Жұмбақ күйде жабысқан тасты алғаш рет NASA мамандары ровердің (зерттеуші көлік) алдыңғы сол жақ доңғалағында 2022 жылдың ақпанында байқаған.
Доңғалаққа жабысқан Марстың тасын ровер 440 күн бойы өзімен бірге алып жүрген. Осы жұмбақ тас туралы universetoday.com сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
Фото mars.nasa.gov сайтынан алынды
Perseverance-ті бақылап отыратын инженерлер жұмбақ күйде жабысқан тасты алғаш рет 2022 жылдың ақпан айында байқаған. Жұмбақ тас көліктің сол жақ алдыңғы дөңгелегіне мінгесіп, жақсы досы сияқты ұзақ уақыт Қызыл планетаны бірге саяхаттаған. NASA тастың зерттеу аппаратына еш зиян тигізбегенін мәлімдеді, бірақ доңғалақтың тасқа үйкеліп шиқылдауы елсіз планетада ерекше естілген шығар.
18 сәуірдегі Perseverance-тің өзін түсіріп, Жерге жіберген фотосында жұмбақ тастың түсіп қалғаны белгілі болған. Доңғалаққа 440 күн бойы жабысып жүрген тастың жұмбағын NASA инженерлері шеше алмайтын болар. Әлде Жерден тыс тіршілік иелері тас формасында адамның жіберген аппаратын тексерді ме екен?
Фото mars.nasa.gov сайтынан алынды
Роверді бақылайтын инженерлер, тас көлік ылдилаған кезде немесе Марстың жұмсақ құмдарымен жүргенде, үлкен тастарды басып бөліп жібергенде доңғалаққа кіріп кетуі мүмкін екенін айтады. Қайткенде де жұмбақ тас Қызыл ғаламшарды кезіп жүрген роверді суық түндерде де, дүлей шаңды дауыл кезінде де түсіп қалмаған.
Қазір Марстың бедерін, тау-тасын Perseverance-пен бірге осы экспедициясы үшін арнайы жасалған Ingenuity тікұшағы да зерттеуде. Жақында тікұшақ 50-ші ұшуын сәтті өткізген.
Perseverance ровері (Persistence) Марсқа 2021 жылдың 18 ақпанында қонды. NASA мәліметтері бойынша, Perseverance ядролық қуат генераторының көмегімен қозғалады. Мұндай генератор 2012 жылдың тамызынан бері Қызыл ғаламшардың бетін зерттеп жүрген америкалық Curiosity роверінде орнатылған.
Фото mars.nasa.gov сайтынан алынды
Perseverance – бесінші америкалық ровер және ол ең үлкен болып саналады. Оның салмағы 1025 келі, ұзындығы 3 метр, ені 2,7 метр. Ровер Марс топырағын сынауға арналған бұрғымен, роботтық қолмен, бейнекамералармен және топырақты химиялық және минералогиялық талдауға арналған аспаптармен жабдықталған.
Жаңа Perseverance көлігі Марста 687 Жер күні бойы жұмыс істей алады. Америкалықтардың Марсқа миссиясының құны 3 миллиард доллар шамасында деп бағалануда.
Мына екі видеодан америкалық ровер мен тікұшақтың жұмысын көре аласыз: