Жақында жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын, журналист Рахат Қосбармақ Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлықты Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет ақынға өз қолымен тап­сырды. Біз де орайын тауып, ақынды сыйлығымен құттықтап, аз-кем сұхбат алған едік.
Рахат Қосбармақ: Өлең деген – өмірдің өзі!

– Рахат, құтты болсын! Сіз 2013 жылғы Президент стипендиясының иегері болған едіңіз, бұл жолы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанып келдіңіз. Бұл сыйлық не үшін беріледі, әдеби ортада салмағы қандай? 

– Оны енді осы сыйлықты берген кісі­лер мен осыған дейін алған кісілерден сұрау керек. Берген – Қазақстан Жазушылар Ода­­ғының Басқармасы. Ал маған дейін де бұл сыйлықты алған адамның саны аз емес көрінеді. Бір жылдары 40 адамға дейін «Алаш» сыйлығы шүленше таратылған кез­дер де болды. Кейін мұндай «Атымтай жо­марттық» тыйылып, аздап саябырсыған сияқ­ты. Осы жолы әдебиеттің әртүрлі жанр­лары бойынша 20 шақты адамға берілді. 

­Ал оның әдеби ортадағы салмағы қан­дай, не үшін берілетінін сол кісілер білмесе, күні кеше алып жатқан мен білмедім, сал­мағын да әлі сезіне қойған жоқпын. Жалпы маған: «Жақында ғана жарық көрген «Әле­йім-жалған» деген жыр жинағы үшін бе­рілді», – деді. Соған қарағанда, соңғы бір-екі жылда жарыққа шыққан үздік әдеби туындыға берілетін баға болса керек.

– Жазушылар Одағы Маңғыстау фи­лиалының басшысы өзгеріп жатыр. Бұл орынға ақын, журналист, талантты ініміз Әнуарбек Бимағанбет басшылыққа келді. Өлкеміздегі ат төбеліндей ғана қаламгер­леріміз үшін, жұмысты жақсарту үшін неден бастаған жөн деп ойлайсыз? 

– Әнуарбек ініміз біреуден ақыл сұрай­тындай жігіт емес, біздің кеңесімізге зәру емес те шығар. Дегенмен, ол сен арқылы ма­ған сауал қойып отырған жоқ шығар, ақы­ры сұрап қалдың ғой, аз-кем білгенімді айтайын. 

Жалпы Жазушылар Одағының қоғам­дық ұйым екені белгілі. Оның негізгі мін­детін біреулер: «Қаламгерлерге қаржылық, материалдық жағынан көмектесуді ұйым­дастырып, қолдау білдіру», – деп жатады, біреулер «Шығармашылығын дамытуға демеу білдіріп, жағдай жасау», – десе, енді біреулер: «Ақын-жазушылардың жұмысын ұйымдастырып, басшылық жасайтын орган», – дейді. Қай-қайсысы да рас шығар. 

Бірақ менің бір білетінім: шығарма­шылықтың театр, кино және телевизия, радио салалары сияқты емес, ақындық пен жазушылық – ұжымдық еңбек емес, жеке адамдардың шығармашылық лаборато­рия­сы арқылы жасалатын дүние. Анда-санда, кей-кейде арнайы тапсырыспен бол­маса, ақындар мен жазушылар ұжым­дасып кітап жазбайды немесе өлең шығар­майды. Әркім өзінің ой-өрісі мен қарым-қабілеті, шама-шарқы, шабыт қанатының самғауы дең­гейінде жеке-дара туынды жасайды. Тек бізде «Оларға мемлекет қана емес, айналасы, қоршаған ортасы, қоғамы мүмкіндігінше жағдай тудырып, қолдау білдіруі керек, тіпті міндетті» деген қасаң түсінік қалыптасқан. Мен онымен келісе ал­мас едім. Әрине, мүм­кіндік, жағдай, қол­дау болған жақсы. Бірақ ешкім де оларды ақын немесе жазушы бол­ғаны үшін ала­бөтен, елден аққұла, ерекше көңіл бөліп, алақанға салып әлпештеуге міндетті емес. Өлең жазса – әрбір ақынның өзінің ша­руасы, оны ешкімге міндетсініп, елден ай­рықша құрмет талап етуге хақы жоқ. Әрине, еңбектің еленгені жақсы. Ол – өз алдына бөлек әңгіме. 

Ал шындығына келсек, мен айтар едім: «Әнуар ініміз ең бірінші Маңғыстау фи­лиалындағы қаламгерлердің елдің қоғам­дық-саяси және әлеуметтік өмірінде болып жатқан әрбір ірілі-ұсақты, маңызды оқи­ғаларына әрдайым үн қосып, азаматтық позициясын білдіріп отыруын ұйымдастыру керек», – деп. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Оған Әнуар ініміздің ақылы мен ақындығы жетеді – тек батылдығы мен батым­ды­лы­ғы жете алса, билігі жетеді – тек ерлігі жетсе болғаны. Біздің қалам­герлерде бәрі бар: қарым да, қабі­лет те, талант та, тақыт та, байлық та, бақыт та, жағ­дай да, жазғыш­тық та, жоқ жерден қайдағы бір бәлелерді қазғыштық та. Тек қана үнемі осы жағынан ақсап жататын сияқ­тымыз. 

Тағы да қайталап айта­мын, бұл оңай шаруа емес. Өйткені ақын-жазу­шы­лар­дың бірі – халық­шыл, бірі – би­лік­­шіл, бірі – діншіл, бірі – тілшіл, бірі – атеист, бірі – агностик, бірі – жалтақ, бірі – шалқақ деген сияқты. Қан­ша адам болса – сонша мінез-құлық пен ой-пікір бо­латыны сияқты, қанша қаламгер болса – сонша көзқарас бар. «Дарын басына – бір дарбаза», әр­қайсысы – бір-бір таудың ай мүйізді арқары деген сияқты. Олардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, ортақ бір үндестік та­уып, үндеу жасату да оңай-оспақ шаруа емес. Ол үшін тек ақылдылық пен батылдық қана емес, асқан дипломаттық пен алғыр ойлылық, сұңғыла көсемдік пен сұмдық ше­шендік те керек болатын шығар. Сон­дықтан Әнуар ініме арқалаған жүгінің ауыр­лығына қарап аяушылық білдіре отырып, алдағы уақытта тек қана сәттілік пен абы­рой тілеймін. 

– «Қазақтың мықты ақыны, асау ақыны Қалбай Әбдіраманов қатты сырқаттанып жатыр» дегенді әлеуметтік желіден оқып отырмыз. Тіптен дәрі алуға қаржы таппай жатыр екен... 

– Қалбай ағамыздың қатты сырқаттанып жатқаны, инсульт алып, ауруханада жатқа­ны рас. Бірақ «Дәрі алуға қаржы таба алмай жатыр» деген сөз бекер болар. Олай дейті­нім: осыдан 2-3 күн бұрын өзім арнайы ба­рып, ағамыздың көңілін сұрап шықтым. Қасында 30-40 минуттай отырдым. Сол жердегі медбикелермен, санитарлық қыз­меткерлермен сөйлестім. Дәрі-дәрмек те, бәрі де жеткілікті, дәрігерлер тарапынан да барлық жағдайлар жасалған сияқты. Тек Қалекеңе қазір қарапайым көңіл бөлу мен қамқор жүрек, қайырым мен мейірім, көңі­лін аулап, қасында ұзағырақ болу жетіспей жатқан сияқты. Бұл жерде айта берсе, әң­гіме көп. Осы жерден тоқтатайын... 

Ал жалпы, жалғыз Қалбай Әбдіраманов қана емес, қазақ қаламгерлерінің басым көп­шілігі әртүрлі тұрғыда әлеуметтік мұқ­таж­дыққа тап болып, қатал қоғамның қара дауылына шыдас бермей, қамқорлықтан тыс қалып, қағажу көріп, қашан да қа­йырымға зәру болып жүретіні жасырын емес. Ол – енді өз алдына бөлек тақырып. 

– Әдебиет, оның ішінде мөлдір де жауһар әлем – Поэзия озалдан адам мен адам­ның арасын жақындататын, ұлт пен ұлт­тың, мем­лекет пен мемлекеттің сыйлас­тығын, тату­лығын, түсіністігін қалыптас­ты­ратын құн­дылық. Адами қасиетті, ізгілік­ті мұрат тұта­тын мисссия. Оны осы мақса­тынан айырып, жеке бас араздығы, кембағал күншілдік пен мерез міншілдіктің сайма­ны­на айналды­ратындар да жоқ емес. Қыс­қар­тып айтсам, Сіз үшін Өлең құрал ма, қару ма? 

