Қызылорда қаласындағы «Локомотив» стадионының қаңырап бос қалғанына бірнеше жыл болды. Бір кездері талай балғын доп теуіп, көптеген талантты аяқдопшы шыңдалған ойын алаңының бүгінгі күйі көптің нара­зы­лығын туғызып тұр.
Ойын алаңының сапасы ойлантады
1,091
оқылды

Себебі тозығы жеткен алаңды жөн­деуден өткізіп, «тотықұсша таранған кейіпке енгіземіз» деген мердігердің жасаған жұмыстары талапқа сай болмай шықты. 

Жалпы, аталмыш стадионға жөндеу жұмыстары 2020 жылы қол­ға алынады. Сол жылдың ма­мыр айында жөндеу жұмыстары басталып, нысан желтоқсан айында қабылданған. Алаңның құрылыс жұмыстарымен «Агро­спецстрой» ЖШС айналысыпты. Бұл жұмыстарға 300 млн теңге жұмсалыпты. Алайда мердігер тарапынан жөндеу жұмыстары талапқа сай емесі кейін өздігінен байқала бастайды. Бұл жерде бар гәп төселген жасанды алаңның са­пасыздығында болып тұр. Уа­қыт өте келе алаңға төселген жа­санды төсеніш өздігінен ажырап, пай­далануға жарамсыз күйге түс­кен. Жұмысшылар осы төсе­ніш­терді қайта біріктіруге әре­­кеттеніп әуре. Соның салдары­нан әзір­ге алаңды балалар игі­лігіне беру мүмкін болмай жат­­са керек. 

Бұл олқылық қаладағы №6 мамандандырылған спорт мекте­бінің шәкірттерін тығырыққа тіреп тұр. Бүгінде спорт мекте­біндегі 500-дей жас аяқдопшы көп­қабатты үйлердің аулаларын­дағы шағын алаңдарда доп тебуге мәжбүр. Мұндай келеңсіздікке спорт мамандары да наразы. Жа­уапты мердігердің жауапсыз­ды­ғына көптің көңілі толмайды.

Ал тапсырыс беруші мекеме Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қармасы тарапынан жөндеу жұмыстарындағы олқылықтар жөнге келтірілетінін алға тартып отыр. Бұл жайында басқарманың баспасөз қызметінің маманы Лаура Дастанбек былай дейді.

«Қызылорда қаласы Сүлей­ме­нов көшесі №69 мекенжайын­да­ғы №6 облыстық олимпиада­лық резервтің мамандандырыл­ған балалар-жасөспірімдер мек­тебіне қарасты футбол алаңын қайта жаңғырту» жұмыстары об­лыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ар­қылы жүзеге асырылған. Мердігер тарапынан шарт талаптарын тиі­сінше орындамау себебінен «Агроспецстрой» ЖШС-ын мем­лекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға, айыппұл өндіруге Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз жолданған. Нәтижесінде, 2021 жылдың қаңтар айында судья З.Жарылқасынованың ұйға­ры­мымен талап арыз қайта қарау құқығынсыз қалдырылды. Оны Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Соты жалпы отырысы­ның 2020 жылғы 6 ма­мырдағы №9 қаулысымен бекітіл­ген Тө­тенше жағдайдың енгізі­луіне байланысты сот практи­ка­сының жекелеген мәселелері бо­йынша №1 түсіндірменің 9 сұра­ғында, өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қаты­сушысы деп тану және айыппұл санк­ция­ларын өндіру туралы талап қоюға тыйым салу жөніндегі Қаулының 9-1-тармағының бі­рінші бөлігі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланыстырған», – дейді бізге басқарма өкілі.

Жалпы мәліметке сәйкес, спорт алаңы сапасына байланыс­ты құзырлы орындар тарапынан бір жылдан астам уақыт бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анық­талмаған. Ал нысанды сапасыз күйде қалай қабылдағаны көпке жұмбақ күйінде қалып тұр.

Негізінен, бұл мәселеге бай­ланысты 2021 жылдың мамыр айы­нан бастап облыстық про­куратура қылмыстық іс қозғаған. Соның негізінде Қызылорда об­лысы бойынша Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет депар­таменті мен сот құрылыс сарап­тамасы, сот тауартану сарапта­масы және Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік ішкі аудит департаментін тарту арқылы ау­диторлық және эксперттік тек­се­рулер жүргізілген.

Осындай тексеруге байланыс­ты 2021 жылдың мамыр айынан желтоқсан айына дейінгі аралықта спорт нысаны уақытша спорт ша­раларын өткізуге тоқтатылған. Тексеру нәтижесі бойынша сот құрылыс сараптамасы және сот тауартану сараптамасының қо­рытындысымен мемлекетке шы­ғын келмегені анықталып, қыл­мыстық іс 2022 жылдың желтоқ­сан айында қысқартылған. 

Басқарманың мәлімдеуін­­ше, қазір нысанның құжаттарын бас­қарманың теңгерімінен об­лыстық Спорт басқармасының теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде екен. Дей тұрғанмен, басқарма спорт алаңындағы сапа­сыз жұмыстар қайта қалпына кел­тірілетінін жеткізді.

«Футбол алаңын қайта жа­ң­ғырту жұмыстарынан кейін 2 жыл ішінде болған кемшіліктер рет­теледі. Мердігер тарапынан құры­лыс кезінде жіберілген олқылық­тарды жою көзделген. Осыған сәйкес, бүгінгі күні құрылыс мер­дігері ақауларды қайта қал­пына келтіру жұмыстарын жүргі­зуде», – деп түсіндірді басқарма тарапынан. 

Спорт жанашырлары ны­санды бүгінгідей күйде пайдала­нуға беруге болмайтынын айтып отыр. Сапасыз алаңда доп тебу балғындардың денсаулығына үл­кен зиян тигізуі мүмкін.

Ал жергілікті жұртшылық сыры кеткен спорт алаңындағы кемшіліктердің толықтай қал­пына келтірілуін күтеді. Жөндеуге бөлінген қыруар қаржы желге ұшпай, сапалы спорт алаңы ел игілігіне пайдалануға берілуге тиіс деп есептейді. Бұл – спорт жа­нашырларының да, балғын спорт­шылардың да басты талабы.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы