Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар талқыланды.
Ерлан Қарин: Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою керек
1,624
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою, бақылауды күшейту мәселесін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қоғамдағы ең өзекті мәселе туралы Ерлан Қарин Telegram-дағы арнасында жазды.  

«Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында жарияланған Жолдауында синтетикалық есірткінің таралуын ұлт денсаулығына зиян келтіретін басты қауіптің бірі ретінде атады. Сол себепті нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес Президенттің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып белгіленді. 

Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуына қатысты қауіпті алғашқылардың бірі болып көтерді. Оған барша қоғамның назарын аударды. 

Сондықтан бүгін Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының Кеңес алаңында талқылануы бекерден-бекер емес. Жоспар бойынша жоба 7 бөлімнен және 64 пункттен тұрады. Ол ең алдымен, нашақорлықтан оңалтуды және есірткіге тәуелділер санын азайтуды көздейді. Осы арада мұндай жоспардың 2016 жылдан бері қабылданбағанын айта кету керек.

Кешенді жоспарды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Жастар саясаты жөніндегі кеңес нашақорлыққа қарсы қоғамдық қозғалыстың бастамашыларының бірі ретінде Кешенді жоспардың әзірленуіне, сондай-ақ қабылдануына белсенді түрде атсалысады. Ал содан соң оның орындалуын өз бақылауында ұстайды», – деп жазды Ерлан Қарин.

Бұған дейін Алматыда түнгі клубта танымал блогер есірткімен ұсталғаны туралы жазған болатынбыз.