Әлбетте, соңғы жылдары кітаптардың электронды нұсқасы жиі таралып жатқанда, оқырман қауым қағаз нұсқадағы кітап нарығының көрігін қыздырып, осы сауда-саттықтың жандануына ниетті екенін байқадық. Қарап тұрсаңыз, электронды кітап нарығы өзінің басымдық дәуірінен айырылып, таралуындағы заңдастырылған желі, тұғырнама әлеуетін толық жүзеге асыра алмай, екінші сатыға түсіп бара жатыр.
Біз «екі түрлі кітап форматының оқырман қай нұсқасын таңдайды?» деген сауалға жауап іздеп, қазіргі қазақтілді оқырман кеңістігінде екеуінің пайдалы тұстары мен кемшіліктерін саралап шықтық.
Электронды кітап vs қағаз кітап
Кітапты қолға ұстағанға не жетсін?! Өйткені парақтап тұрып, ұзақ үңіліп, керек мәліметті асықпай ұғынып алу біздің қатарластарымыз үшін маңызды. Алайда 2000 жылға дейін білім алған консерватор ұрпақ үшін үйінде кітап сөресінде тұрған «байлыққа» жетері жоқ. Көз қуантады әрі ұстап, парақтап шығуға мүмкіндік береді. «Әр парақтың исін сезіне отырып, тасқа басылған таңбаның көз жүгіртіп оқи беретін ләззатын кейінгілер ұқпайды» деп санайды.
Жазушы Бақытбек Қадырдың айтуынша, қазір кез келген қағаз кітаптың жолға арналған кішкентай түрі, сақтау үшін қатты мұқабалы, арзан болуы үшін жұқа мұқабалы деген секілді бірнеше түрі шығарылады.
«Кітаптың қағаз нұсқасы оқырманға пайдалы, көзіне келтіретін зияны аз, зейініне тез тоқып алуға ыңғайлы, біздің нарықта баспагерге де табыс әкеледі. Өйткені ол кітап электронды нұсқада шығып, таралса, оқырман одан керемет ләззат ала алмайды. Ал екіншіден, электронды нұсқамен таралған кітап жазушының еңбегін ақтамайды. Осындай өнімді саудалау, тұтынушыға жеткізу және оның қаржы алмасу нарығы қалыптаспаған. Автор мен баспаның мүддесі осы нарықта қорғалмаған. Оқырман да электронды өнімнің бағасын білмейді, оны сатып алу мәдениеті қалыптаспаған. Бізде ол тек пираттық нұсқамен тегін таралып кетеді. Осы тұрғыдан қарасақ, коммерциялық жағынан қағаз кітап шығару ыңғайлы деген ойдамын», – дейді ол.
Алайда кейбір кітаптың қағаз нұсқасын тауып алу қиындау. Айталық, ғылыми-фантастикалық, жаратылыстану ғылымдарының әдебиеттері, тіпті көлігіңіздің техникалық сипаттамасы берілген кітаптың қазақша яки орысшасының өзін табу қиындау. Амалсыздан электронды нұсқасын іздеуге кірісесіз.
Электронды кітапты сақтауға сөре қажетсіз. Тек оны ашып оқитын электронды құрылғы және оның жадысында қажетті орын болса жеткілікті. Планшет, компьютер немесе флешкаңызда үлкен бір кітапхананың қоры сақталып тұра береді. Оны кез келген жерде гаджеттен ашып оқисыз, керек мағлұматыңызды алуға өте қолайлы.
IT маман Аршат Ораз өзі электронды кітапты таңдайтынын, оның функционалдық артықшылықтары басым екенін айтады. Ол қағаз кітап қазір тек бұрынғыға құрмет немесе романтика іспеттес деп санайды.
«Қағаз кітапты шығарудың шығыны көп. Яғни, экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Электронды кітаппен екеуінің де функциясы ақпарат беру. Демек, қайсысы ыңғайлы болса, соны қолданған дұрыс. Электронды кітаптардың дамығаны соншалық, оқырманға қолайлық туғызатын көп нәрсесі бар. Мысалы, қарапайым қараңғы-жарық режимі, қаріп көлемі және түрлерін таңдау. Оны өзіңмен бірге алып жүру де оңай, бір жерге көшкен кезде тасып әуре болмайсың. Одан бөлек, е-кітаптар көп орын да алмайды, қолжетімділігі де оңай. Сондықтан заманға сай, қазір ең дұрысы – е-кітаптар. Өзім сондай түрлерін оқимын», – дейді Аршат Ораз.
