Жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын алмастырады. Жасанды интеллектің одан әрі дамуы келесі бес мамандықты алға шығарады.
Жасанды интеллект дәуірінде бес мамандық қалады
2,954
оқылды

«Жасанды интеллект енді болашақтың технологиясы емес, бүгінгі күннің шындығына айналды. 2030 жылға қарай 15,7 триллион долларлық нарықты құрайтын бұл технология әлем елдерінің экономикалық дамуының қозғаушы күшіне де айналады» деп жазады Түріктің жасанды интеллект саласындағы саясат қауымдастығының негізін қалаушы және төрағасы Зафер Күчукшабаноглы. 

Анадолы агенттігінде жарияланған мақаласында түрік маманы ЖИ болашақта мамандықтарға қалай әсер ететіні және жасанды интеллекттің дамуымен қандай мамандықтарға сұраныс өсетіні туралы жазған. Aikyn.kz осы мақаладағы басты тезистерді жүйелеп, ұсынады.

Фото tankushin.ru сайтынан алынды

Жақын арада жасанды интеллект ауыл шаруашылығынан энергетикаға, қорғаныстан білім беруге дейінгі барлық салаларға енеді.

Goldman Sachs инвестициялық банкінің баяндамасында: «Жасанды интеллект 300 миллион жұмыс орнын алмастыра алады, сонымен бірге  жаңа жұмыс орындарын құруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді» делінген. 

Түрік қауымдастығының төрағасы «Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) мәліметтері бойынша, 2025 жылға қарай жасанды интеллект 85 миллион жұмыс орнын жойып, орнына 97 миллион жаңа жұмыс орнын ашады деген болжам бар» деген мәліметтерді келтіреді. 

Жасанды интеллекттің дамуымен басталған технологиялық трансформация кәсіптердің кейбір топтарын жойып, басқаларын түрлендіретіні анық.

Фото pikabu.ru сайтынан алынды

Мамандардың пікірінше, 2025 жылдан кейін жасанды интеллект адаммен заң, медицина, сәулет, саясат сияқты кәсіби қызмет салаларында бәсекеге түсіп, жеңіп шығатын болады. Жасанды интеллектің одан әрі дамуы келесі бес мамандықты алға шығарады. Олар қандай мамандықтар?

1. Deepfake анықтау маманы

Бұл – терең фейктерді (терең жалғандық, сапалы жасалған өтірік) анықтайтын маман. Deepfake – жасанды интеллекті қолдану бағыттарының бірі болғандықтан, «терең жалғандық» деп аталатын технология жалған бейнелерді шебер жасауға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде бұл технология цифрлық кескінді өзгертуге, жалған бейнелер жасауға, адамдардың бет-әлпетін, дауысын, мимикасын, сөйлеу мәнерін өзгерте алады. Мұндай контентте  адам ешқашан айтпаған немесе жасамаған нәрсені айтып немесе істеп жатқандай әсер қалдыру үшін жасалады. Бұл технология жақын болашақтағы ең үлкен қауіптердің бірі ретінде дамып келеді. Сондықтан шындық пен өтірікті анықтайтын технологиялар мен мамандарға сұраныс күшейеді.

Фото topor.info сайтынан алынды

2. Ғарыштық туризм бойынша гид

Жасанды интеллект дамуымен алға шығатын екінші мамандық – ғарыштық туристік гид. Ғарыш бүкіл адамзатты қызықтырады. Ғарыш туралы бұрынғыдан да көбірек айтылуда. Gateway қорының 2027 жылы ғарышта қонақүй ашу ниеті туралы мәлімдемесі бұл тақырыпты мүлде басқа бағытқа бұрды.

Ғарышта тіршіліктің басталуымен және қонақүйлердің ашылуымен көптеген қажеттілікті қанағаттандыру қажеттілігі туындайды. Қазір жасанды интеллект Жер орбитасын ғарыш қоқыстарынан тазарту, ғарыштық миссияларды әзірлеу, өңдеу сияқты көптеген маңызды мақсатта қолданылуы мүмкін.

