Фестивальге отыз шақты ансамбль қатысты.
Алматыда музыка фестивалі өтті
1,186
оқылды

Сәтбаев университетінде өнерлі cтуденттер арасында  «Жанды музыка фестивалі» атты республикалық іс-шара өтті. Бұл – өз талантын ортаға салып, басқалармен тәжірибе алмасқысы келетін жандардың барлығына есігін айқара ашқан ерекше фестиваль болды.

 

 

Оқу орнының бас оқу ғимараты алдындағы алаңда өткен республикалық студенттік «MuzФест – 2023» жанды музыка фестиваліне қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген талантты жас жиналды.  

«Студенттік кезең – қуаныш пен шаттыққа толы шақ. Студенттік музыка фестивальдері студенттердің шығармашылық әлеуетін қолдауда маңызды рөл атқарады. Олардың бойындағы дарынын ашуға, бір-бірін танып, құнды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Мұндай іс-шаралар әртүрлі қалалар арасындағы мәдени алмасуды дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның біртұтас мәдени кеңістігін құрудың маңызды факторы болады», – дейді шараны ұйымдастырушылар.

 

Фестивальге Қазақстанның әр аймағынан жоғары оқу орындарынан 24 ансамбль және Сәтбаев университетінен 9 ансамбль қатысты. Байқауға өзге қалалардан келгендер екі күн бойы олар Алматы қаласының көрікті жерлерін аралады. Сондай-ақ Арбатта өнер көрсетті. 

 

Сонымен қатар MuzFest гала-концертіне қатысу үшін олар алты номинация бойынша бақ сынады. Қатысушылар үш шығармадан орындады. Бұл шараның тағы бір ерекшелігі қатысушылар үшін  фонограммаға тыйым салынып, барлығы жанды дауыста өнер көрсетті. 

 

Концерттік бағдарламада студенттердің үздік блюз, джаз және эстрада әндері орындалды. Гала-концертте талантты жастардың орындаулары мен конкурстардан және викториналардан тұратын ойын-сауық бағдарламасы да қамтылды. Үздік деген ансамбльдер ұйымдастырушылар тарапынан құнды сыйлықтармен марапатталды.

 

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы