Тарланбоз тәлімгер тағылымы

Академик Зәки Ахметов – ұлттық әдебиеттану ғылымы тарихында, әсіресе қазақтың өлеңтану, абайтану, әуезовтану тәрізді күрделі салаларында салиқалы, сүйекті еңбектер қалдырған айтулы оқымысты.

Ұлттық поэтика, әдебиет тарихы мен теориясы, стилистика, текстология, жалпы сөз өнері, қоғамдық ой-сана, Алаш әдебиеті жайындағы тарихи-ғылыми қағидаттар мен құндылықтарды, негізгі ғылыми ұғымдар мен терминдер жүйесін, ғылыми тіл ерекшеліктерін, көркемдік дүниетанымға орай сөз қолдану тәсілдерін терең пайымдап, зерделеген білгір еді. 

Дарабоз білімпаздың адам­шылық, ізгілік, кісілік, ұстаздық, имандылық қасиеттері, мейірбан келбеті, мәселенің мәнісін жү­йелі, жинақы, бейнелі баяндап, аудиторияны намазға ұйытқандай еліттіруі, шабыттандыруы, әділ­дігі мен әдебі, қағілезділігі мен қырағылығы, сыпайылығы, сыр­баздығы қандай еді! «Академик» деп қол қою Әуезов пен Сәтбаевқа лайық, кейде өз-өзімнен ұяламын деуші еді. «Анам Ханша әнші еді, ел адамдары Абайды жақсы бі­летін еді, әнші-күйші, қиссашы, өлеңшілердің ортасы еді, әкем халық дастандарын тақпақтап, мәнерлеп оқып отыратын-ды» деп сыр ашатын. «Қазақтың мем­лекеттік қыздар педагогика инс­титутында ұстаз болып жүрге­німде Мәлік Ғабдуллин Акаде­мияға жарты айлық көлемінде қызметке алған еді. Сол бір жыл­дарда Әуезов Абай шығарма­ларының түп-төркінін сақтауға, жаңа ғылыми толық академиялық басылымын әзірлеуге басшылық жасады, бар қайрат-жігерін, бі­лімін сарқа жұмсады. Осы бір берекелі істің нәтижесінде Абай, Әуезов мұрасына ден қойғаным ақиқат. ҚазМУ-дегі дипломдық жұмысымның тақырыбы – «Абай­дың эстетикалық көзқа­расы» еді. Ғылыми жетекшім про­фессор Бейсембай Кенжебаев та, ресми сарапшы Мұхтар Әуезов болған-ды. Демек, осы ұстазда­рым­ның көшбасшылығы арқа­сында КСРО Ғылым академия­сының Шығыстану институтына аспирантураға қабылданғанда Абайдың шығармашылық өмір­баяны бойынша зерттеу жүргі­зетін ниетте бекінгенім рас», – деп Зәки аға ғылым жолына қа­лай түскенін аңдатушы еді.

«Іс үстінде өзім жүйрік, шар­шы топта сөзім жүйрік» дегендей, академик Зәки Ахме­товтің ғы­лыми-шығармашылық еңбегі­нің, ересен білімінің, жи­ған-терген тәжірибесінің, сөйлеу ше­берлігінің, даналық өнегесі­нің, шиыршық атып ой толға­уы­ның тегеурін-қуатын 1970 жылы ҚазМУ-де ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың докторлық диссер­тациясына ресми оппонент ре­тінде сөйлегенде барынша та­ңырқап тыңдадым. Сонда би­лерше толғанып-буырқанып шабыттанды. Докторлық зерт­теуді ғылыми-методологиялық көзқарас тұрғысынан талдап түсіндірді. Сөйтіп, зерделі ой-тұ­жырымдары киелі қауымды ерек­ше тәнті етті.

