Кенжеғали Мыржықбай: Қазір қазақ опералары қойылмай кетті

Бүгінде Абай әндері мен Кенжеғали Мыржықбаевтың есімі біртұтас ұғымға айналып кеткен. Себебі белгілі әншінің Абай әндерін халық арасында насихаттап жүргеніне 30 жылдан асты.

Осы уақыт ішінде өнер иесі бірде-бір медаль мен бір жапырақ грамота алмаған. Тек былтыр Абай мұрасын ұлықтағаны үшін әншінің ұзақ жылғы еңбегі ақталып, Президенттің қолынан Мемлекеттік сыйлық алды. Ал биыл Кенжеғали Мыржықбаев жетпістің желкенін керді. Өнер майталманын арнайы іздеп барып, қазіргі эстрада мен опера өнері жайында әңгімелестік.   

Жетпіске дейін ән салған арманым жоқ

– Биыл жетпіске толдыңыз. Өткенге көз салсаңыз, өкінішіңіз бар ма?

– Армансыз адам болмайды. Әттеген-ай да болды. Дегенмен, аман-есен жетпіске жеткеніме тәубә деймін. Жетпіс жасымда немерелі болдым. Ол да үлкен қуаныш. Қалған өмірімді сол не­мереме арнаймын. Шешем үшінші класс, әкем үшінші курс оқып жүрген кезімде қайтыс болды. Халыққа танылған сәтімді сол кісілердің көре алмай кеткеніне күйі­немін. Қазір балаларыма: «Сендер бақыт­тысыңдар. Әке-шешелерің тірі» деп айтып отырамын. Мен мектеп интернатта өстім. Былай қарасаң, интернат деген жетімдер үйі ғой. Ауылда жүріп, тырысып осы деңгейге жеттім. Өнерге, спортқа жақын болдым. Бәйге атқа көп шаптым. Жылқы да, қой да бақтық. Қи шығарып, шөп шаптық. Қазір қарап отырсам, біз шы­нығып өсіппіз. Құнарлы тамақ, таза ауа. Алайда біздің ауылдан жиырма шақырым жерде полигон орналасқан. Соның салдарынан сыныптастарым мен туған- туысқан­дарымның көбі жаман аурудан кетті. Жетпіске дейін ән салған арманым жоқ. Бұрын төрт сағат концерт өткізіп, ән айта беруші едім. Бірақ өткенде өлім аузынан қалдым. Вокалдық қалпыма келе алмай ұзақ жүрдім. Қазір екі сағат дайындалсам, шаршап қаламын. Өкінішім осы ғана. Ауылдан шығып, Ленинградта оқып, Алматыдағы Абай атындағы опера театрында Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Мұрат Мұсабаев, Роза Жа­манова, Сәуле Құрманғалиева, Құрманбек Мырзабеков сияқты біртуар аға-буын опера әншілерімен сахналас болдым. Германияда алғаш рет «Біржанды» орын­дадым. Мәскеуде Колонна залында ән салдым. Бүкіл Қазақстанды аралап өттім. 

– Өміріңіз Абай әлемімен, ән­дерімен тығыз байланысты. Былтыр ел болып Ұлы Абайдың 175 жылдығын той­ладық. Қазақ қоғамы Абайды қаншалықты тани алды? 

– Абай – мұхит. Абай Пушкин, Лер­монтов, Гетені өз өлеңіндей етіп аударды. Ал Абайды біз жеткілікті аудара алмай келеміз. Түпнұсқада Абайды қазақтар ғана оқиды. Ал әлем Абай шығармаларымен әлі де қауыша алмай жатыр. Мен Абай елінде туып-өскеннен кейін, Абай атын­дағы операда жұмыс істегендіктен 1993 жылдан бастап, оның әндерін насихаттай бастадым. Абайдың 150 жылдығында бірнеше мемлекетке бардым. Абай ән­дерімен бүкіл облыстарды аралап өттім. 160 жылдығында «Өзгеге көңілім тоярсың» деген компакт диск жаздым. Онда Абай әндері мен оның сөзіне ән жазған қазақ композиторларының ән романстары жи­нақталған. Соның ішінде «Қараңғы түнде тау қалғып» атты Гетенің өлеңін Лермонтов аударған, Лермонтовтан Абай аударған. Сол өлеңді Бауыржан Момышұлы оқып, Гетеге – «3», Лермонтовқа – «4», Абайға – «5» қойыпты. Германияда осы әнді немісше, орысша, қазақша орындадым. Сосын Т.Шапай музыкасын жазған «Есіңде бар ма жас күнің» және М.Ыбыраев жазған «Қан­сонарда» әндерінің алғаш орындаушы­сымын. Абай елінде туып, Пушкин елінде білім алғаннан кейін Абай сөзіне ән жазған қазақ, Пушкин сөзіне ән жазған орыс композиторларының ән романс, ария­ларын топтастырып «Абай-Пушкин» атты кон­церт өткіздім. Абай әндері –  таза клас­сика. Ауылда жүргенде «Жарқ етпес қара көңілім» әнін Абайдікі деп ойлайтынмын. Семейге оқуға түскеннен кейін бұл Абай сөзіне жазылған С.Мұхамеджановтың романсы екенін білдім. Осы әнді Мұхтар Әуезов естігенде қатты риза болып: «Пәлі, мынау Абайдың лирикасына Сыдықтың музыкасы қандай дөп түскен. Қалай бір-біріне дәл қабысқан» деп композиторға рақметін айтыпты. Абайды отыз жыл бойы насихаттап келемін. Былтыр 30 жыл бойы Абай әндері мен Абай сөзіне жазылған қазақ композиторларының вокалдық шығар­маларын орындағаным үшін  Президентіміз Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берді. Отыз жылдың ішінде орден, медаль түгіл бір грамота алмаппын. Атақ қуу, біреуге жалыну қанымда жоқ. Тек еңбек ете бердім. Бәйге аттары өз иесін ғана мін­гізеді. Басқа адамдарды қасына жолатпай, тістейді. Сол мінез менде де бар. Өнер адам­дары эмоцияға тез беріледі. Айтарын айтып тастайды. Мүмкін, сол мінезімнен де шығар еңбегім былтыр ғана баға­ланды. 

– Өнеріңізді жалғайтын шәкірт тәрбие­лей алдыңыз ба? 

– Тоғыз жыл Музыкалық акаде­мияда сабақ бердім. 1996 жылы Ақмолаға алғаш келген өнер адамымын. 1997 жылы Жәнібек Кәрібжанов Ақмолаға әкім болып келді. Оған дейін Целиноградта бірде-бір қазақ әкімі болмаған. Жәнібек Кәрібжанов «Ақмоланың өнері өксіп тұр» деген мақаламды оқып, мені филармония­ның директоры қызметіне тағайындады. 1998 жылы Айман Мұсаходжаеваның шақыруымен Музакадемияда ән салу кафедрасының меңгерушісі болып, тоғыз жыл қызмет істедім. Сол кезде шәкірт тәрбиеледім. Гастрольдік сапарларым көп болғандықтан санаулы ғана шәкірт алдым. Қазір олар Астана операда, филармонияда, Өнер университетінде еңбек етіп жүр. Негізі шәкірт тәрбиелеу қиын. Себебі на­ғыз өнер үшін жаратылған дарындар аз. 

– Ал өзіңіз өнер жолына қалай келдіңіз? 

– Біз ауылда өстік. Ол кезде елімізде миллион қойшы болған шығар. Әр қой­шының етігінде «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналдары жүретін. Қазір газет оқитын бала жоқ. Біз радио тыңдап, газет-журнал оқып өстік. Тек жағынан Тәттімбеттің ұрпақтарымыз. Әкем солақай домбырашы болатын. Көп дүниені көзі тірі кезінде сұрай алмай қал­дым. Сол өнердің сынығынан ба, есту қабілетім жақсы болды. Кішкентайымнан домбырада ойнап, баян тарттым. Ән де айттым. Спортқа да құмар болдым. Семей музыкалық училищесіне түстім. Кейін арман қуып, Алматыдағы консерваторияда білім алдым. Опера, симфония тыңдап, атақты дирижерлерді көріп, осы салаға қызықтым. Н.А. Римский-Корсаков атын­дағы Ленинград консерваториясына Ке­ңес үкіметі бойынша 350 адам тапсырып, 18-іміз ғана оқуға түстік. 

–Белгілі жазушы Ғабит Мүсіреповтен, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтен бата алыпсыз. Сол жайлы айтып беріңізші? 

–1981 жылы Абай атындағы Мемле­кеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі ретінде жұ­мысқа тұрдым. Композитор Сыдық Мұхамеджанов Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» операсына дайын­далып жатыр екен. Мені сынап көргісі келді ме, халық әртісі Нариман Қара­жігітов пен еліміздің еңбек сіңірген әртісі Сұлтан Байсұлтановтың қасына үшінші етіп мені Ақан сері рөліне бекітті. Мен де барымды салып жанталастым. Кім тұсау­кесерде орындаса, сол үздік болып сана­латын. Ол кезде халық әртістері ғана премьераға шығатын. Осы стереотипті бұзып, жас болсам да менің бағым жанып, Ақан серіні премьерада орындадым. Бар­лық зиялылар опера театрына жиналды. Жазушылар одағын Ғабит Мүсірепов өзі бастап келді. Композиторлар одағын Еркеғали Рахмадиев бастап келді. Содан кейін атым шықты. Ғ.Мүсірепов «Кенже­ғали, Төлегенді айтшы» деді. Сөйтіп, Төле­геннің, Біржанның партиясын айттым. Кейін Ғабит Мүсіреповтың сексен жыл­ды­ғына барып та ән айттым. Ол кісі әде­биетте де, өнерде де жастарды қолдап оты­ратын. Театрда бәсекелестік пен бақ­таластық жоғары. Бәрі Біржан болғысы келеді. Ал Біржанның партиясын орында­ған әншіні күндейді, жүйкесін жүндейді. «Ат қадірін білмеген, ақсақ етіп тынады, бақ қадірін білмеген, бақастықтан сынады» дейді, сол көреалмаушылықтан күйіп кет­кендер болды. Елу жасқа жетпей дауысы­нан айырылғандарды да көрдік. Жексенбек Еркінбеков пен Өзбекәлі Жәнібеков екеуі де қазақи, жақсы министр еді. Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық фольклорға үлкен мән берді. Ансамбльдер құрды. Ұлттық өне­рімізді өз биігіне шығарып кетті. Аз уақыт министр болса да, халық есінде қалды. 

Таланттар шала сауаттылардың көлең­кесінде қалды

– Ән қоржыныңыз лирикалық сазға толы. Музыкаға деген талғамыңыз да биік. Бүгінгі қазақ эстрадасын тыңдайсыз ба? Қандай баға бересіз? 

– Әншінің шыңы – опера. Операда айтқан адам ария да, романс та, халық әнін де, эстраданы да айта алады. Қазір эстра­дада шала сауатты, нота танымайтын адам­дар қаптап кетті. Әу демейтін қазақ жоқ. Караокеге барып кез келген адам ән айтып, өзіне ұнаса, сол әнді фонограммаға жазып алады. 15-20 ән жазып алып, 30 жыл бойы айналдырып айтып жүргендер бар. Киелі сахнаны кроссовкамен таптап тастады. Мысалы, мен күнде дайындал­ған­нан ләззат аламын. Шын таланттар шала сауаттылардың көлеңкесінде қалды. Кезінде мынандай жағдай болған. Бибігүл Төлегенованың 60 жылдығын жүргізіп, Алматы облысын аралап өттік. Сонда халық әртістерінің атын айтсам, халық танымайды. Ал Бибігүлді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін таниды. Себебі Бибігүл операны да, халық әнін де, композиторлардың әндерін де айтады. Сонда: «Әнші болып қалу үшін халықпен тығыз байланыста болу керек екен ғой. Халық әнін, композиторлық әндерді айту керек» деген ойда қалдым. 1991 жылы тұң­ғыш рет филармонияда жеке концертімді бердім. Сол кеште романс та, композитор­лардың әндерін де айттым. Сол концертті телеарна бір-екі рет ғана көрсетіп еді, бүкіл Қазақстанға атым шықты. Облыс орта­лықтары шақыра бастады. Бағдарламамды да кеңейте бердім. Ал осы жасап жүргенімді әріптестерім қызғанатын. Олар «Опера әншісі тек операда ән айту керек» деп санайтын. Ал өзім эстраданы айтқан соң, эстрадалық әндерді тыңдаймын. Қазір той­да да, ойда да нота танымайтын ән­шілер жүр. Дәстүрлі музыканы бітіргендер де эстрадаға барды. Олардың бірінші мақсаты – ақша табу. Екіншіден – жас­тардың талғамын бұзып, халықтың сана­сын улауда. Мысалы, Абай операсында А.Жұбановтың «Қарлығашын» хормен айтатынбыз. Сол әнді «Дауыс International» деген топтағы төрт қыз орындады. Жоғарғы ноталарын қиып тастаған. 

А.Жұбанов тіріліп келсе, «Кенжеғали, сен орын­дадың ғой. Қалай бірауыз сөз айт­пайсың оларға» деп маған ұрысар ма еді. Соны қанша жерге айтып жүріп, қазір қойдырғандай болдым. Қазіргі эстрада әншілері халық композиторларының әндерін бұзып бітті. Бүкіл Қазақстанға 20-30 әнші жетеді. Ал қазір аузы бардың бәрі әнші. Қиын әндерді айтпайды. Ал шамасы келетін әнді бұзып айтады. Өздері бір ән жазса соны басқа ешкім орындамасын деп шықты. Егер ән керемет болса, оны неге бүкіл қазақ айтпасқа? Ш.Қалдаяқовтың әнін де бүкіл халық айтады. Одан кейін, Шәмшінің «Менің Қазақстаным» негізі гимн емес, ән. Сол әнді бұзып, гимнге айналдырып жіберді. Соны қайта халыққа қайтаруымыз керек. Гимн болатын «Елім-ай», «Қаракесек», «Назқоңыр», «Атамекен» сияқты әндер бар. Бұл – менің жеке пікірім. 

Бүгінгі композиторлардың халық айтатын бір әні жоқ

– Қазақтан шыққан кәсіби опера әншілерінің аға буынысыз. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары қазақ операсы жаңа сатыға көтерілді. Ал көрерменнің операға деген қызығушылығы қандай? 

