тарихында таңбаланған қасіретті оқиғаны балалар мен жасөспірімдерге түсіндіріп, көрсететін жұмыстар жоқтың қасы. Бұл трагедия туралы көп айтуымыз керек, халықтың басынан өткен қасіретті жағдайды үстіртін ғана айтып қою арқылы оны белгілі бір деңгейде құнсыздандырып келеміз. Сондықтан бұл тауқымет жайында бала кезден білу аса маңызды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН