Америкалық федералды тергеу бюросы (ФТБ) тұтынушыларға смартфондарды тегін зарядтау станцияларын пайдаланудың қауіпті екенін ескертті. Қоғамдық орындарда, отельдер мен әуежайларда смартфондарды тегін қуаттау кезінде зиянды бағдарламалар орнатылуы мүмкін.
Смартфондарды әуежайда тегін қуаттау өте қауіпті
1,709
оқылды

Америкалық федералды тергеу бюросы (ФТБ) тұтынушыларға смартфондарды тегін зарядтау станцияларын пайдалану қауіпті екенін ескертті. Қоғамдық орындарда, отельдер мен әуежайларда смартфонды тегін қуаттаудың қауіптерін CNN каналының материалына сүйеніп Aikyn.kz түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Maskot

Федералды тергеу бюросының Денвердегі кеңсесінің өткен аптадағы мәлімдемесіне сәйкес, сауда орталықтары мен әуежайлардағы қоғамдық USB станцияларын қаскөйлер зиянды бағдарламалар мен жасырын мониторинг жасайтын бағдарламалар тарату үшін пайдаланады. «Өзіңіздің қуаттағыш құрылғыңызды немесе USB кабеліңізді алып жүріңіз және электр розеткасын пайдаланыңыз», – деп кеңес береді бюро Твиттерде.

Тегін қоғамдық зарядтау станциялары смартфон батареясының қуаты таусылғанда көптеген адамдар үшін тартымды болғанымен, қауіпсіздік сарапшылары олардың қауіпті екеніне жылдар бойы алаңдаушылық білдіріп келеді. 2011 жылы зерттеушілер бұл мәселені сипаттау үшін арнайы «jaysjacking» терминін де енгізді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Sellwell

«Егер сіз телефоныңызды жай ғана [бұзылған] қуат жолағына немесе зарядтағышқа қоссаңыз, құрылғыңызға вирус жұғып, барлық деректеріңіз бұзылады», – деп CNN-ге түсініктеме берген бұрынғы Authentic8 қауіпсіздік компаниясының қызметкері Дрю Пайк.

Смартфонды тегін зарядтау үшін пайдаланатын кабель телефоннан басқа құрылғыларға деректерді жіберу үшін де пайдаланылады. Мысалы, iPhone-ды Mac компьютеріне зарядтау кабелімен қосқанда, смартфоннан компьютерге фотосуреттерді жүктеп алуға болады.

Егер порт бұзылса, хакердің смартфондағы кез келген ақпаратты алуға толық мүмкіндігі болады. Бұған электрондық пошта, мәтіндік хабарлар, фотосуреттер және контактілер де кіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Su Arslanoglu

«ФТБ серіктестерімізбен бірлесіп үнемі ескертулер мен жария хабарландырулар береді», – деген CNN-ге ФТБ-нің Денвердегі кеңсесінің қоғаммен байланыс жөніндегі қызметкері Викки Мигоя. «Бұны америкалық жұртшылыққа, әсіресе саяхат кезінде қауіпсіз және ұқыпты болу керектігі туралы жалпы ескерту деп қабылдаңыздар».

Сондай-ақ АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералды Комиссиясы өзінің сайтында жазбаны жаңартып, зақымдалған зарядтау порты арқылы қаскөйлер құрылғыны құлыптап, жеке деректер мен парольдерді ұрлайтынын ескертті.

«Кейбір жағдайларда қылмыскерлер зарядтау станцияларына қосылған кабельдерді әдейі қалдыруы мүмкін», – делінген федералды Комиссияның мәлімдемесінде. «Тіпті ластанған кабельдерді жарнамалық сыйлық ретінде беру туралы хабарламалар болды».

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Kathrin Ziegler

Aikyn.kz қазақстандықтарды хакерлердің қармағына түсіп қалмау үшін қоғамдық зарядтау орындарында мынандай сақтық шараларына көңіл бөлуге шақырады:

- айнымалы ток розеткаларын пайдалану кез келген ықтимал қауіптерден аулақ болуға көмектеседі, сондықтан іс-сапарға, демалысқа шыққанда айнымалы ток адаптерін, көлік зарядтағыштарын және өзіңіздің USB кабеліңізді алып жүруді ұмытпаңыз;

- өзіңізбен бірге қосымша зарядтау аккумуляторын алыңыз;

- зарядтау кезінде деректерді жіберуге немесе алуға мүмкіндік бермейтін тек зарядтауға арналған кабельді пайдаланыңыз;

- құрылғыңызды USB портына қоссаңыз және сізге «деректерді ортақ пайдалану», «осы компьютерге сену» немесе «тек зарядтау» деген таңдаулар сұралса, әрқашанда «тек зарядтау» опциясын таңдаңыз.

Сіздің смартфонда жинақталған жеке мәліметтеріңіз бен банктік картаның, басқа да жеке деректер қаскөйлер үшін өте құнды болып саналады. Смартфонның қауіпсіздігі жеке өміріңіздің де қауіпсіз болуына көмектесетінін ұмытпаңыз.