– Біздің кезімізде операның беделі керемет еді. Қазір қай сала болса да, сұйылып бара жатыр. Сонымен қатар жыл сайын қаншама классикалық ән­шілерді даярлап жатырмыз. Бірақ солар­дың бәрі бірдей операға бармай­ды. Не әлем­дік деңгейге шығып өнер көрсет­пейді, не халықтың әнін айтпай­ды. Қанша әнші шықса да, ха­лық оларды танымайды. Е.Ха­сан­ғалиев­тың «Атамекенін» ай­та­тын әнші жоқ. Бәрі еуропалық ән­дерді айтуды мода санайды. Бұрын көрер­мен Сараны Роза Жаманованың ай­тып жатқанын, Федераны Ермек Сер­кебаев­тың айтып жатқанын дауысынан біліп отыратын. Қазір операға барсаң бәрі бір, еуропалық дауыста ай­тады. Қазақ шығармаларын орындай алмайды. Өйткені көп әншінің жаны – орыс. Халық әндерін түсінбейді. Біздің кезімізде қазақ компози­торла­рының опералары қойылатын. Брусилов­скийдің «Ер Тарғыны», «Қыз Жібегі»,  Рах­мадиевтың «Қамар сұлуы», С.Мұха­меджановтың «Ақан серісі», «Ай сұлуы», «Жұмбақ қызы», Жұбанованың «Еңлік-Кебегі», А.Жұбановтың «Абайы» қойы­латын. Қазір қазақ опералары қойыл­май кетті. Сонда елімізде опера театрлары шетелдік спектакльдерді қою үшін салына ма? Қазір операда жазылмай қалды. Бүгінгі композиторлардың халық айтатын бір әні жоқ. Келесі жылы –  Сыдық Мұха­мед­жановтың 100 жылдығы. Бір операсы әлі қойылған жоқ. Ол 3 опера жазған адам. Операның обалына шетелге еліктеген әншілер қалып жүр. Халық әнін, класси­калық шығармаларды айтатын әнші қал­май бара жатыр. Қазақ композитрлері ұмы­тылып бара жатыр. Ал Шәмші Қал­даяқовты бизнеске айналдырып жіберді. Бір шәкіртімнің концертіне бардым. 22 ән орындалды. Оны 20 әнші айтты. Жалғыз өзім 22 шығарманы орындай беремін. Қазір жеке концерт беретін әнші де қал­мады. Шетелдіктерді өздерінің операсын айтып таңқалдыра алмаймыз. 1986 жылы біз Германияға Біржан сал операсын апардық. Сол кезде ұлттық фольклоры­мызға немістер таңғалды. Қазір көрермен қай партияны қандай әншінің орындап жатқанын танымайды. Рахмадиев пен Кекілбаевтың «Абылайхан» операсынан кейін қазақ операсы жазылған жоқ. Жа­зыл­майды деп ойлаймын. Жазған күннің өзінде қазақи композитор қалған жоқ. 

– Алатау баурайынан Арқа төсіндегі Астанамызға қоныс аударған алғашқы зиялылардың қатарындасыз. Дегенмен халық әлі де Алматыны мәдениет ошағы санайды. Неге? 

– Ақмолаға алғаш келгенде қазақтар­дың үлесі 17 пайыз ғана болатын. Ал зиялы қауымның бәрі Алматыда еді. Мен сол кезде «Опера зал, өнер университеті, кон­церт залы керек» деп Президентке дейін айттым. Қазір бәрі салынды. Мәдени ошақ­тардың саны жағынан Астана Ал­матымен теңесті. Бірақ Алматы рухани ор­та болып қала береді. Ал Астана өр­кендеуі, асқақтауы, танылуы керек. Өнер университеті мәдени ошақтарды толы­ғымен қызметкерлермен қамтып отыр. Жалпы, Ақмолаға өнер адамдарынан мен бірінші келсем, ғалымдардың арасынан Дихан Қамзабекұлы бірінші келді. 

Сахнадағы жан көзге де сүйкімді көрінуі тиіс

– Замандастарыңыз сіздің өмір сүру салтыңызға қызыға қарайды екен. Кешкі 5-тен кейін тамақ ішпейтініңіз рас па? Салауатты өмір сүрудің құпиясы қандай? 

