Жемқорлардың да қоғамға, отанымызға пайдасы бар екен! Жемқорлар жынды, шаруасы тынды емес екен. Қалай деп көздеріңіздің көлемі үлкейіп кетті ме? Түсіндірейін.
Енді не жесем?
699
оқылды

Бір күні миллиондап бюджет қаржысын опырған, «енді не жесем?» – деп аң-таң болып отырған жемқор шенеунік ұсталып, тергеліп жатыр дейді.

– Осынша қаржыны не үшін жедіңіз? Қарныңыз ашты ма?

– Жоқ.

– Енді не үшін?

– Еліміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін, – деді жемқор жымиып. Тергеушінің маңдайы аккордион сияқты жиырылды.

– Не  үшін, қара басың үшін бе? – деп ақырды ол.

Жемқор саспады, шынын айтудан да қашпады, «Ммм...» дегеннен әрі аспады.

– Айтсаңшы, не үшін?

– Айттым ғой, балалардың болашағы үшін, білім саласы үшін жедім.

– Қалай сонда?

– Солардың жағдайын ойлап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдым.

– Ойпырмай-ә? Еліміздің балалары үшін жемқорлыққа бардың ба?

– Ия. Еліміздің ертеңі үшін.

– Жасасын, жемқорлар! Еліміздің ертеңі үшін жемқорлыққа барады екен! – деп тергеуші қарқылдай күлді.  Жемқор да шиқылдай күлді.

– Сен неменеге күлесің? – деп сұрады тергеуші түнере қалып.

– Үкіметтің қаулысына түсінбегеніңді айтамын да...

– Ол қандай қаулы?

– Сондай қаулы. 

Шынында, ол қандай қаулы еді? А, айтпақшы, биыл үкіметтің тапсырмасымен елімізде жемқорлардың ақшасына 70 мектеп салынатын болды. Биыл жемқорлардан тәркіленген қаржы балалардың игілігіне жұмсалмақ. Бұл елдегі мектеп тапшылығын жоюға бағытталған шара ғой. Керемет! 

– Жаңа мектептер әр өңірде салынатын болады, – дейді Оқу-ағарту министрі. Мұның өзі Президенттің тапсырмасы. Жемқорлардан тәркіленген 120 мил-

лиард теңге дегеніңіз әжептеуір қаржы ғой! Ендігі жерде айтарымыз, сол қаржыны, жемқорлардан түскен қаржыны мектепке дейін жетер жолда тағы бір жемқорлар жеп қоймаса екен дейміз... Жалмауыздар десе. Жасасын, жемқорлар! Ха-ха-ха!

Мұхтар ШЕРІМ