– Өлең – мен үшін қару да, құрал да емес, тек қана Өлең! Ал Поэзия, Өлең деген, ол – өмірдің өзі. Яғни өмірді – оның жақсысы бар, жаманы бар, ағы бар, қарасы бар, аласы бар, құласы бар, сыры бар, мұңы бар, қайғысы бар, қасіреті бар, қуанышы бар, реніші бар, күнгейі бар, көлеңкесі бар – бәрін-бәрін жырлау, бәрін-бәрін жазу. 

Қазір Өлең дегеннің не екенін білмейтін, түсінбейтін жандар өкіртіп «өлең» жазып жүр. Әрине, тырнақшаның ішіндегі «өлең» – менің айтып отырғаным. Оны «халтура» дейді. 

Өлеңді әркім әртүрлі түсінеді. Оны бі­реу­лер: «Құдай атқан қу бейнет, қаныңды ішкен кәззап қой», – десе, біреулер: «Қой, олай деме, жазылып біткесін, жаныңды рахат­тан­дыратын ләззат қой», – дей­ді, бі­реу­лер: «Өзегіңді кеулеген өрт» – дейді, біреулер: «Жа­ныңды жай­лаған дерт», – дейді, біреулер: «Арыңның алдында берілген серт», – дейді. Ал айналып кел­генде, ол – ал­мас қы­лыштай қыл­пыл­д­а­ған, ақи­нақ­тай жар­­­қыл­даған Ақи­қат, шынайы Шын­дық, Жанның шың­­ғы­руы, жү­рек­тің тү­­бін­дегі жа­ры­лыстар мен жанар­таулар. 

Өлеңмен өзің де ауы­расың, Сәке, өзің де – ақынсың. Оның қия­меті мен маша­қатын, рахаты мен ләззатын сен де бір кісідей сезініп жүр­ген адамсың. Сон­дықтан өзің де біле­сің, Өлең деген жаз­басаң – жатқыз­бай­ды, жазсаң – жақ­сы атақ, сірә, тағы жоқ. Қалай болғанда да, бұл – Хақтың сөзі, Ақтың әңгімесі. Дін­шілдер оны: «Алланың ақ кәламы, аузыңа салған Құдай Тағаланың құдіретті тілі», – дейді. «Ақындар Құдайдың сөзін айтады» деп жатады ғой. Асылы, сол сөз рас шығар. 

Рас, өлеңді сауын сиырға, күнкөрістің көзіне, нан табуға, мал табуға айналдырып алғандар бар. «Бес-алты ауыз сөз білем» деп, шаты айрылардай болып шалқайып, талтаңдап атына міне алмай, мінсе түсе алмай қалатындар да бар. Әркімге бір жәу­теңдеп, сөзін сатып, сол арқылы өзін сатып ағалайтындар да, мойны жуан биліктегілер мен қарны жуан бай-шонжарларды жағалайтындар да бар. Және ондайлар аз емес те. Соның кесірінен қазір қаламгерлер арасында ғана емес, жалпы қазақ қоғамында жалтақтық пен оңғақтық, жәреуке жағым­паздық пен жалбақай жалпақшешейлік өршіп, белең алып тұр. 

«Өлең – құрал, қару» дегенде, сонау бурадай шабынған Бұқарлар, буырқанған Махамбеттер, ашынған Абайлар ойға оралады. Бұқардың Абылайға дат айтуы, Махамбеттің Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтанға қатты айтуы, тіпті сес көрсетіп, сескендіріп, тепсінуі, Абайдың «Дүтбайға», «Болыс болдым, мінеки!» деп шенеуі, сынап-мінеуі. Қару ма, құрал ма осылар, өзің айтшы, ал?! 

Қажет жерінде қайраулы қылыштай сермемесең, саған ол қасиетті Өлең не үшін берілді, атаңның басына ақын болып тудың ба?! Сондықтан ақынды «Қоғамның индикаторы», Өлеңді «Қоғамның айнасы» десе болады. 

Менің білетінім: Өлең шын, шынайы болуы керек. Сонда ғана ол Өлең болады. Әйтпесе, мың жерден бояп, жүз жерден қырнап-сырлап, қырғауылдай құлпыртып, тотыдай түрлендірсең де, ар жағында шын жүрегінен шықпағасын жерде ол тек жәй ғана сөз болып қалады. Өлеңге жасандылық пен жәдігөйлік жараспайды. 