Ойы да, жүзі де жарқын зия­лыны көру, тыңдау бір қызықты кө­рініс қой. Сонан соң 1973 жы­лы Әди Шәріповтің докторлық диссертациясының авторефера­тын табыстадым. 1975 жылы Ака­демияның корреспондент-мү­шесі атанып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары әрі Қоғамдық ғылымдар бөлімше­сінің академик-хатшысы қыз­метін атқарды. Институттың ғы­лыми әлеуетін өркендетуге, ақыл-кеңес беруге, қолжазбалардың, диссертациялық жұмыстардың сапасын арттыруға, Әуезовтің дәстүрін жалғастыруға, ғылыми ойлаудың шарттарын мұқият сақтауға елеулі үлес қосты. Та­би­ғатына жарқылдап-саңқылдап жүру тән екен. Тағылым-тәжі­ри­бесімен, жазу өнерімен бөлісті. Ойды шебер, кестелі жеткізуге, шығарманың мазмұнын, сыр-сипатын тайға таңба басқандай айна-қатесіз танытатын айқын тақырып таңдауға үйретті.

1976 жыл болатын. Өлеңта­нушы менің «Қазақ өлеңінің әуез­ділік ерекшеліктері» дейтін диссертациямның қолжазбасын қопара оқып, ақтарып, жан-тә­німен құлағыңа құятын. Өстіп отырғанда, «Сен осы Әди Шәрі­повтің авторефератын әкелгенде, диссертацияңның алғашқы та­рауларын неге көрсетпегенсің?» деді. 2 жыл бұрынғы ЖОО-ның азан-қазан ғимарат ішінде көр­генін ұмытпапты. Бір сәтте ака­демик Мұхамеджан Қаратаев есік ашып кіріп келгенде, «Мұқа, ен­дігі жолы келерсіз, жұмыс тал­қылап отырмыз» деді. Міне, Зә­кеңнің ғылыми қолжазбаға деген ықыласты көзқарасы.

Институттың ғылыми кеңе­сінде талай-талай диссертант­­тың сілікпесін шығаратын-ды, шынайы ғылым жасау мақсатын­да арадай талайтын-ды. Жалпақ­шешейлік, мәймөңкелеу жоқ-ты. Мысалы, Тұрсынхан Әбдірахма­нованың, Бейсенғали Наурыз­баевтың, Едіге Тұрсыновтың, Мұхамедрахым Жармұха­медов­­тің, Ақтай Тұрбековтің, Тұр­лы­бек Сыдықовтың диссертация­лары. Сондай-ақ менің докторлық еңбегім. Зәки ағаның байсалды, салиқалы кеңестері өзгеше еді. Түйіндеп, тұжырымдап, жинақ­тап айтатын-ды. Абайдың 150 жылды­ғына орай бір топ ғалым өз алдына жеке-жеке еңбектерін жыпыр­латып ұсынғанда, солар­дың бар­лығын тастүйін қып бір мақсатқа біріктіріп, мемсыйлыққа ұсын­дырған-ды. Немесе Немат Келім­бетовтың ежелгі дәуір бо­йынша жазған оқулығының бө­лімдеріне жаңаша ат қойып, ғы­лыми дис­сертацияға айнал­дыр­ған-ды.

Әр ғалым өзінің жұмысын ұршықша иіріп, иін қандырып, терең толғағанды ұнататын. Шы­ғыстанушы С.Маловтың ММУ-де түркітанудан лекция оқитынын сүйсініп айтатын еді. ММУ-де де ондай мамандар бар, бірақ та С.Малов майталман ғой дейтін.

Зәки аға кісі көңілін қалдыр­майды, «адам баласын көркейсін, көсегесі көгерсін» деп тілейді. 1997 жылдың қыркүйегінде менің же­текшілігіммен Ербол Тілешов «Мағжан Жұмабаев поэзия­сын­дағы романтизм» деген тақы­рыпта КазГУ-де кандидаттық дис­сер­тация қорғамақшы еді. Зә­кеңе «Бірінші оппонент болы­ңыз­шы» деп қолқа салдым. Ке­лісті. Дәл сол күндерде Өскемен жақта Зә­кең­нің нағашысы көз жұмады, диссертацияны сол жақта жүріп оқып, пікірін жазады. Не деген қамқорлық! Не деген ірілік!

Бұл орайда академик Зәки Ахметовтың тағдыр анықта­ғыш­тық ұстанымын өз сөзімен өр­нектейік: «Өмірде адамның бір тірегі болу керек қой. Менің ті­регім – ғылым, әдебиеттану, зерт­теу, насихаттау (оқыту)».

Академик З.Ахметовке зама­на ғұламалары академик В.Жир­мунский (1891-1971) 5 рет, ака­де­мик М.Алексеев (1896-1981) 3 рет хат жазып, оның өлеңтануға әкел­ген айтулы жаңалықтарын атаған. Ал өзінің ұстазы, орхон жазба ескерткіштерінің білгірі С.Малов (1880-1957) 1949 жыл­дың 25 жел­тоқсанында жазған хатында «ме­нің 70 жылдық ме­рейтойымды атамаңдар, өйткені ретсіз мадақ­тау, қолпаштау менің жүрегімді тынышсыздандырады» депті.

Ұстазының осы бір жүрек­жарды лебізі шәкіртінің де бар болмысын жаулап алған сияқты. Өзім араласқан 30 жылдай уақыт ішінде Зәки ағаның харакетінен, сөзінен қылаудай мін көрмеппін.

Оның «Абай және Лермонтов» дейтін кандидаттық диссертация-сының ғылыми жетекшісі, көне түркі жазбаларының асқан білгірі, мәтінтанушы, КСРО ҒА коррес­пондент-мүшесі С.Малов, орыс әдебиеттану ғылымы бойынша кеңесші Еуропа, Шығыс әде­бие­тінің майталманы, «Едіге», «Қа­расай – Қази» жырлары хақында зерттеулер туындатқан В.Жир­мунский, Ислам тарихынан лек­ция оқыған академик И.Крач­ковский жас ғалымның ғылыми-шығармашылық әлеуетінің ке­мелденуіне әсер етті. Өзі де орыс, Еуропа, Шығыс халықт­арының әдебиетінен мол сусындады.

Орыс тілінде Пушкин, Лер­мон­тов, Некрасов поэзиясының мән-мазмұнын, рухын, астарын жыға танып, жатқа төгілдіретін сахараның жас наушасы Зәки Ахметов 19 жасында жасындай жарқылдап, яғни 1947 жылдың қыркүйегінен бастап 1949 жыл­дың мамырына дейін Ленин­град Мемлекеттік университетінің Шы­ғыстану факультетінде дәріс оқығаны қандай ғанибет де­се­ңізші! Жас болса да қазақ бала­сының шалқар білімін білім­паздардың ордасы, ойшылдар­дың ортасы кәдеге жаратты. Бұл де­геніңіз – тектіліктің, терең­діктің, зиялылықтың, пассио­нарлық құл­шыныстың нақты көрінісі ғой.

Академик Зәки Ахметов ұлт­тық өлеңтану ғылымында ай­рықша кесек ғылыми ой-тұ­жырымдар өрбіткен зерттеуші, оның «Казахское стихосложение» (1964), «Өлең сөздің теориясы» (1973), «Қазақ өлеңі теориясы­ның негіздері» (2002), «Поэзия шыңы – даналық» (2002) атты зерттеулері айғақ. Өлеңтанушы З.Ахметовтің көрсетуінше, поэ­зия тілі мен көркем формалар таби­ғатын ұғып-түсіну үшін өлең құ­рылысының ішкі құпиясын тек­­серіп-талдау, тану аса мәнді. Ра­­­сында, өлең – аса күрделі, сан қыр­лы құбылыс, халықтың көр­кем­дік дүниетанымы. Бұған Зә­кеңнің музыкалық қабілеті, яғни скрипкашылығы көмек­тескен.

Академик З.Ахметов шығыс­танушы Т.Ковальскийдің түркі поэзиясы тарихында ұқсастық пайда болуын ерте дәуірге жат­қызғанын қуаттайды. Академик В.Радлов түркі поэзиясындағы ұйқастың дамуы араб-парсы әде­биетінің әсерінен деп жазады. Ұйқасу реті аааб болып келу  Шығыс халықтары поэзиясына тән. Түптеп келгенде, осындай ұйқасым тәртібі Абайда бар, тіпті Махмұт Қашғариде де қолда­ныл­ған дейді. Яғни, өлең сөздің құрылымы – тарихи үрдіс.

Е.Бертельс Махмұт Қаш­ға­ридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасындағы кей­бір поэ­зиялық мұралардың ұй­қасқа құрылатынын орынды кел­тіреді. Академик В.Жирмун­ский мен Х.Зарифов түркі поэ­зиясындағы ұйқастың пайда бо­луын син­таксистік парал­ле­лизм­мен бай­ланыстырады. Академик Зәки Ахметов ұйқастың сон­шалықты жоғары дәрежеде дамуына, кең қолданыс табуы­на ұлттық поэзия тілінің бейнелі­лігі, сөздің табиғи әуезділігі, сөйлеудің ыр­ғақтық-синтак­сис­тік түзілісі ықпал еткен деген тұжырым жасайды.

Ұлттық өлеңтану ілімі тари­хында академик Зәки Ахметов ұйқастың фонетикалық жүйесіне, буын құрылысына, дыбыстар (дауысты, дауыссыз) үндестігіне, ырғақ табиғатына төркіндестігін терең зерделейді. Оның көрсе­туінше, ұйқас – поэзияның басты сипаты, тармақ соңындағы сөз­дердің үйлесімі, дыбыстық жара­сымдылықтар, өлеңнің ырғақ­тық-интонациялық құрылы­мы­ның айрықша тұрақты тетігі. Ұйқас – өлең сөзді тармақтарға жік­теудің көрсеткіші. Ол көр­кемдік сана айнасында поэзия­лық шығарманың ырғақтық жүйесіндегі негізгі элемент, тұтас буындарды әуезділікке көшіретін тәсіл. Асылында, ұйқастың ырғақ пен интонацияға ықпалы орасан, семантикалық, көркемдік мәні де ерекше.

Зәки Ахметов еңбегінде ұйқас құрамындағы дыбыстың сапасы, әуезділігі, толық мәндегі акусти­калық сәйкестігі, сингармо­ния­лық үйлесімдігі, түрлері (толым­ды, толымсыз, құрамды, редифті) ғылыми-теориялық тұрғыдан байыпталады.

Ол ұйқасты ұлттық көркемдік дәстүрлердің баюымен, өлең құрылысының күрделеніп ке­мел­денуімен біртұтастықта қарас­тырып, қазақ өлеңіндегі ұйқас жүйесінің жоғары деңгейде са­лаланып-сараланып дамуына ұлттық поэзия тілінің образды­лығы, сөздің табиғи әуезділігі, сөй-леудің ырғақтық-синтак­­систік түзілісі, ұлттың тарихи сана­сы ықпал еткен деген тұжы­рым жасайды.

Академик Зәки Ахметов түркі поэзиясындағы ұйқас гармо­ния­сы туралы ой өрбіткен шығыс­танушылар Ф.Корш, В.Гордлев­ский, Т.Ковальский, Е.Бертельс, эпостанушылар В.Жирмунский, Х.Зарифов сияқты оқымыс­ты­ларды ілтипатпен атайды. Ғұлама ғалым шумақ құрылысына тән сипат-белгілерді былайша көр­сетеді: 1) поэзиялық ойдың бел­гілі бір дәрежеде аяқталып тия­нақталуы; 2) өлең сөйлемдері синтаксистік-ырғақтық тұрғыдан толық мүсінделіп, интонациялық толқындануының аяқталуы; 3) шумақтағы тармақ санының тұрақтылығы; 4) шумақ жасайтын тармақтарда ұйқас тәртібі қатаң сақталады.

