Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденгені айтылады.
Павлодарда ер адам  үш дауыстық хабарлама жібергені үшін төрт жылға сотталды
1,105
оқылды

Павлодар қаласының № 2 соты ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

 

Биылғы 1 қаңтарда мас күйде болған азамат WhatsApp мессенджерінің жалпы тобына мазмұнында ұлттық алауыздықты қоздыруға және қазақ ұлты өкілдерінің ар-намысы пен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған 3 дауыстық хабарлама жолдаған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттық дәлелдемелермен және сараптамалық қорытындылармен дәлелденгені айтылады.

Сот мәліметіне сүйенсек, ұлттық алауыздықты қоздыру және ұлттық ар-намыс пен қадiр-қасиеттi қорлағаны үшін (ҚК-нің  174-бабы 1-бөлігі) заңмен негізгі жаза ретінде ең жоғары мерзім 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

“Жасалған құқықбұзушылықтың ауырлығын, кінәсін толық мойындауын және шын жүректен өкінуін, асырауында екі жас баланың болуын ескере отырып, сот 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады”, – делінген ақпаратта.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.