Осындай үрдістердің нәтижесінде ғарыштық сарапшылар мен ғарыштық туристік гидтердің танымалдылығы артатын болады. Алдағы уақытта ғарышты игеруде бұдан да үлкен қадамдар жасалатындықтан, ғарышқа қатысты кез келген кәсіпке басымдық беріледі.

Фото knife.media сайтынан алынды

3. Климаттық технология бойынша маман

Жақын болашақтағы ең маңызды міндеттердің бірі – климаттың өзгеруі. Күн өткен сайын осы өзгерістен туындаған жаһандық жылыну сияқты проблемалар адамзат үшін жақын болашақта күрделі проблемаларды тудыруы мүмкін деген идея күшейіп, бұл бағыттағы зерттеулер жалғасуда.

Энергия өндіру, оны қауіпсіз сақтау және тарату сияқты процестерде парниктік газдар шығарындыларын азайтатын жасанды интеллект технологиясы энергия тиімділігін арттырады. Жасанды интеллект арқылы осындай мәселелердің шешімін таба алатын климаттық технология маманы, экономиканың жеке секторында үлкен сұраныс тудырады деп болжануда. 

Фото Wikipedia сайтынан алынды

4. ChatGPT талдаушысы

Жақын болашақта болып жатқан өзгерістер аясында өзектілікке ие болатын тағы бір мамандық ChatGPT талдаушысы болады. Білім беру саласын өзгерте бастаған бұл чат-ботты интеллектуалды қолдау көрсететін цифрлық көмекші деп атауға болады.

Соңғы айларда шығарылған ChatGPT-4 көмегімен қажетті сұрақтарыңызға жауап табасыз, веб-сайт мазмұнын жасайсыз, тіпті мақалалар да жаза аласыз. Осындай жағдайда ChatGPT талдаушылары мемлекеттік мекемелерде, жеке секторда, экономика мен академиялық қауымдастықта үлкен сұранысқа ие болады. 

Фото chat-gpt.ru сайтынан алынды

5. Мета ғаламның полицейі

Жасанды интеллект технологияларының дамуымен бірінші орынға шығатын бесінші мамандық мета ғаламның полицейі болмақ. Мета ғалам (Метаверс) ұғымы сөзсіз, соңғы кездері жиі естілетіндердің бірі.

Бұл өте танымал және ерекше концепция осыдан тура 31 жыл бұрын, 1992 жылы америкалық фантаст жазушы Нил Стивенсонның «Қар көшкіні» романында айтылған. 

2021 жылдың қазан айында Facebook компаниясы өз атын Meta деп өзгертті. Компанияның негізін қалаушы Марк Цукерберг бұл шешімді күтпеген жерден жариялаған кезде, адамзат өміріне енген «метаверс» тұжырымдамасымен бірге қудалау, киберқорқыту, алаяқтық, ақшаны жылыстату сияқты ықтимал қылмыстардың тізімі де көбейеді.

Яғни, жақын болашақта мұндай құбылыстарды қадағалап, алдын алатын метаверстегі полиция қызметкері мамандығы ерекше маңызды болуы мүмкін. 

Фото about.fb.com сайтынан алынды

Оксфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, алдағы 20 жылда көптеген жұмыс орнын автоматтандыруға болады және бұл жұмыс орындарына жұмысшылар қажеттілігі азаяды немесе мүлдем жойылады.

Жасанды интеллект әсерінен клиенттерге қызмет көрсету, сатушылар, кассирлер мен банк қызметкерлері, жылжымайтын мүлік агенттері мен курьерлер сияқты кәсіби қызметкерлер бірте-бірте жойылатын болады.

Бұл Түріктің жасанды интеллект қауымдастығының төрағасы Зафер Күчукшабаноглының мақаласындағы басты болжамдар. Тым жылдам дамып келетін ЖИ мен оған ілесіп дамитын технологиялар адам өмірін өзгертумен қатар, сын-қатерлерін де қоса алып келуде. Олардан қорғануға адамзаттың парасат-пайымы жетеді деген үміт баршаның көңілінде бар.