Баспагерлер үшін де басты мәселе
Баспагер, Step&World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр Сайранның пікірінше, «электронды кітапқа сұраныс көп пе, қағаз кітапқа сұраныс көп пе?» деген ұзақ жылдарға созылған пікірталас қазақ оқырмандарын ғана емес, әлемдегі барлық оқырманды алаңдатып отыр. Бұл тіпті, баспагерлер үшін де маңызды мәселе екен.
«Қолымызда планшет, смартфон болған заманда уақытты үнемдеу үшін, ауыр кітапты ұстап жүрмеу үшін Digital форматтағы кітаптар қолайлы еді. Оған жастар арасында сұраныс көп. Ал кішкентай балаларға келсек, олар кітапты қолға ұстап оқығысы келеді. Себебі сенсорика, моторика жағынан кітаптың парақтарын ұстап, сезініп оқу дегеннің әсері ерекше. Соны балаларға қалыптастыра беруіміз қажет. Ал уақыты аз ересектер автобуста, метрода босқа уақытында электронды кітап оқыған тиімді», – дейді Раиса Сайранқызы.
Баспагер электронды нұсқада кітап шығармайтынын, елімізде оған қолайлы монетизация жасайтын, толық жұмыс істеп тұрған тиімді платформа табылмай жатқанын атап өтті. Шетелдік авторлардың кітаптарының аудармасын шығаратын баспаға кітап біріншіден қағаз түрінде таралуы тиіс деген талап қойылады екен. Авторлар электронды форматты шығаруды рұқсат етпейді, өйткені қолданыстағы кейбір платформалардың әлсіздігінен кітап PDF түрінде тарап, пират көшірмеге айналады деген қауіп басым. «Байқасаңыз, кітапқұмар жандарға арналған Telegram, WhatsApp чаттар бар, ішінде «500-1 000 теңгеге электронды кітаптар сатамыз» деп отырады. Ол авторлық құқыққа, зияткерлік өнімдер заңына қайшы, қарақшылық деп саналды, оны біз құптамаймыз. Электронды формат оқырманға тиімді, алайда біздің жоспарымыздың мақсаты және стратегиясы – қағаз түріндегі кітапты кеңірек тарату», – дейді баспагер.
Оның пікірінше, оқырмандарға қағаз түрдегі кітапты оқу мәдениетін үйретуді жалғастыра беру керек. Өйткені бұл дәстүр 90-шы жылдардан кейін оқырманнан уақытша ажырап қалған.
Қазіргі тренд – аудиокітап
Баспагер электронды кітаптар жеңіл әрі көбірек сатылатынын еске салып, өзі де осындай кітапты оқитынына тоқтала кетті.
«Қазір мен шетелдік кітаптар керек болған кезде көбіне Amazon-нан онлайн форматта сатып аламын. Соны планшетімде арнайы қолданба арқылы оқимын. Ұнап жатса, кейін кітаптың қағаз нұсқасын да сатып аламын», – дейді ол.
Раиса Сайранқызы шетелдегі кітап жәрмеңкелеріне жиі баратынын, баспагерлер пікірінше, қазіргі тренд немесе бәсеке қағаз түріндегі кітап пен аудио түріндегі кітап арасында болып жатқанын атап өтті.
«Скандинавия және Еуропа елдерінде кітап сатылымы бойынша ересектерге арналған кітаптардың 60 пайызы аудио форматта сатылып жатыр. 40 пайызға жуығы кітап қағаз түрінде. Электронды формат қазір өте аз. Оқырмандар көру қабілетін сақтауға мүдделі. Олар күні бойы телефонда, компьютерде отыратындықтан экранға аз қарағысы келеді. Ал аудионы көлікте кетіп бара жатқан кезде де тыңдауға болады. Сондықтан қазіргі заманауи тренд – аудиокітап», – дейді Раиса Сайранқызы.
Сөз соңында айтарымыз, оқырмандар алдында өзінің қолайлығы мен ерекшелігі бар кітаптың үш нұсқасы тұрса, кітап нарығының өкілдеріне өз өнімін үш түрлі етіп ұсыну мүмкіндігі туындағанын көрдік. Алайда біздер үшін осы үш нұсқаның үшеуі де қолайлы. Түптеп келгенде, білімге құмар көзіқарақты қазақтілді оқырман қауымның көбейе бергені жақсы емес пе?!
Жәнібек АМАНГЕЛДІ