Еліміздің көрнекті тарихи тұлғаларының өмір жолы мен шығармаларын С.Торайғыров университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Айтмұхамет Трушев пен мәдениеттанушы, профессор Салтанат Әубәкірова кеңінен насихаттады.
Қоғамдық дәрісті ашқан «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова бабалар шығармаларын жас буынның бойына сіндіру бәрімізге артылған міндет екенін атап өтті.
– «AMANAT» партиясы ұлттық сананы қалыптастыру үшін ата-бабаларымыздың шығармаларын, еңбектерін, тарихын халыққа кеңінен тарату үшін бірнеше жобаларды қолға алды. Жас буын заңғар тұлғалардың өмірлік жолын өздеріне үлгі етіп, олардың шығармаларымен таныстыру біздің мақсатамыз, – деді ол өз сөзінде.
Жиналған қауымға дәріс оқыған Айтмұхамет Трушев заңғар тұлғаларымыздың өмірлік жолы мен Мәшһүр Жүсіптің «Бес қымбатын» сөзге тиек етсе, ал Салтанат Әубәкірова олардың шығармаларына кеңінен тоқталды.
– Менің ойымша, біз осы еңбектердің бәрін өзге тілге аударуымыз қажет. Мысалы, Торайғыровтың «Адасқан өмір» деген поэмасында сәби шағын, екіншісі – жігіт шағын, үшіншісі – ұлғайған, тоқтаған кезін, төртіншісі – кәрілік кезін, бесіншісі – өлген мезгілін суреттелген. Торайғыров 27 жасында өмірден өтті. Қазір жастар не істеп жүр, қоғамға қандай пайдасы бар, өздеріне қалай есеп береді? Осындай ойларға осы еңбекті оқу арқылы түсінуге болады деп ойлаймын, – деді ол.
Өз кезегінде А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің әдебиет пәні мұғалімі, жас маман Абдулла Нұрланұлы осындай іс-шаралар жиі өткізілсе деген тілек білдірді.
– Мен өзім Шымкент қаласынан 2015 жылы Павлодарға оқуға түстім. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын біздің жастар көп біле бермейді. Мен өзім Павлодарға келген соң ол кісінің еңбектерімен таныстым. Жастардың қазіргі кезде кітапқа, тарихқа деген қызығушылықтары аз. Осындай кездесулер мен танымдық лекциялар жиі өткізілсе дейміз. Дәрісті ұйымдастырған партияға алғысымды білдіремін, – деді жас маман.
Жиынға сондай-ақ зиялы қауым, депутаттар, әдебиет және тарих пәндерінің жас мұғалімдері мен осы салаға қатысы бар болашақ мамандар қатысты.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