Әне-міне дегенше, мемлекетіміз үшін маңызды күннің бірі – Қазақстан хал­қының бірлігі мейрамына таядық. Әріге зер салсақ, еліміздің 1995 жы­лы 30 тамызда рес­публикалық референдумда қабылданған Ата Заңы «Біз, ортақ тарихи тағдыр бірік­тірген Қазақстан халқы…» деп басталады. Осы бірауыз сөз мемлекетіміздің зама­науи болмысын паш етіп тұр. Бұл конс­титуциялық идея халқымыздың біртұтас тең құқы­лы мемлекет, ерік­ті азаматтарының тарихи қауымдастығы екенін айшықтары дау­сыз.
Бірлік пен татулық – табысты мемлекет болудың кепілі
1,147
оқылды

Осы­ны ескерусіз қалдырмай, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ке­­зекті сессиясы өткені мәлім. Ел Президенті қатысқан жиында мем­ле­кеттің бірлігі тура­сында келелі дүниелер айтылды.  

Тұрақтылықтың тірегі

Шынын айту керек, мәдени-этни­калық ерекшелігіне қарамастан үлкен ауызбіршілік пен қоғамдық келісімге мүд­делі түрде мойынсынатын бүгінгідей ұлттық бірліктің қалыптасуына аталған ассамблея арқылы жол ашылды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында осы ын­ты­маққа басымдық берілгені аңғарылды. Бір­лік күні – татулық пен келісімді дә­ріп­­тейтін мейрам. Қасиетті Отанымыз­дың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын де­сек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы қа­жет. Президент ең әуелі ассамблеяның ал­қалы жиынын жыл сайын ел бірлігі кү­ніне орай өткізу дәстүрге айналғанын оң­ды бағалады.

Бірліктің бірегей моделін қалып­тас­тыру­да маңызды рөл атқаратын Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясын құрудағы мақ­сат – еліміздегі қоғамдық-саяси тұ­­рақ­тылықты қамтамасыз ету жолында мем­­лекеттік және азаматтық қоғам инс­ти­туттарының этносаралық қатынас са­­­л­а­сындағы өзара іс-қимыл тиімділігін арт­тыру болатын. Қазір мемлекет ең бі­рін­­ші кезекте халық құндылығын баға­лай­ды. Яғни, біз үшін халықтан биік ұғым жоқ. Ал халықтың күші одан әрі мық­­ты әрі бекем болуы үшін бейбітшілік қа­жет.

– Мен былтырғы сессияда Ата Заңы­мызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таң­дауын жасады. Конституцияға ен­гізі­летін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Бұл – Ата Заңымыз қабылданғаннан кейінгі алғашқы референдум. Біз осы бастама көтерілген кезде ел тағдырын айқындайтын маңызды жолдың бас­тауында тұрдық. Мақсатымызды айқын­дап, нақты жоспар құрдық. Дәл осындай тарихи сәтте халықтың бірауыздан қол­дау білдіруі өте маңызды болды. Осыған орай түрлі ұсыныс айтылды. «Өзгерісті Парламент арқылы жасау қажет» деген пікірлер де болды. Бірақ біз әрбір аза­мат­тың пікірін білген жөн деп шештік. «Мем­лекеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық» деген қағидатты ұстан­дық. Осылайша, «Келісіп пішкен тон келте болмайтынына» бүкіл ел болып көз жеткіздік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Президент елімізде сая­си реформалардың жемісті болғанын атап өтті. Бұл тұрғыда былтыр өткен ре­­фе­рендумның тарихи маңызы зор. Әділетті Қазақстанды құру ісіне бүкіл халықты жұмылдырған науқан болғаны анық. Мемлекет басшысы жұртымыз жауапты сәтте ұлт ретінде ұйыса алғанын алға тартты. Референдумның түпкі нә­тижесі және халқымыздың басты же­тістігі жүзеге асты. Сондықтан бірлік де­ге­німіз – мақсатымызға апаратын жол ғана емес, мемлекеттің ең басты тірегі. Президент әр жиында еліміздің тәуел­сіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат екенін жиі еске салады. Ел бір­лігі осы мызғымас құндылықтармен қа­­тар тұруы тиіс. Сонда ғана болашағы­мыз баянды болмақ. Татулық пен келі­сім тек мемлекеттік саясатта емес, қо­ғамд­а, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жер­де дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстаны­мына айналуы қажет. 

– Халқымыз бірліктің және тыныш­тық­тың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ же­рі­нен пана тапқан барша этнос үшін де қымбат құндылықтар. Осы құнды­лықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. 

Бұл – теңдессіз жетістік! Әрбір азамат бір­лік­ті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үз­діксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік бол­са ғана, тірлік болады. Біз осы мыз­ғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассам­блеяның қажеті жоқ» деген ұш­қары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, ассамблея – мем­лекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұр­ған басты институт, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.