– Ленинградта оқығанда бізге «дауыс гигиенасы, тамақтану гигиенасы» дегенді үйретті. Өнер адамы сахнада сыптай болып, сымдай тартылып тұруы керек. Біздің қазақ аты шығып атақ алса болды, қарны қабақтай, беті табақтай болып, жер баса алмай қалады. Е.Рахмадиевтың 80 жылдығын Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте өткіздік. Сол кезде Е.Рахмадиев: «Кенжеғалиға қараңдаршы, режимді қатты сақтайды. Не тамақ, не арақ ішпейді. 60-қа келсе де сыптай тартылып, дауысы сыңғырлап тұр. Өйткені ол өзін-өзі күтеді. Өнер адамы осындай болуы керек» деді. Ковидпен бір ай ауы­рып, әлсіреп қалғаным соншалық, кейін қолымды екі жерден сындырдым. Осылай бір жарым жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім.  Ал ковидке дейін апта сайын жаттығу залына, бассейнге баратынмын. Одан кейін әлсіреп қалдым. Таңертең жеңіл тамақ ішемін. Сосын сағат 4-5-те тамақтанамын. Ол менің түскі және кешкі асым болады. Шөлдесем, кішкене су ішемін. Соның арқасында сергек жүремін. Қазір құнарлы тамақ та қалмады. Барлық азық-түлік өнімдері химия болып кетті. Өнер иесі сахнада өз мінін жасыра алуы керек. Сахнадағы жан көзге де сүйкімді көрінуі тиіс. Бұл – сахна мәдениеті. Кел­ген көрерменнің де түр-түрі болады. Концерттен кейін энергияң қалмай қалуы да мүмкін. Көз бен сөздің адамға әсер ететінін өмірде көп байқадым. 

– Халқымыз «жігітке жеті өнер де аз» дейді. Сіздің бәйгеге шапқан шабандоз екеніңізді, аңшылықтың небір құпиясын білетін мерген екеніңізді көп адам білмейді. Өз аузыңыздан естісек? 

– І.Жансүгіров «Жасымнан жылқы десе менің жаным, Атырдым ат үстінде өмір таңын» дейді. Сол сияқты, жылқы менің жаныма жақын. Асау да үйреттім. Бәйгеге шауып, талай рет бірінші келдім. Жүлдеге 20 рубль мен бір кілем береді. Аттың иесі кілем мен 1 рубльді өзі алады да, 19 рубльді маған береді. Бүкіл интернат сол күні менің жеңісімді тойлап, сол ақ­шаға дастарқан жаятынбыз. Сосын аңшылыққа құмар болдым. Мылтық атып, тазы ұстадым. Түлкінің өз қулығы, қас­қырдың өз қулығы бар. Түлкіден қу аңды көрген жоқпын. Тазыны да алдап кетеді. Құйрығын бұлғаңдатып, әр тасты соғып тазыдан қашады. Өзі алдын-ала қай таста бұрылатынын межелеп қояды да, құйры­ғын тасқа ұрып, өзі басқа жаққа жалт бұрылғанда тазы келіп, тасқа соғылады. Сон­дайларды да көрдік. Ал қасқыр өте ақылды аң. Аңшының мылтығының иісін 1 шақырым жерден сезеді. Осы ауылдың маңайына күшіктесе, бөлтіріктері өскен­ше, сол ауылдың бір малына тиіспейді. 20-30 шақырым жердегі басқа ауылға түнделетіп барып бір қой алып келуі мүм­кін. Ал күшігін өлтіріп, яки інінен алсаң, тыныштығың қалмайды. Түнделетіп келіп малыңды қырып, кегін алады. Одан кейін, барған жерімде тауға шықпай кетпеймін. Бір жағынан таудың шыңына шыққаннан шабыт аламын. Көкшетауға барған сайын тауға шығып, Ақанның әндерін айтамын. Сонда шипажайда отырған адамдар: «Тауда радио қосулы тұр ма?» деп айтады екен. Көбіне жаяу жүріп, спортпен айна­лысамын. Менің жаяу кетіп бара жатқа­нымды көрген  «Джиптағы жұлдыздар» сыр­тымнан қыжыртып, «Жаяу Мұса» деп күледі екен. Астананың бас ақыны атанып кеткен Серік Тұрғынбекұлы соған намыс­танып, маған арнап, «Жаяу Мұсаның мұңы» деген өлең де жазды. Мен осы өлең­ді жаттап алып, Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін айтатын кезде оқып беріп жүрмін. Халық жақсы қабылдайды. 