Қазақ өлеңінің теоретигі ха­лық поэзиясындағы ән-өлеңде­рінің түрлеріне (өлең, қара өлең, айтыс, қайым, жыр, толғау, терме, тақпақ), қазақ ауыз әдебиетінің байырғы өкілдеріне (жырау, жыр­шы, ақын, өлеңші), көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі мен стиліне зейін аударады. Қазақ­стан мен Орта Азия жерінде жаз­ба әрі ауыз әдебиеті жоғары дәрежеде да­мығанын және 7 буынды өлең­дерді қолданғанын атайды.

Ал 11 буын­­ды өлеңдер түркі халық­тары поэзиясында, атап айтқанда, өзбек, әзербайжан, қара­қалпақ, татар жырларында және тәжік-иран әдебиетінде бар. Ф.Корштың жазуынша, әзербай­жанда 11 буынды өлең, ырғақтық өрнегі 5+6, 6+5 түрі кең жайыл­ғ­ан. Осындай тоқы­лыс Ясауи хикметтерінде ұшы­расатынын Зәки Ахметов те көрсеткен.

XVIII ғасырда 11 буынды қара өлең үлгісі кең қолданыс тапқан. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясына арналған «Елім-ай» қара өлең үлгісімен буырқанып-бұрсанып айтылған. О заманда туған кесек дастандар, айталық, Жанақ жырлаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры және Абайдың «Ескендір», «Әзім әң­гімесі», «Масғұт», «Вадим» шы­ғар­малары қара өлең түрімен кестеленген. Қиссалар да осылай.

Шумақ, тармақ, бунақ, ұйқас құрылысына енгізген жаңалық­тарын ғылыми-теориялық тұр­ғыдан тексеріп таразылайды. Әсіресе, Абай Пушкин өлеңінің мелодиялық байлығын, түпнұс­қаның рухын, сырын, инто­на­циясының нәзік реңктерін, ыр­ғақтық суретін әсерлі жеткізгенін сипаттайды. Ауызекі сөйлеудің интонациясын кемелдікпен байытқанын тәптіштейді. Бұл орайда «Бай сейілді», «Ем таба алмай», «Тайға міндік», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Жалын мен оттан жаралып», «Қуаты оттай бұрқырап», «Қатыны мен Ма­сақ­бай», «Қор болды, жаным», «Сен мені не етесің?», «Сегіз аяқ» өлең­дері жаңашылдық құбы­лыстарымен қызықтырғанын қадап айтады.

Поэзия мұхитынан, сұлу­лық дүниесінен жеміс терген, жемі­сін елге берген алтын ағаның білім­дарлығына ділмарлығы, са­нат­керлігіне ар-ождан, рух тазалығы, көркем мінезі ұштас­қан еді-ау! Иә, ғұламаның мұ­ра­сында ұлт тілінің керемет сы­ры, рухы, көр­кемдігі, терең­дігі, да­налық дә­рістері білік­тілікпен сараланған.

1951 жылдың 5 қаңтарында «Абай және Лермонтов» деген тақырыпта кандидаттық диссер­тация қорғайды. Осынау кесек зерттеуде Абайдың аударма са­ласындағы үздік өнеріне, сөз сап­тау шеберлігіне, көркемдік ойлау жүйесінің тегеурін-қуатына барынша терең талдау жасайды. Абайдың Лермонтовпен иық те­ңестіріп тұратындығын әрі бә­секелес те рухтас екендігін келісті әңгімелейді. Қыруар салысты­руларды жүйе-жүйесімен жіктеп тексереді. Абайдың Лермонтовты құштарлықпен аудар-ғанының себебін ол «ерекше ызаның ақы­ны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп, өте-мөте бүйрегі бұ­рылып, ынтасы ауып, жүрегі қа­лап жақын тұтқанын зерде­лі­лікпен таразылап түсіндіреді.

