Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысу үшін Түркияға жұмыс сапармен бар­ды.
Бауырлас елдердің ынтымағы нығайып келеді
847
оқылды

Ерлан Қошанов Анкарада Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысының төрағасы Мұстафа Шен­топпен бірге Қазақстан – Түркия достық сая­бағының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 

Іс-шара Түркия Республикасының 100 жылды­ғымен тұспа-тұс келіп отыр. Мәжіліс төрағасы бар­ша түрік халқын торқалы тоймен құттықтап, бақ-береке тіледі.

«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетіп, барлық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мемлекеттеріміздің басшы­лары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоғанның нәтижелі келісімдерінің арқа­сын­да қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да біз көшбасшыларымыздың екіжақты ынтымақ­тастықты күшейтуге бағытталған жұмысын Парла­мент деңгейінде жалғастыратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов. 

Мәжіліс спикері саябақтың ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.

«Қазақта «Ағаш тамырымен мықты, адам дос­тары­мен мықты» деген сөз бар. Біз Түркиямен дос­тығы­мызды, бауырластығымызды жоғары баға­лаймыз. Болашақта бұл саябақ Анкара тұрғындары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айна­лады деп сенеміз», – деді Мәжіліс спикері.

Саябақ Анкараның көне тарихи орталығы – Мамак ауданында орналасқан. Ауданы 14 мың шаршы метр. Онда отбасылық демалыс, жүгіру және дене шынықтырумен айналысу үшін барлық жағ­дай жасалған. Саябақта Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері орнатылған. Сон­дай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен дана философ Әл-Фарабидің мүсіндері бар.

Бауырлас халықтарымыздың арасындағы дос­тықты тереңдету жайы екі ел Парламенттері спи­кер­лерінің екеуара кездесуінде де әңгімеге арқау болды.

Ерлан Қошанов әуелі Түркияда болған жойқын жер сілкінісі барша қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты.

Сонымен бірге алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер сілкінісі аумағында бірқатар әлеуметтік ғимараттың құрылысы жоспарланып отырғанын атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Қазақстанның Түркиямен парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі ны­ғай­туға мүдделі екенін айтты.

– «Бүгінгі дейін достық топтар мен парламенттік комитеттер деңгейіндегі ықпалдасты­ғымыз оң нәтиже көрсетіп келді. Сондықтан бұл қарқыны­мызды бәсеңдетпей, белсенділік танытып, осы бағытта жұмысымызды жалғастыруымыз қа­жет. Бұл заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алма­суға мүмкіндік береді. Біз барлық бағытта бел­сенді қызмет етуге дайынбыз», – деді Ерлан Қошанов.

Кездесу соңында тараптар Мәжіліс пен Ұлы Ұлттық Жиналысы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды.

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қо­ша­нов тамырлас Түркия елінің астанасында өткен «Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік» тақырыбындағы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысты. 

Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзер­бай­жан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетекшілері ТүркПАның Кеңесі отырысында бас қосты. Мәжіліс спикері Түркия тарапына қонақ­жайлық танытып, бүгінгі іс-шараны жоғары дең­гей­де ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірді.

Биыл Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассам­блеясына 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Ассамблея әлеуеті мол бірлестік екенін дәлелдеп келеді.

Кеңес отырысында Ассамблеяның жұмысын одан әрі жандандыру үшін бірқатар ұйымдастыру­шылық мәселелер талқыланды. Жиында ұйымда төрағалық ету мәртебесі Қырғыз Парламентінің төрағасынан Түркия Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды.

Сонан кейін ТүркПА-ға мүше елдер Парламент­терінің жетекшілері бірлестіктің ХІІ пленарлық отырысына жиналды. Оған қонақ ретінде келген Түрікменстан Парламенті басшысы мен бақылау­шы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің өкілі қатысты. Ал Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының жетекшісі жиынға онлайн режимінде қатысты.

Тараптар түркі дүниесінің келешегіне қатысты маңызды мәселелерді ортаға салды. Мәжіліс Төра­ғасы өзара сенім мен достыққа негізделген ынты­мақ­тастықтың арқасында түркі халық­тары­ның бір­лігі нығайып, дүниежүзілік қоғамдастықта бе­делі артып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көш­бас­шылар біздің бауырлас елдеріміз арасын­дағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағыт­талған маңызды шешімдер қабылдады. Осы­ған орай біз де өз тарапымыздан парламентаралық іс-қимыл арқылы көшбасшыларымыздың қар­қы­нына ілесе білуіміз керек», – деді Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында күн тәртібіндегі энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды. Бұл түркі мемлекеттері үшін өзекті мәселеге айналып отыр.

Өз кезегінде, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов түркі кеңістігінде энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге баса назар аударды. Көші-қон саласында да ынтымақтастықты арттыру қажет екенін айтты. Бұл мәселені жан-жақты талқылау үшін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конферен­ция ұйымдастыруды ұсынды.

Ерлан Қошанов Қазақстан Түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде түркі интеграциясының одан әрі дамуын қолдайтынын мәлімдеді.

«Биыл қазан айында Түркі мемлекеттері ұйы­мының 10-шы мерейтойлық Саммиті түркі әлемі­нің алтын бесігі – киелі Түркістан шаһарында  ұйымдастырылып, төрағалық Қазақстанға өтеді. Осы тұрғыда барлық түркі  бірлестіктерімен бірігіп, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабыл­дауымыз қажет және Парламенттік Ассамблея ре­тінде оның орындалуын қадағалауға тиіспіз», – деді Мәжіліс спикері.

Спикер осы бастамалардың барлығын парла­менттік дипломатия арқылы іске асыруға, түркі ха­лықтарының бірлігі мен достығын одан әрі ны­ғайтуға шақырды.

Отырыс соңында тараптар Анкара декла­рация­сын қабылдады.

ТүркПА-ның келесі ХІІІ жиыны 2024 жылы Әзер­­байжанда өтеді.