– «Туғаның да – қайғы, өлгенің де – қайғы, сүю де – қайғы, өмірді сүру де – қайғы» деген Будда пессимист. Пушкин – пессимист. Байрон – пессимист, Лермонтов – пессимист. Талантты ақындардың бәрі – пессимист. Көптің ішінде жүріп, жалғыздықты сезіну тек ақынға ғана тән қасиет пе? Өзіңізді жалғыз сезінесіз бе және осы жалғыздық Сізге ұнай ма? «Пессимист ақын емеспін» деп айта алмайсыз деп ойлаймын. Әйтпегенде, «Жаздың ең соңғы күні» деп кітапқа ат қоймаған болар едіңіз... 

– Уайым, қайғы, мұң, шер – қай ақын­ның да серігі. Қай ақында да пессимистік сарын басым. Оған қоғам мәжбүрлейді, заман әсер етеді, әртүрлі оқиғалар желкелеп, жетектейді. 

«Азамат ердің ішінде ат басындай шер өсер» дейді ғой қазақ. 

«Жақсы әйелдің ішінде бесігімен бала жатады, 

Жаман еркектің ішінде табытымен нала жатады» деген де бар. Ендеше біз сол «жаман еркек» шығармыз. 

Мүмкін ақын халқының болашағы үшін басқалардан гөрі көбірек алаңдап, қам жеп, қайғы-қасірет шегетін шығар. 

«Ақында адамзаттан дос болмайды, 

Жалғыз-ақ сырын ашар қаламына» дейді ғой, Мағжан. 

«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген жоқ па Абай?! Тіпті, жалына қол апартпайтын асаудай арда, тарпаң, өр Махамбеттің өзі қызғыш құсқа мұң шақпай ма?! Бірақ оны «күйректік, осалдық» деп ойлауға бола ма?! 

Шынтуайтына келгенде, әрбір адам – жалғыз. Күн – ортақ, Жер – ортақ, сылдыр­лаған су – ортақ, сыбдырлаған жел – ортақ, аспан – ортақ, ауа – ортақ, ат – ортақ, атақ ор­тақ болса да, әркімнің жаны – бөлек, мұңы – дара. Айналып келгенде, әркім өзі­нің қасірет-қайғысымен бетпе-бет, жеке қалады. 

Мен де жалғыздықты сезем, сезінем, басымнан кешем. Тіпті, кейде қалың көп­шіліктің ортасында отырып, қаралай көңі­лім құлазитын сәттер де болады. Осыдан төрт жарым жыл бұрын «Талқан қазан» айында тап сондай күйді бастан кешкенімде: 

– Алдаспан едім – артуын таппай кетілдім, 

Арыстан едім – Айға да шауып мертілдім. 

Сегіз тумаласым сеңгір 

таудай боп тұрса да, 

Жапанда жалғыз қалғандай, 

Жал-құйрығы жоқ жетіммін... – деп жазып жүргенім де сондықтан. 

Ал жалпы пессимизмге келсек, қоғам­ның райы, заманның сыңайы солай болып тұр ғой. «Теңдік тиіп, Тәуелсіздік алдық» де­генмен, өз ырысымыз өзімізге бұйырмады, 30 жылымыз әбі-тәбі, әрі-сәрі болып, әне-мінемен, әркімге телмеңдеумен өтті. Жаңа­өзеннің жарасы жазылып үлгермей жатып, Қаңтарда қанды қасап қырғынға тағы түстік. 

Осыны көріп отырып, мен қайдан оптимист болайын?! Соның бәрін көріп-біліп, сезініп отырып, қалай жадырап күлейін, қалай жарқылдап жүрейін?! Өзің-ақ айтшы, Сәке? 

Кейде маған біреулер: «Сен осы неге көңілді өлең жазбайсың? Жырларыңның бәрі қайғылы, мұңды, зарлы ғой», – деп «кінә артып» жатады. Сондайларға жауап ретінде жазылған: 

Қалайша «Жаз, – дейсің сен, – 

көңілді өлең» – 

Өксікке толып тұрса өмір деген?! 

Қан жұтқан қазағымды көріп тұрып, 

 Қабырғам қалды ма енді сөгілмеген?! – деп басталатын бір өлеңім бар. 

Үп еткен жел ақынның жүрегін жұлқы­лайды, сүп еткен суық ақынның жанын қариды. 

Баба қазақтан қалған бабау сарын, бағзы жырдың желісін үзбей, Ата-Қазақтан қалған ат басындай мұң мен шерді, қорғасындай құса мен қайғыны ақын айтпағанда – кім айтады?! 

Ақын өмір бойы асыл сөздің арқауын сетінетпей, Ана-қазақтан келе жатқан мұң мен зарды, арыз-арманды бала-қазақтың құлағына құйып, жүрегіне жеткізем деумен өтеді. Содан да оның өлеңі мұңды, сосын да оның үні зарлы... 

Қой, Сәке, Пушкинді айтып, Байронды, Лермонтовты, Будданы айтып, пессимизмді айтып, жұртты жалықтырып алмайық. 

– Бір сұхбатыңызда: «Әрі-беріден соң мен өлеңді өзім үшін жазамын. Өлең жазсам – өзім үшін. Сондықтан өзімнің таным-тү­сінігім мен ой-пікірімді де ешкімге тықпа­ламаймын» деген едіңіз. Бұл – либералдық ұстаным. Еркіндік, ешкімді шектемеу, қандай да бір заң, билік, мемлекеттік шектеулер мен діни тиымдардан азат болу. Бұған дейінгі қабылданған канондар мен тиым-ережелерге мойынсұнушылық – консерваторлық. Дала заңы, бағзы дәстүрлерден аттамау, бұрынғы­ны көксеушілік – поэзияңызда бар және айқын көрініс береді. Екі ұстанымның ақиқа­тында қайсысына ішіңіз бұратынын, ішкі шындығыңызды айтыңызшы? 

– Адам баласына бір нәрсе керек болса, ол – Еркіндік. «Ескінің сарқыншағы, керітартпа, консерватор» десе – десін, мей­лі, мен ата салтын, баба дәстүрін сақтауды жөн көрем. Бірақ бұл «Прогреске, жаңа­лыққа жау» деген сөз емес. Жаңаның жақ­сылығы болса – қолдаймын, жамандығы болса – алмаймын. Жалпы алғанда, ескіге – сақпын, жаңаға – жақпын. 

Менің қазақи жырдың еркіндігі туралы көзқарасым шамамен мынадай: егер қазақ­тың Қара Өлеңін аспаннан жаңбыр ғып жау­­дырса, онда бүкіл әлем алтын сыйдың ас­­тында қалып, асыл сөз бен ақық жырға, мар­­­жан өлең мен гауһар дарияға қарық болар еді. 

– Әлеуметтік желіде жеке парақшаңыз жоқ екенін білеміз. Сіздің атыңыздан ылғи зайыбыңыз Нұргүл жазып отырады. Шы­ғармашылығыңыз туралы сайтты да бір кездері Тимур Бектұр жүргізіп жүрді. Бұл заманауи медиакоммуникациялық тренд­терді қабылдамау ма, әлде әлем-желінің әлем-жәлем тірлігінен бой сақтау ма?

– Әлеуметтік желі менсіз де қайнап жатқан сияқты. Менің ол жерге керегім шамалы. Оған уақыт өлтіргім келмейді. 

Маған керегі ақпарат болса, ақпаратты алудың әлеуметтік желіден де басқа мың сан көзі бар. Маған әлеуметтік желідегі әркімнің пікірі маңызды емес, алатын ақпаратымның ақиқаттығы, қаншалықты шынайылығы маңызды. Сосын сол ақпараттарды салыс­тыра отырып, анализ жасап, ой түйемін, сараптама жасаймын. 

Мен басқа желілерде жоқ болсам да, «Уатсапта» бармын. «Әлеуметтік желілерде мүлде жоқ» деуге болмайды. Ал «Фейсбук», «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желілерде менен гөрі сондағы достарымен көбірек сөйлесетін келіншегім күндіз-түні отырады. Кейбір керек нәрселерді мен содан естимін. 

Ал маған не керек, не керек емес, нені ұна­тамын, нені естігім келмейді, нені көр­гім келмейді, нені айту керек, нені айтпау керек – ол жағын 33 жылдан бері отасып, түтін түтетіп, бірге келе жатқан ол жақсы біледі. 

– Ол үшін зайыбыңызға қаламақы  төлей­сіз бе, әлде бәрі тегін бе? (Әзіл). 

– Немене, сенің келіншегің мен екеуің­нің арасындағы қарым-қатынастың бәрі ақы­лы негізде ме, не?! Ал бізде олай емес. Ол әуел баста маған тұрмысқа шыққанда: «Ой­бай, мендегінің барлығы да, барым да, нарым да – сенікі, бәрін де тегін істеймін, тек мені алсаң болды», – деп «антын» беріп тиген. Әзір­ге сол уәдесінде тұрып келе жатыр. (Әзіл) 

– Қадір – ақыл-ой, Төлеген – сағыныш, Мұқағали – мұң... Рахат кім?

– «Мен – пәленшемін, «Мен – түген­шемін» деп қалай айтайын?! Өзің де – ақынсың, менің өлеңдерімді оқып жүрсің. «Сырт көз – сыншы» деген, осы сұрақты өзіңе қойғым келіп тұр. Ал, айтшы, Сәке, мен кіммін?! 

14-15-ғасырларда, Орданың «Алтын» ата­лып тұрған кезінде Асан Қайғы деген ба­бамыз өтіп еді. Одан кейін осы ғасырда Мыр­зан Қай­ғы деген ақын ағамыз болып еді, ол да жо­ғалып кетті соңғы кездері. Қазір өзі де кө­рінбейді, бұрынғыдай өткір сөзі де естілмейді. 

Содан кейінгі «Рахат Қайғы» шығармын мен онда. Өзің де айтып отырсың ғой, «пессимистсің» деп... 

Мұның бәрі – әзіл ғой, әрине. Ал шынтуайтына келгенде, адам өзіне-өзі баға бере алмайды ғой. Баға бермегені де дұрыс деп есептеймін. Менің кім екенімді халық айтсын, ойлы оқырман берсін бағамды. 

– Жақында ғана баспадан Сіздің «Әлейім-жалған» атты кітабыңыз шықты. Осы кітап жөнінде аз-кем ақпарат берсеңіз? 

– Бұл – соңғы бір жылда, яғни өткен 2022 жылы ғана жазылған жырларымның жинағы. Аяқ астынан, асығыстау шыға­рыл­ған кітап. Болашақта кішкене толықтырып, соңғы он шақты жылда жазылған өлеңде­рімнің бас-аяғын жинақтап, бір кітап етіп шығармақ ойым бар. Оны енді уақыт көр­сетеді. Осы кітапты қысқа мерзім ішінде шы­ғарып берген Алматыдағы «Үш қиян» бас­пасының директоры Махмут Қосмам­бетов ағама рахмет айтамын. 

Жаңа өзің айтқандай, өлеңді жазуын мен жазғанмен, оны жариялаумен, жарыққа шығарумен, кітапқа айналдырумен, жалпы маркетингпен айналысып отыратын үйде бір адам бар, ол – зайыбым. Менің күні-түні қатып отырып жазған шығармаларымның қызығын ең алдымен көретін де – сол кісі. Сондықтан кітаптың қанша дана болып шығарылғанын, қаншасы таратылып, қан­шасы қалғанын, қайдан алуға болатынын сол Нұргүлден сұрау керек. 

– Сөз соңында кейнгі толқын жас қалам­герлерге не айтасыз? 

– Жаңа да айттым сөз арасында, адам баласына ең қажетті нәрсе – Еркіндік. Бізді анамыз дүниеге әкелгенде «Ұл тудым» деп қалжа жеген. Әке-шешеміз бізді «Біреуге құл-құтан болсын» деп дүниеге әкелген жоқ. «Бодан болмасын, Бостандықта, ешкімнің табанын жаламай, еркін өмір сүрсін» деп әлпештеп өсірді. Сондықтан бір-ақ рет берілетін мынау дүние-жалғанда шама келгенше емін-еркін, ешкімге жалтақтамай, өз пікірің мен көзқарасыңды ашық айтып өту керек. Әдебиетте де солай еркін ойлы болу керек деп есептеймін. 

Еркін болыңдар, ешкімнен де, ештеңе­ден де қорықпаңдар! Алдыңғы өткен аға буыннан – «Алаштың» арыстарынан, ешкімнен де жаның аяулы емес. Қазақтың тағдыры шешілетін тұста қарабасыңды сағаттап, қарақан басыңның қамын күйттеп, сандыққа салып аман алып қалған жанның атасына нәлет! «Малым – жаным­ның садағасы, жаным – Арымның сада­ғасы». «Әдебиет – Ардың ісі». Ендеше қа­руың – қаламың қолда тұрғанда Ардың сөзін, Ақтың сөзін айтып өтіңдер! 

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сағындық РЗАХМЕТОВ, 

Ақтау қаласы