Абай аударған Лермонтовтың «Ой» деген өлеңі жайында «Дү­ние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақыл­менен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де; жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан айтқан, азулы күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бәрі де осы өлеңнен молынан сезіледі» деп жазған. Демек, зерттеуші те­рең тамырластықты, төркін­дес­тікті, сарындастықты аңғарған.

Задында, Зәки Ахметов абай­тану мен лермонтовтануға жа­ңашыл құбылыстар енгізді. Жас ғалымның тұжырымды ой-пі­кірлерін академиктер Крач­ков­ский, Струве, Баранников, про­фессорлар Ефимов, Берков, көр­­некті лермонтовтанушы 

В.Ма­­нуйлов қолдап қуаттады. Сөйтіп, оқу мен жазуды, тыңдау мен сөйлеу өнерін, қысқа қа­йырғанда, бірнеше өнер түрін түбегейлі меңгерген рухани бал­ғын қасиеттің иесі Зәкең зиялы ойшыл қауымның, озат та үлгілі ортаның барша жақсылықтарын бойына тұтастай сіңірді. Осы кезде ұлттық әдебиеттану ғы­лымының болашақ ту ұстаушы­сы ретіндегі алғышарттары қа­лып­тасты. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғылыми жетекшісі, орхонтанушы С.Маловтың пікірін келтіре кет­кен дұрыс. Ол кісі: «Шәкіртімнің ғылыми танымының тереңдігіне, зерделілікпен ой толғауына, білім деңгейіне және еңбексүйгіштігіне дән разымын» деген екен.

Зәки Ахметов 1965 жылдың 2 ақпанында докторлық диссер­тация қорғағанда академик-жазушы Сәбит Мұқанов былай деген: «Өлең құрылысы туралы бұрын да аз жазылған жоқ. Зәки Ахметов соларды түгелдей елеп-екшеп, ескеріп, қазақ өлеңін жаңаша пайым, таным, көзқарас, тарихи зерделілік тұрғысынан терең зерттеген. Оның «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты зерттеу еңбегі – бұған дейін айтылмаған толымды, көңілге қонымды пікірлер айтуымен құнды».

Академик В.Жирмунский Зәки Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» зерттеуін түркітануға және өлең теориясына қосылған бағалы еңбек деп есептейді. 

Профессор Темірғали Нұрта­зин: «Өлең құрылысының нәзік құбылыстарын тамыршыдай дөп басып, жатық тілмен ұғынықты жеткізетін сирек талант иесі», – дейді.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Зәки Ахметов биік эрудициясымен баурайды, та­мыр-тереңімен қопара тексереді, аса білгірлікпен, үлкен мәде­ниетпен, білімдіге тән әдеп-иба­мен сөйлейді, жазады. Толға­ныс­тары мен талдаулары жан-жақты, терең, кең. Жан сарайының кір­шіксіздігі сондай, алыс-жақынға қылдай кінәрат келтірмейтіні былай тұрсын, өзінде тіпті тірі пендені жек көру сезімі атымен жоқ еді; адам атаулыға тек ғашық көзбен қарайтын. Қазіргі қазақ әдебиеттануының күмбезін тіреп тұрған күміс баған еді». 

Ұлт санаткері Зәки Ахметовтің әдебиет тарихы мен теориясы, ұлттық поэтика мен өлең жүйесі, абайтану мен әуезовтану жайын­дағы монографиялары Қазақ­станның гуманитарлық ғылымы тарихында жарқын белес болып есептеледі. 

Серік НЕГИМОВ,

Л.Гумилев атындағы 

ЕҰУ-дың профессоры