Сабақтастық саяси серпіліске жеткізді

Жалпы, ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген аза­маттық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы қалыптасты. Республикада еліміздің барлық этносының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қа­зақстанның этносаралық қатынастары мәселесін тиімді шешетін ел ретінде халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Сонымен, бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым елдің саяси жүйесінің дамуына да ықпал етті. Қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады. Мәселен, Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастырудың ара­лас моделі енгізілді. Парламенттің ба­қылаушылық қызметі күшейтілді, заң шығару рәсімдері оңтайландырылды. Партияларды тіркеу процесі жеңіл­де­тілді. Депутаттық мандатты қайтарып алу механизмі енгізілді. Облыстардың әкім­дері мәслихат депутаттарының ке­лісімімен баламалы негізде тағайындала бастады. Нәтижесінде, азаматтардың елімізді басқаруға атсалысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтардың, ауыл әкімдерін ті­ке­лей сайлауды енгізудің нәтижесінде аза­маттар жергілікті билікке нақты ық­пал ете алатын шынайы тетіктер пайда болды. Конституциялық соттың құ­ры­луы, Адам құқықтары жөніндегі уә­кіл­ге конституциялық мәртебе берілуі құ­­қық қорғау саласын түбегейлі кү­шейтті. 

– Референдумда қолдау тапқан жаңа мем­лекеттік модель халқымыздың үмі­тін толық ақтайды және демокра­тиялық дамудың жалпыға ортақ қағи­даттарына сай келеді деп сенемін. Ол билікті тұ­рақты түрде ротациялауды және саяси жүйе­нің орнықтылығын қамтамасыз етеді. Қазақстанның да­муын тек демо­кратиялық қағидаттар мен ашық саяси бәсекелестік негізінде күшейте түседі. Ауқымды өзгерістер барысында ассам­б­леяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт пар­ла­менттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Бұл озық халық­ара­лық тә­жіри­беге толық сай келеді, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біз бірлік жайына бекерден басым­дық беріп отырған жоқпыз. Қазір әлем­дегі геосаяси ахуалдар ушығып тұрғанын бүтін ел біледі. Жаңа, күтпеген басым­дықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару мемлекет үшін аса өзекті мәселеге айналды. Еге­мендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы артты. Бұл ретте этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни, татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі.

Сессия аясында нақты мәселелерге ар­налған пікірталас та өтті. Мемлекет бас­шысы мұны назардан тыс қалдыр­ма­ды. Этносаясатта жаһандық және ай­мақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені ай­тылды. Өте орынды ұсыныстың бірі – осы. Яғни, этносаралық қатынас мә­селесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуы тиіс. Президент бұған нем­құрайды қарауға болмайтынын, этнос­аралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететінін мәлім етті. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стра­тегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес. Осылай деген Қ.Тоқаев басымдық берілуі тиіс бес бағытты тізбектеп берді. Атап айт­қанда, бірлігіміз бен татулығымызға сы­на қаққысы келетін кез келген аран­датушылық әрекетке батыл түрде тос­қауыл қою, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты ша­ралар қабылдау, көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекет­тік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау, ассамблеяның саяси партиялар­мен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту мен этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілу ісі айтылды. 

– Ассамблея өзін шынайы демо­кра­тиялық қағидаттар мен құндылықтарға сүйенетін әрі оны нақты жүзеге асыра­тын аса маңызды қоғамдық-саяси инс­титут ретінде танытты. ҚХА әртүрлі мә­дениеттің қатар дамуына және өзара қарым-қатынасына қатысты қағи­даттарды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл – қазіргі әлемнің ең өзекті мәселесі. Әлемдегі қақтығыстар мен соғыстардың бәрі ұлттық тәкаппарлықтан, өзге этнос өкіліне және өзге ұлтқа жақын адам не дос деп қарағысы келмеу салдарынан туындайды. Нағыз патриотизмді ұлттық менмендікпен еш шатастырмау керек. Сондықтан біз ассамблеяны одан әрі да­мытамыз. Оның жұмыс істеу тәсіл­дерін жетілдіріп, құрамын үнемі жаңар­тып отырамыз. Біз – бір елдің перзенті, бір халықтың ұл-қызымыз! Ұлы даланың ұлан-ғайыр жерінде бәрімізге орын жетеді. Осы киелі мекенде бәріміздің де көздің қарашығындай сақтайтын және сол үшін еңбек етіп, өмір сүретін қас­терлі дүниелеріміз бар, – деп қорытын­дылады Мемлекет басшысы.

Түйіндей келгенде, ассамблеяның кезекті сессиясы тек этностардың емес, бүтін мемлекеттің мүддесі үшін істелетін жұмыстарды, мақсат-міндеттерді ай­қын­дады. Ең бастысы, бірлік пен ынты­маққа селкеу түсірмеу. Ол үшін азаматтар ұлтына, нәсіліне қарамастан бір тудың астында жұмыла алса игі.                    

М.ХАҚНАЗАР