– Еуразия ұлттық университетінде білім алған кез келген студент сіз жетекшілік ете­тін «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің кештерінің тұрақты көрермені десек, артық айтпаймыз. Сананы серпілтіп, көңілге рухани азық сыйлайтын жоба өз мақсатына жете алды ма? 

– 2011 жылы мен Өскеменде қызмет етіп жүрдім. Сол кезде ұлттық универ­си­тетке Ерлан Сыдықов ректор болып келді. Ол кісі: «Мемлекеттік жұмыста қадіріңізді кетіріп қайтесіз. Болашақ ұрпаққа эсте­ти­калық тәрбие беретін жоба ашайық» деп мені шақырды. Осылайша, Астанаға қайта оралып, «Кәусар» мәдени-танымдық бір­лестігін аштық. Ақын-жазушы, компози­тор, ғалымдармен түрлі кештер өткіздік. Симфониялық оркестрді де, балетті де, спектакль де көрсеттік. Атап өтерлігі, Е.Рахмадиев пен Кәкімбек Салықов, Кеңес Дүйсекеев сияқты тұлғаларымыздың өміріндегі соңғы кездесуі біздің уни­верситетте өтіп, ерекше тарихта қалды.  И.Жақанов, И.Сапарбай, С.Ақсұңқарұлы, А.Бақтыгереева, Н.Оразалин,М.Шаханов, Н.Жүсіп, Ғ.Жайлыбай, Е.Қыдыр, Д.Мыңбай, Б.Сапаралы, К.Әмірбек, Ж.Ерман, Ө.Ахметов, Ш.Бейсенова, С.Қасқабасов, С.Дөрбетхан, С.Оразалин, А.Алматов, Т.Теменов, Ж.Жүзбай, М.Өтекешова, Ұ.Есдәулет тағы да көптеген тұлғалармен кездесу өткіздік. Жақында Светқали Нұржановты ша­қырдық. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұлғаларды шақырамыз. С.Ақсұңғарұлы, А.Бақтыгереева, И.Жақанов та кездесуге келді. Эстетикалық тәрбие беретін осын­дай жоба басқа бір жоғары оқу орнында жоқ. Қайда барсам да, алдымнан «Кәу­сардың» кештерінен әсер алған бұрынғы студенттеріміз шығып, алғысын айтып жатады. Интернеттен оқыған жаңалық пен көрген кеш есте қалмайды. Ал тұлғалармен өмірде кездесіп, әңгімесін бір сағат тың­даса, сол студенттің өмір жолына үлкен азық болады. Ректорымыз 70 жылдығыма «Кәусардың» кездесуінен фотосуреттерді топтастырып, үлкен кітап шығарып бе­ремін деп отыр. 

– Әлеуметтік желіні белсенді қол­дануыңыздың себебі қандай? Ұмыт болған жылдардағы концерттердің үзінді бейнелерін жиі жариялап отырасыз. Архивтерді қайдан аласыз? 

– Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ. Бір ғана Қазақстан арнасы кон­церттерді түсіретін. Алтын қордан жас кезімдегі видеоларды іздеп, тауып алдым. 6 опера, 5-6 концертім бар еді. Біреуі жоқ. Бәрі өшіп қалыпты. Тек үзінділерін ғана таптым. Әлеуметтік желіге бұрынғы концерттің үзінділерін жариялауымның бірінші себебі, жастарға қазақ әндерінің қандай екенін көрсету. Екінші себебі, заман талабынан қалмау. Бұл мақтан үшін емес. Өнердегі із басарларыма дұрыс жол көрсету үшін жасаған қадамым. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН